Көлеңкелі бизнеске жол ашқан заң 23 мыңкәсіпкерді жұмыссыз қалдырды

20 маусымнан бастап Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды. Бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес.
Өткен аптада ғана елорданың басты көшелерінде вейп-дүкендердің жарнамалары самсап тұрған, бүгінде бұл дүкендердің бірі жұмысын тоқтатса, енді бірі темекі өнімдерін сатуға көшті. Вейптер үшін енді қылмыстық жауапкершілік бар. Зиянды өнімнің айналымын тыюды көздейтін арнайы бап енгізілді. Оған сәйкес, шегуге жатпайтын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға шектеу қойылған. Тек ол ғана емес, жарнамалауға да тыйым бар.
Заңды қарастырған депутаттар мен денсаулық сақтау министрлігі вейптің денсаулыққа зиян екенін айтуда. Жиырмасыншы маусымнан бастап вейп саласында жұмыс істейтін 23 мыңға жуық кәсіпкер жұмыссыз қалды. KazSpirits қауымдастығының басшысы, белсенді Дмитрий Жуков салынған тыйым кәсіпкерлерді табысынан айырып қана қоймай, аталған саладағы көлеңкелі бизнестің дамуына жол ашады дейді.
«Бұл тыйымның зардабы шағын бизнес өкілдері – дистрибьюторлар мен сатушыларға тиіп отыр. Әдеттегідей шағын бизнес өкілдері болған соң, оларға келген шығынды ойлайтын ешкім жоқ. Лоббистер депутаттардың қолымен от көседі, ал бизнес бұл тығырықтан өзі шығуы керек. Қаншама кәсіпкердің миллиондаған берешегі бар. Бір-екі жылдан кейін аталған тыйымды алып тастауға тура келеді. Себебі бұл елге әкелуі мен жасалуы жағынан қиын тауар емес. Мектеп оқушылары никотин мен қыздырғыш арқылы лезде-ақ вейпті қолдан жасай алады. Заңның күшіне енгенін талап еткен шенеуніктердің бәрінің бір ғана аргументі бар, ол – денсаулыққа зиян. Ал оның денсаулыққа қаншалықты зиян екеніне қатысты елде жүргізілген нақты зерттеулер жоқ», – деді Дмитрий Жуков.
Қазақстанның темекі нарығы операторлары қауымдастығының мәліметінше, елімізде никотинді жеткізудің электрондық жүйелерінің үш мыңнан астам мамандандырылған бөлшек сауда дүкен тіркелген. Сондай-ақ лицензия бойынша вейптерді сататын үй жанындағы жеті мыңға жуық дүкен бар.
Өртке оранған Rixos Khan Shatyr Residences-ке мемлекет қол ұшын созады...
Секторда заңды түрде жұмыс істейтін, тек сертификатталған және таңбаланған тауарларды сататын кәсіпкерлер қалған тауарларын не істейтіндерін білмей отыр. Қауымдастықтың мәліметінше, вейп-индустрияда бизнесті дамыту үшін 2,5 мыңға жуық адам несие алған.
«Мен екі жыл бұрын банктен 8 миллион несие алып, сол жағалаудағы Сығанақ тұрғын-үй кешенінің астынан вейп сататын дүкен аштым. Банктен алған несием дүкенді жалға алу, ішіне сөрелер дайындау, дизайн, касса, компьютер деген сияқты шығындарға кетті. Одан бөлек, Қытайдағы зауытқа берешектерім бар. Мен қарызға алған тауарларды зауыт кері алмайды, екі ортада далада қалайын деп отырмын. Дүкенімді 20 маусым күні жаптым. Отбасымды асырап, балаларымның оқуын төлеп отырған кәсібіміз еді. Бұл тыйым мен сияқты қаншама адамды жеп отырған нанынан айырды. Сол жастар вейпке тыйым салса, дүкенге барып темекі сатып алмай ма?! Мұның артында темекі бизнесінің өкілдері тұрғанын бәріміз білеміз, вейптердің зияны туралы тапсырыспен небір материалдар жазылды. Олардың PR компанияға миллиардтаған ақша бөлгенін естідік. Біз сияқты шағын бизнес өкілдері ондай алыптарға төтеп бере алмайтынымыз анық. Мемлекеттің шағын бизнес өкілдеріне көрсеткен қолдауы осы ма?! Күні кеше Астанада өртенген Rixos Khan Shatyr Residences тұрғын үйі кешенін әкімдіктен жөндеуден өткіземіз депті. Ол жерде кілең ауқаттылар тұратыны айтпаса да түсінікті. Барлық көмек пен қолдау бай-бағландарға ғана жасалып, біз сияқты өз күнін өзі көріп, мемлекетке қыруар салық төлеп келген кәсіпкерлерге не істесең де өзің біл деп отыр. Бұлай тыйым салатындары бар, о баста рұқсат беріп, тауарды таңбалатып, акциз үшін салық жинаудың не қажеті болды?! Несие мен тауарды алып, қазынаға салықты төлетіп алды. Мемлекеттің ұпайы түгел», – деді кәсіпкер Мейрамгүл Жанатқызы.
Қазақстан темекі нарығы операторлары қауымдастығының төрағасы Малика Цхай әрбір кәсіпкердің мойнында кемі 10 миллион теңге несиелік берешек бар деп отыр.
«Бөлшек тауар сатқан әр кәсіпкердің банк алдындағы берешегі кемі 10 миллион теңге. Көтерме сауда өкілдерін қосқанда қазақстандық импорттаушылардың қарызы шамамен $20 млн. Кәсіпкерлерге тауарларын сатуға бар-жоғы 60 тәулік берілді. Әкімшілік және Қылмыстық кодекс күшіне енгенге дейін сатылмаған тауар саны 7 миллионды құраған, оның жалпы сомасы 28 миллион доллар. Әлі шетелден тауары келмеген кәсіпкерлер вейптерді кімге сатады?» – деді Малика Цхай.
Ассоциацияның бізге берген мәліметінше, 2023-2024 жылдары ел қазынасына вейптер мен электронды темекілерден түскен акциз 50 млрд теңгені құраған. «Біздің индустрия экономикасының секторы 180 миллиард теңге. Елде атыс қаруына тыйым салынған кезде, ІІМ оны сатып алды. Рөлі оң жақтағы көліктерге тыйым салынған кезде мемлекет оларды да сатып алды. Адамдарға бизнеске салған ақшалары қайтарылды. Біз барлық шығындарды өтеп, мемлекеттің вейптерді сатып алуын сұрамаймыз. Бірақ қаржы министрлігі акциздерді қайтаруы тиіс», – деді қауымдастық төрағасы.

Акцизді қайтару арман ғана
Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тауарларды елге заңды түрде әкелу кезінде жасалған акциздер ғана төленеді. Бірақ мұнда да қосымша шарттар қажет. «Салық кодексінің 468-бабына сәйкес мемлекет тауардың бүлінуі немесе жоғалуы ТЖ шеңберінде немесе ресми деңгейде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде болған жағдайда ғана акцизге төленген соманы кәсіпкерлерге қайтара алады» делінген.
Демек, кәсіпкерлердің акциз қаржысын қайтарып алулары екіталай. Күшіне енген жаңа заң бойынша вейпті сатқандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Төлей алмаған жағдайда 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Электронды темекіні шекара асырып, елде өндіргендерге де жаза қарастырылған. Мұндай жағдайда 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл міндеттеледі. Ережені ескермей, қылмысты бірнеше рет қайталаған жағдайда темір торға қамау қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, вейптардың зияндығына қатысты жүргізілген соңғы зерттеу нәтижесін сұрадық.
«Вейптерге тыйым салу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес енгізілді, ол халықтың денсаулығын сақтауға және қоғамдық әл-ауқатты жақсартуға, атап айтқанда, жастарды қорғауға бағытталған.
Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы үнемі электрондық темекі/вейп тұтынады. Тұтану мен түтіннің иісі болмағандықтан, ата-аналар балаларында никотинге тәуелділіктің дамуын ұзақ уақыт бойы байқамайды. Вейптерді қауіпсіз деп санауға болмайды. Оның құрамында канцерогендермен бірге ағзаны улайтын зиянды қосындылар мен уытты қоспалар бар, сондай-ақ металл іздері немесе қыздырғыш элементтің, темекі құрылғысының басқа бөлігінің іздері бар. Бұдан басқа, девайстар атылып, тұтынушы адамды жарақаттауы мүмкін. Осы жылдың мамырында жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 75,6% пайызы хош иістерді ұнатса, 72,7 пайызы темекімен салыстырғанда зиянды емес деп есептейтіндерін айтты. Бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны жасырын емес. Тіпті қыздар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Сәйкесінше, жастар оны девайс, гаджет деп таниды», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.
Айжан Қалиева,
Астана қаласы