Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:39, 21 Қараша 2022

Көлдің суын ішіп отырғандар бар

None
None

Солтүстік Қазақстан облысындағы Виноградовка ауылының тұрғындары 15 жылдан бері көлдің суын ішіп отыр.

 

Виноградовка ауылы облыс орталығына тиіп тұр. Ара қашықтық 50 шақырым ғана. Алайда мұнда өркениет жете қоймаған тәрізді. Тұрғындар ата-бабаларының жолымен ауыл маңындағы көлден су алып ішіп отыр. Оның өзі соңғы жылдары құрғай бастап, батпаққа айналып жатыр. Виноградовкада шамамен 15 жыл бұрын су болған. Құбырмен келген су сағаттап берілген. Бірақ су мәселесін шешу мақсатында қаражат бөлініп, салынған ұңғыманың суы ішуге жарамсыз болып шықты.

– Оның суын ішуге болмайды, улы, денсаулыққа зиян. Ұңғыманың суын ішеміз деп ауыл халқының жартысы ауру болды, бүйректері ауырады, қатерлі ісік ауруымен есепке алынғандар көп. Сондықтан да ұңғыманың суын пайдалануға қорқамыз, – дейді елдімекен тұрғыны Валентина Трубчинская.

Былтыр ауылда су құбырын тарту жұмыстары басталған. Жергілікті билік топтық су құбыры салынады деп сендірді. Жоба бойынша 14 км құбыр тартылып, сорғы стансасы мен тарату желісі істелінуі керек еді. Алайда жұмыс бір аптаға ғана созылып, тоқтап қалды.

– Жоба ескірген, сондықтан оны жаңарту керек деп айтты. Елдімекенде 500-ге жуық тұрғын бар. Олардың басым бөлігі зейнеткер, яғни бір жақтан су тасып әкелуге мүмкіндіктері жоқ. Таза суды қанша күтуге болады? – дейді В. Трубчинская.

Ауыл тұрғындары көлден әкелген суды матадан бес рет өткізіп, қайнатып барып қана тамаққа қолданады. СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыста сумен қамтылмаған 226 елдімекен бар. Былтыр осы мәселені шешуге 10,3 млрд теңге жұмсалса, биыл 12,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қомақты сома 55 елдімекенге жұмсалмақ. Нәтижесінде 12 елдімекенде сумен қамту жүйесі жақсарады. 10 ауылға таза су келмек, ал қалған 33 елдімекенде басталған жұмыстар келер жылы аяқталады.

Тегтер: