Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 15 Маусым 2023

Көлгінов енді қай көлге қонады?

None
None

Өткен аптада Көлгінов қызметінен кетті. Кетірді. Кететіндей болып қалғаны рас еді.

Оның үстіне, екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма, үкімет ауысар қарсаңда премьер-министр болады екен деген де әңгіме тараған. Смайылов қызметінде қалған соң, бұл оның орынбасары болып барды. Бірнеше жылдан бері бірінші болып үйреніп қалған адамға екінші болу оңай емес қой, Смайыловпен тіл табыса алмапты деген де сөз бар.

Алтай Сейдірұлының «Көлтауысар Көлгінов» деген елдің қойған ерекше есімі бар. Қазақтың аңыз-ертегілерінде «Көлтауысар» деген атақты тек қана мешкейлерге беретінін ертегі тыңдап өскен әр қазақ баласы жақсы білсе керек. «Көлтауысар» деген лақап аты оның Астана әкімі болып тұрған кезінде ақшаны оңды-солды, есепсіз шашатын «ерлігіне» берілген есім ғана емес, оның Астанадағы Талдыкөлге қатысты дауды бастап бергенімен де байланысты.

Біреулер Сейдірұлын сүйкімді шенеунік депті. Уәжі былай: ауылда туыпты, мектепті де, университетті де қазақша оқыпты. Қазақ тіліне жүйрік көрінеді. Осы әсер етті ме екен, Көлгіновтің мансап жолы өте жылдам өсті. Өмірбаянын қарап отырсаңыз, 2013 жылы БҚО әкімінің орынбасары болады да, бір жылдан кейін Орал қаласының әкімі болып шыға келеді. Үш жылдан кейін облыс әкімі. Тағы үш жылдан кейін Астана әкімі.

Оралды оңдырмаған...

Батыс Қазақстан облысын 38 жасында басқарды. Қырыққа жетпей жатып, сол кездің өзінде оралдықтар арасында «ізін құйрығымен жауып жүретін әкім» деген ат алып үлгерген. Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла бір жазбасында Көлгінов көгертпей кеткен батыстағы шаруалар туралы тізе келіп: «Орал маңындағы жерлер мен салынады деп жыр болып келе жатқан қала маңындағы «Ақжайық» шағын ауданын, соның иелігінде делінетін Теректі мен Бәйтерек ауданы маңындағы қожалықтарды тексерсін. Әсіресе енді саламыз деп Төреғалиев жанталасып жатқан «Ақжайық» шағын ауданындағы жердің астына салынған құбырға кеткен қаржылар мен талтүсте тоналған бағаналарды санасын», дейді.

Көлгінов әкім болып барған жерінде бұрынғы кадрларды қаңғыртып, тентіретіп жіберетін, топ құрғыштық өнері бар екені де көп айтылады.

Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған жылдары белгілі журналист Лұқпан Ахмедьяров Көлгіновтың бюджет есебінен бағасы 56 миллион теңге тұратын Audi A8 L көлігіне тапсырыс беріп, сатып алғанын анықтаған-ды. Жауапкершіліктен жалтару үшін әкім «айына елу мың теңгеге жалдап алған көлік» деп құтылғысы келген, алайда іле-шала өтірігі ашылып қалады. Сонда да былқ етпей қызметін жалғастыра берді. Сол жылдары журналистер Көлгіновті орынбасарымен бірге Дубайдағы «Формула-1» автожарысынан байқап қалған болатын. Көлік сүйгіш Көлгінов сонда әлгі Audi-ды әкімдік жұмысына емес, автожарысқа дайындалу үшін алған жоқ па екен?..

  

Көлгіновті Астана қалай қарсы алды?

Астана Алтай Көлгіновті құшақ жайып қарсы алған жоқ. Өйткені бұл елдің шеті Орал емес, бұл Қазақстанның жүрегі бас қала болатын. Мұнда көпбалалы аналардың мұңы, ашулы халықтың ай сайынғы шеруі, ипотекалық проблемалар, алты ай қыстың қарлы-бораны, ауыз су, жарық, жол – Көлгіновтің көңілін көтере қоймады. Дегенмен «ізін құйрығымен жауып жүретін» әкімге мұндай проблемалы қаланы басқару қалтасын қампайтуға таптырмайтын орай болған сияқты.

Біреулер Көлгіновтің «көктемі» Астана әкімі болғаннан кейін туды деп айтады. «Атың шықпаса жер өрте» дегенді Көлгіновке қаратып айтса болатындай. Алтай Сейдірұлы Астанаға келген жылы бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған коронавирус пандемиясы басталды. Ауру асқынып, күн сайын қанша мың шаңырақ қара жамылып жатты. Ал Астана әкімі қала күні мен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін отшашумен атап өтті. Жер өртеген емей немене? Астана күнін өткізеді дегенге індет жайылып, күн сайын жүздеген отбасы қара жамылып жатқан қаралы шақта ешкімнің сенбегені рас. Бірақ Көлгінов дәрі таппай, дем жетпей дымы құрып жатқан жұртқа шоқ-шоқ дегендей бірнеше миллион теңгеге отшашу атып, халықтың жүйкесіне әбден тиді. Көлгіновтің көзін шел басқан алғашқы оқиға осы болатын.

Имиджге құмар, шыршаға үйір

Одан кейін Көлгінов өзінің имиджі үшін мемлекет бюджетінен миллиондарды желге ұшырды. Әкім болып тағайындалғанына екі ай да өтпеген кез. Тамыз бен желтоқсан айларына «Астана әкімдігінің жағымды имиджі үшін» бюджеттен 36 миллион теңге бөлдіріп, Dasco DataCom ЖШС компаниясымен келісімшарт жасасып, Facebook, ВКонтакте, Одноклассники, Инстаграм желілерінде Көлгіновтің имиджі үшін үлкен команда күндіз-түні жұмыс істеді. 2020 жылы аталмыш компания 89 миллион теңгенің тапсырысын алады. Сол жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің медиа-орталығына ақпараттық-коммуникациялық қолдау көрсету үшін Көлгінов New Vision LTD ЖШС-іне 267 млн 857 мың 142 теңге бөледі. Қала имиджін көтеру деген бос әңгіме екенін бәріміз іштей түсінеміз, бұл миллиондар Көлгіновтің беделін көтеру, атақ-абыройын аспандату үшін қазынадан бөлінген қаржы. Бірақ қара басыңның қамы үшін бюджеттің бүйіріне қол сұққаның қалай деген ешкім болған жоқ.    

Астананы басқарған жылдары Көлгіновтің жаңа жылдық шыршалармен де аты шықты. Тәуелсіздік мерекесін қарсы алмай жатып шаһар басшысы қаланы безендіруге кірісетін белсенді әкімге айналып үлгерді. Сөйтсек, оның да тасасында миллиондардың жыры жатқан екен. 2020 жылы Астананы безендіруге 311 миллион теңгенің төрт лоты жарияланады. Бірінші лот – 79 937 500 теңге. Бұл сомаға Республика даңғылынан Бөгенбай батыр, Сарыбұлақ бұлағы мен Есіл жағалауы аймағын қыстық кезеңге дайындау міндеті жүктелген. Екінші лот – 79 464 285,71 теңге, оған Сарыбұлақ бұлағы, Көктал, Ұлытау, Қайнар, Баршын көшелері мен Тілендиев даңғылы, Тілендиев тұйық көшесінен Есіл өзенінің жағалауына дейін және теміржолдарды жаңа жылға дайындау, безендіру. Үшінші лот – 79 464 285,71 теңге. Соңғысы 72  429 464, 29 теңгенің лоты. Бұл сомаға да қаланы безендіру жүктелген. Коронавирус асқынып тұрған уақытта Астананы бір күндік жаңа жылға дайындау үшін бюджет қаржысын осыншама бей-берекет шашу – Көлгіновтің ғана қолынан келсе керек-ті.   

Астана – LRT деген бетон бағаналарымен «әйгілі» шаһар. Көлгіновтің айналасындағылар экс-әкімді LRT-ға қатысы жоқ адам сияқты көрсетуге тырысады. Бірақ үш жыл қаланы басқарып тұрған кезінде әр бағанасы 20 миллион теңге тұратын жемқорлықтың символына Көлгінов қандай үлес қосты? Жүрген жерінде қазынадан 50 млрд теңге бөлінгенін, жобаны қытайлықтар алып, жұмысты бастап кеткенін айта-айта Алтайдың жағы талған сияқты. Соңғы сұхбатында «LRT туралы енді ешнәрсе айтпаймын», деп шарт кетіпті. Астананы тағы үш жыл басқарғанда әлгі жемқорлықтың символы болған бетон бағаналарға Көлгіновтің де «қолтаңбасы» қойылар ма еді, кім білсін? Біреулер оның ең ұлы өкініші LRT жобасын аяқтай алмағаны деп жүр. «Аяқтай алмағаны» дегенді жұмсартып айттық, әйтпесе, бұл жерде де көкейді тескен миллиардтардың мүддесі тұрған жоқ па?  

Сөз басында «Көлтауысар Көлгінов» дедік қой. Бұл теңеуді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің Көлгіновтің қаланы безендіруге бөлген қаржыға іші ашығанда айтқан сөзі еді. «Көлгінов қаржыны көлдей жұтып жатыр. Бұл масқараға тоқтау қою керек қой. Пиарына деп бір алды, мессенджерлердегі «жағымды пікірге» деп тағы алды. Жаңа жылдық безендіруге 311 млн-ды шашты», деген ертеректе «Жас Алашқа» берген сұхбатында.

Көл демекші, Көлгіновтің аты аталған жерде Талдыкөлдің де тағдыры көз алдыға көлденеңдей қалады. Астананы басқарып тұрған жылдары «Үлкен Талдыкөлді сақтап қалуымыз керек», «Кіші Талдыкөл көл емес, қаланың кәріз суларының жиынтығы. Сасық иісі кетеді, айналасын абаттандырамыз» деген болатын. Ал астаналықтар кіші көлдің алажаздай шыбын шіркей қаптап, құрттап, шыбындап жататынын айтып әлі зарлап отыр.

Көл дегенде… «Бұл көл сасып кетті, басқа көлге барамыз», деп, өздері былғаған көлден өздері безінетін үйректер туралы бір әпсана еске түседі… Жұмсақтап айтқанда «… аман болсаңдар, ол көлді де сасытарсыңдар», деп аяқталатын. Көлгінов енді қайда барар екен?..

Тегтер: