Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:20

“Қолын арқанмен атқа байлап, далада сүйреген”: Жетісудағы жантүршігерлік оқиға

Ақүй
Фото: БАҚ

Жетісу облысы Ақсүй ауданына қарасты Баласаз ауылында қанды оқиға болды. 

32 жастағы Айзат Жұманова туыстарының айтуынша, адам сенгісіз қатыгездікпен өлтірілген. Күдікті — оның күйеуі Айбар Жанболат. Марқұмның туыстарының айтуынша, алдымен екеуінің арасында жанжал болған. Одан кейін бірнеше сағатқа созылған аяусыз қорлау басталған. Айзатты қатыгездікпен ұрып-соққан.

Медициналық қорытынды: жабық бас-ми жарақаты, ми ісінуі, миы шайқалуы, бас сүйек негізінің сынуы, аяқ-қол мен жамбас сүйектерінің көп жерден сынуы, денесінде ірі жаралар мен сүйреткен іздері анықталған.

Туыстарының айтуынша, Айзаттың қолын арқанмен байлап, аттың еріне байлап, оны далада сүйреген болуы мүмкін.

Бұл — ежелгі жаза ритуалын еске түсіреді. Қол-аяғын байлап, сүйреген. Ақыры денесі адам танымастай болды, -  дейді көз жасына ерік берген анасы Салтанат Жұманова.

Марқұмның күйеуі ауылда мал шаруашылығымен айналысқан, жылқысы көп болған. Сондықтан Айзаттың жарақаттарының сипаты — тізе терісі сыпырылған, саусақтарының буыны шыққан, сіңірлері үзілген, денесінің әр жері терісі сыпырылып, қан-жоса болған — оны тек ұрып-соғу емес, қинап азаптағанын аңғартады. Ең қорқыныштысы — білегіндегі жарақаттар.

Айзаттың сіңлілерінің айтуынша, олар марқұмды жерлеуге дайындағанда, оның білектерінде тері қалмаған. Тері түгел сыпырылып, еті көрініп тұрған.

— Киімін шешкенде біз жылап жібердік. Анам сол сәтте есінен танып қалды. Денесінде аман қалған бірде-бір жер жоқ еді. Оны азаптаған. Мен 30 жыл фельдшер болып істедім. Мұндай жарақатты құлап немесе ұрсысып қалу салдарынан алу мүмкін емес. Бұл — ұзақ уақыт жермен сүйрелудің салдары, - дейді апасы Раушан Дәуренбекова.

Туыстары Айзаттың жүкті болғанын да айтады. Оның үстіне, бұл сұмдық жайттың бәрі екі жастағы қызының көз алдында болған. Қазір бүлдіршін ауыр психологиялық күйзеліске түскен.

— Қазір сөйлей алмайды. Таңертең «мама, мама» деп сыбырлап, басын ұстайды. Көлеңкеден қорқады, түнде ұйықтамайды. Бәрін көрген, бірақ ештеңе айта алмайды. Ол — жалғыз үнсіз куә, - дейді туыстары.

Полиция мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі 02:30-да Талдықорған облыстық ауруханасына жеткізілген. Жарты сағаттан кейін дәрігерлер оның көз жұмғанын ғана тіркеген.

Бірақ туыстары бұл мәлімдемеге сенбейді. Олардың айтуынша, Айзат ауруханаға жетпей қайтыс болған. Оның үстіне, оны ауруханаға апармас бұрын жуындырып, басқа киім кигізген. Киімінде қан да, жара да болмаған. Бұл — қылмыстың ізін жасыру әрекеті, дейді туыстары. Күйеуі ауруханада да мас болып, агрессивті мінез көрсеткен.

Тағы бір маңызды жайт — Айбар біраз уақыт бұрын Қапал ауылының әкімі қызметіне кандидатурасын ұсынған. Кейін ол әйелінің екінші қабаттан селфи жасап тұрып құлап қайтыс болғанын айтқан.

Алайда полиция бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі «Адам өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша іс қозғаған.

Туыстары мұндай баппен келіспейді. Олар істі «Айрықша қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» деп қайта қарауды талап етеді.

— Бұл жай «абайсызда өлімге соқтырған» іс емес. Бұл — азаптау. Әдейі және жоспарланған. Одан кейін қылмыстың ізін жасыру әрекеті болды. Ол не істеп жатқанын білген, - дейді туыстары.

Айзат Жұманованың ісі көпке мәлім болған Салтанат Нүкенованың қазасына ұқсайды. Енді бұл оқиға да қоғамда кеңінен талқыланып, әділетке қол жеткізіледі деген үміт бар.