Қолда өскен қояндар. Әбдіровтің лабораториясында бөтен ешкім жоқ

«Бәлкім, осы жолы әділ өтер» деген үмітпен сайлау өткізіп келе жатқанымызға отыз жылдан асты.
Қазірге дейін 9 парламент (біреуі Жоғары Кеңес), 7 президент сайлауы мен 3 референдум өтті. Өкініштісі – солардың көбі ел көңілінен шыққан жоқ. «Барлық жол Римге апарады» дегендей, барлық сайлау биліктің жеңісіне жетелейді. Содан да шығар, халық сайлау десе елең етпейтін болған. Дауыс беруге аса ынталы емес. Жеңімпазы белгілі жарысқа қатысудың мәні жоқ деп санайтын шығар.
Биыл 5 қарашада 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қалада әкім сайлауы өтті. Билік бұл науқанды елдің саяси процесін демократияландыру және азаматтарды мемлекетті басқару ісіне араластыру деп атады. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайтын болған. Енді сынақ ретінде аудандар мен қалаларда сайлау өткізіп отыр. Отыз жыл бойы орталықтан басқарылып келген Қазақстан үшін бұл үлкен жаңалық. Бұған дейін атқарушы биліктің кез келген тармағындағы басшыны жоғары жақ тағайындайтын. Тағайындалған басшы өз «қожайынына» ғана есеп береді. Халықпен мүлде санаспайды. Қызметінен кетерде президентке ғана алғыс айтатын әкім мен министрді талай көрдік. Мысалы, биыл шілдеде Алматы әкімі Ерболат Досаев «мені мемлекет басшысы тағайындады және жұмысымды да сол кісі бағалайды» деп ашық айтқан.
Әкім сайлау деген не?
Әкімді халық сайласа не өзгереді? Ең алдымен ол қызмет барысында еркіндеу болады. Халыққа арқа сүйейді, халыққа қызмет етеді. Мысалы, халық сайлаған аудан әкімі өзін облыс әкіміне тәуелді сезінбейді, оның бар тілегін орындауға міндетті болмайды. Сайлау мен тағайындаудың парқы үлкен. Кем дегенде жергілікті әкімдер өзінен бір саты жоғары басшының «өз адамы» болмайды.
Бірақ ол үшін сайлау әділ өтуі қажет. Сайлауды әділ өткізу бірнеше басқыштан тұрады. Ең алдымен әкім болғысы келген кез келген азаматты кандидат ретінде тіркеу. Екіншіден, әр кандидат тең мүмкіндікке ие болу, қызметтегі әкім билік ресурсын пайдаланбау. Үшіншіден, сайлауда көзбояушылық жасамау, бюллетень санағанда бұра тартпау. Мұнда халықтың белсенділігі мен өз құқығын қорғауға деген ынтасы да маңызды рөл ойнайды.
Саяси ғылымдар докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары Толқын Әуелғазина сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің айырмашылығы туралы айтты.
«Қоғам белсенділері Қазақстанда барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды көптен бері ұсынып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы 25 шілдеде елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Осы орайда сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің арасы жер мен көктей болатынын уақыттың өзі көрсетті. Жалпы тұрғындар үшін ауыл әкімінің мәртебесі биік. Себебі ауыл түтінінің түзу болмағы әкімге байланысты.
Сайланған әкім жергілікті тұрғындардың, алдымен өзін сайлаған халықтың алдында жауап береді. Өйткені ауылдық жерде сәтті жүргізілген жергілікті өзін-өзі басқару реформаларының арқасында сайланған әкімнің халық алдындағы жауапкершілігі артады. Халық өзі сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғары тұрған билікке емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни халықтың жергілікті билікті қалыптастыру мен жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі күшейеді. Сайланған әкім халықтың ойынан шығуға тырысады, билікке өз талаптарын халықтың атынан тіке қоя алады. Халық сенімінен шығу үшін белсене жұмыс істейді. Әкімнің қызметіне бағаны тұрғындар беретіндіктен, олардың қызметі жанданады, бұл ауылдың жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе тұрғындар оның мәселені шешуге қабілетсіз екендігін байқаса, есеп талап ете алады. Себебі үмітін ақтамаған әкімге халық екінші қайта сенім білдірмейтіні анық. Осылайша, халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді.
Ал тағайындалған әкім тікелей аудан, облыс әкіміне бағынып, көбінесе өзін тәуелді сезінеді. Нәтижесінде, тағайындалған әкімнің көпшілігі тұрғындармен ынтымақтаса жұмыс істей алмайды. Сондықтан ауылдық округтердің әкімдерін халықтың өзі сайлауының маңызы зор», – дейді саясаттанушы.
Әкім сайлау – орныңды сақтап қалу
Бірақ биылғы әкім сайлауы көне сүрлеумен кеткен сияқты. Саяси технологтар «демократия шыңына шығуға бір қадам ғана қалдық» деп жар салғанымен, әділдікті белден басқан әрекеттер көп болды. Кандидаттарды тіркеу басталғанда шетелде білім алған «Болашақ» түлектерінің өзі тіркеле алмай, есік сыртында қалды. Өз ауылымды дамытсам деген білімді жастардың бетінен қағу арқылы, демократияның ауылы алыс екенін көрсетіп берді.
Оның үстіне 5 қарашада өткен сайлауда көбіне бұрынғы әкімдер немесе олардың орынбасарлары жеңіске жетіпті. Сайлау қорытындысына сүйенсек, 29 аудан мен облыстық маңызы бар қалада бұрынғы әкім креслосын сақтап қалған. Тағы 12 аудан мен қалада бұрынғы әкімнің орынбасары атқа қонған. Ең қызығы, Ақмола облысы Астрахань ауданында сол облыстағы Бұланды ауданының әкімі жеңіске жетті. Демек, 45 әкімшілік орталықтың 41-інде бұрынғы әкім немесе орынбасары қайта сайланып, 4 әкім ғана жаңадан келген. Оның екеуі аудандық мәслихат төрағасы екен. Сонда «сырттан келгендер» екеу ғана! Түркістан облысы Бәйдібек ауданы мен Ақмола облысы Есіл ауданында бизнес өкілі әкім болыпты.
Қысқаша сайлау қорытындысы – осы. Көп ештеңе өзгермегенін көріп отырмыз. Оның үстіне сайлаудың өзі аса дабырасыз өтті. Тіпті біршама жұрт әкім сайлауы болып жатқанын білмей де қалған сияқты. Билік әу баста алаулатып-жалаулатып бастаған жобасын неге «жетім қыздың тойындай» елеусіз өткізгені белгісіз. Сайлауға тіркеу басталар қарсаңдағы елдің белсенділігінен сескенді ме екен, сайлаудың өтетінін алғашында жарнамалап баққанмен, кейіннен тым-тырыс бола қалды. Сөйтіп, «халықты мемлекетті басқару ісіне араластырамыз» деген ұран да ұмытылып барады. Соған қарағанда, елде бірден демократия орнатып тастауға биліктің өзі құлықты емес сияқты. Алғаш әкім сайлауы өтетіні белгілі болғанда билікке жақын тұлғалар «елде ашықтық, әділдік, теңдік орнады» деп жарыса жазды. Соған қарамастан, сын сағатта саяси науқан назардан тыс қалды. Нұрлан Әбдіров басқаратын Орталық сайлау комиссиясы таратқан «сайлаушылардың 62,79 %-ы дауыс берді» деген ақпараттың өзіне елең еткен жан аз болды.
Тәуелсіз бақылаушы Гүлзада Жұмақанованың халықтың сайлауға қатысу белсенділігі өте төмен болғанын айтады.
«Мұқалмас» тәуелсіз бақылаушылар ұйымынан Ұзынағаш ауданындағы №270 сайлау учаскісінде бақылаушы болдым. Жамбыл ауданы әкіміне үш адам ғана кандидат болыпты. Халқы өте көп ауданға үш кандидат аз деп есептеймін. Әкім сайлауына халық аса белсене қатысқан жоқ. Мен отырған учаскіде сайлауға тіркелгендер саны – 2 316 екен. Соның – 285-і ғана дауыс беруге келді. Яғни, белсенділік – 12% ғана болды. Алматыдан үш бақылаушы барған едік, біздің бақылаушылар жұмыс істеген өзге екі учаскіде де халық өте аз келді – №272 және №276 учаскіде белсенділік 1% және 14% болды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ең қызығы, басқа учаскілерде көрсеткіш өте жоғары – 58-60%-ға дейін жеткен. Менің ойымша бұл мүмкін емес, дұрыс бақылаушы болмаған сияқты. Әкімнің 58 мың дауыс жинағаны да күмәнді деп ойлаймын. Біз бақылаған учаскілерде заң бұзу әрекеті болған жоқ», – дейді бақылаушы.
2001 жылы елімізде сынақ ретінде америкалық модель бойынша әкім сайлауы өткен. Сол кездегі 14 облыстың әрбірінен екіден 28 әкім сайланды. Ол кезде ОСК-ні депутаттарға «Парламентке қалай келгендеріңді ұмытпаңдар!» деп, сайлауды әділетсіз өткізгенін бейресми түрде мойындап (!) қойып, басы дауға қалған Зағипа Балиева басқарып тұрған. Бірақ ол науқан сынақ күйінде қалып, қолданысқа енбеді. Осы жолғы аудандар мен қала әкімін сайлау да сынақ ретінде өтіп жатыр. Демек, нәтиже көңіл көншітпесе, бұл жоба да бесігінде тұншығуы мүмкін. Сөйтіп, біздің билік астыртын түрде жиі айтатын «халық әлі демократияға дайын емес» деген уәжін нықтай түседі.
Ал, Әбдіровтің лабороториясында бөтен ешкім жоқ. ОСК қорытындысына қарасақ, тәжірибе үшін өткізіліп жатқан бұл сайлаудың қорытындысы шыққаннан кейін де бас бұзар, бұра тартар ешкім бой көрсете қоймады. Бәрі – қолда өскен қояндар. Тәжірибе жасауға әбден болады.
Қуаныш Қаппас