Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:18

Көлік министрі Сауранбаев парламентте 1800 еуро тұратын бас киіммен көзге түсті

Нұрлан Сауранбаев
Фото: ашық дереккөз

ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мәжіліске Италиялық Loro Piana брендінің 1800 еуро тұратын кепкасын киіп келгені әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

 Әлеуметтік желіде тараған видеода министрдің қымбат киіммен Парламент ғимаратына кіріп бара жатқаны көрінеді.

Желідегі жұрь министрдің қымбат бас киім киюін теміржол саласындағы қиын ахуал кезінде орынды емес деп есептейді.

Еске салайық, Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған жылдары теміржол инфрақұрылымы сын көтермей, апаттар көбейіп, қарыз көлемі еселенген еді. Сондай-ақ, теміржол қызметінің тарифтері жыл сайын көтеріліп, халық арасында наразылық туғызған болатын.

Ақмарал Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

Бұған дейін Денсаулық Сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың да қызметтік сапарларында көрсеткен жүріс-тұрысы, қымбат киім киісі арқылы көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. Былтыр қазан айында министрдің сәнді бренд киімі туралы оқиға ақпарат кеңістігін дүрліктірді. Ұлытау облысына жұмыс сапары кезінде денсаулық сақтау министрі құны шамамен 1 000 еуро тұратын Valentino Garavani туфлиін киіп барғанын әлеуметтік желі қолданушылары байқап қалған. Брифингте журналистер министр ханымнан киімінің бренді мен бағасы туралы сұраған кезде, модератор оның орнына араша түсіп, «тақырыпқа сай сұрақ қоюды» өтінген.

Кейіннен Әлназароваға қатысты тағы дау шықты. Әлеуметтік желіде оның қымбат маркалы сумка ұстап тұрғаны көрінеді. Фото биыл қыркүйек айында Нью-Йоркте түсірілген екен. Онда министр қолына 6 мың долларлық Fendi сөмкесін ұстаған. Ал аяқкиімі Ferragamo брендіне ұқсайды. Министр бұларға қатысты нақты жауап бермеген.