Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Көлік кілті – бостандық құны: Мақатаевтың ұлы әкесін қорлаған блогерді кешірді

Мақатаев
Фото: zhasalash.kz

Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты ақын Мұқағали Мақатаевты қорлады деп айыпталған блогер Алишер Теменовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты.

Бүгін, 16 маусым күні, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев сотта блогерді кешіріп, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұған дейін ол моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өндіруді талап еткен болатын.

Сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне шыққан сәтте блогер Жұлдыз Мақатаевқа екі миллион теңге қолма-қол беріп, автокөлігінің кілтін де тапсырды. Сонымен қатар тағы бір миллион теңгені он күн ішінде төлеуге уәде беріп, кейіннен көлігін қайтарып алатынын айтты.

Алишер Теменов өз сөздеріне байланысты барша халықтан кешірім сұрап, арнайы видео жариялайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, былтыр 8 қазанда блогер Алишер Теменов ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ауыр сынға алып, оны «сорлы еркек» деп атағаны қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Осыған байланысты ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерді сотқа берді. Іс Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында, судья Бейнегүл Қайсынаның төрағалығымен қаралып жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 131-бабы 2-бөлігі — «Қорлау» бойынша қаралды.

Теменов сотқа өзінің қоғамдық қорғаушысы Мейірман Шекеевпен бірге келді. Ол әлі адвокат таппағанын айтты. Сонымен қатар блогер сот залында бейнежазба жүргізуге қарсылық білдірді.

Қорғаушы Шекеевтің айтуынша, Теменов ақынның туған жері — Қарасаз ауылының тұрғындарынан кешірім сұраған. Алайда Жұлдыз Мақатаев бұл жеткіліксіз екенін айтып, жалпы халық алдында әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды және моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге төлеуді талап етті.

– Менен әлі күнге дейін ешкім кешірім сұраған жоқ. Әкем Мұқағали бір кездері: "Балам, мені халық айыптасын, себебі мен жай ғана адаммын. Бірақ мен шығармашылығымды қаралаған адамды кешірмеймін" деп айтқан, - деді ақынның ұлы сот отырысында.

Бірақ бүгін сот татуласумен аяқталды. Сотта Теменов «екі жақ келісімге келгенін» айтты.

«Кінәмді толық мойындаймын және кешірім сұраймын. Екі жақ келісімге келдік, сол себепті істі қысқартуды сұраймын. Қазір көлігімде екі миллион теңге бар. Қалған бір миллионды он күннен кейін әкеліп беремін. Оған дейін көлігімнің кілтін қалдырып кетемін. Қалған ақшаны берген соң көлігімді қайта аламын», - деді ол.

Сот тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатып, Теменовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Азаматтық талап та тоқтатылды. Бірақ сот оның «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық» туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын күшінде қалдырды.