Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 28 Желтоқсан 2021

«Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие»

None
None

Жақсыгүл Тоғанова,

 М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары  колледжінің директорымен сұхбаттастық.

— Жақсыгүл ханым, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Мерейлі мерекеге қандай жетістікпен жеттіңіздер?

— Тәуелсіздік — біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Әрбір жетістігін өткен күннің еншісіне санап, заманауи білім беру мен кәсіптік даярлауды бағдар тұтқан, 90 жылдық тарихы бар М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары  колледжі –  қазіргі жаһандану ғасырындағы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сай, бәсекеге қабілетті маман даярлауды өзінің басты межесі санайтын республикадағы көш басында жүрген  іргелі оқу орындарының бірегейі. Колледждің даму жылнамасына көз жүгіртсек, оқу орны 1932 жылы Қызылорда педагогикалық техникумы болып құрылған. Одан бері атауы бірнеше рет өзгергенмен, негізгі қызметі өзгермей мыңдаған мамандарды даярлап шықты. Колледж елімізде ең алғашқылардың бірі болып халықаралық озық тәжірибелерді зерттеп, болашақ мамандардың кәсіби біліктілік, деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстарды жандандырды.

— Еліміздің колледждерінде қадр дайындау ісіне халықаралық тәжірибелерді өндіріп, өз саласы бойынша біліктілік орталықтарына айналдыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Жаңа жаһандану әлемінің қоғамдық-әлеуметтік өзгерістеріне сай келетін, бәсекеге қабілетті, көптілді, көпмәдениетті, кәсіби құзыретті маман даярлау; Оқу-тәрбие процесін жаңғырту арқылы елдің индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес, өз мамандығын жетік меңгерген мамандармен қамтамасыз ету; Жалпыадамзаттық рухани  құндылықтарды жетілдіру және оны сақтау  арқылы  зиялы,  ой-өрісі  жоғары  жастарды  тәрбиелеу; Оқыту процесінде заманауи инновациялық технологияларды жетік меңгерген, IT-технологияларды өз тәжірибесінде шебер қолдана алатын, шығармашыл педагогтер  қауымдастығын қалыптастыру мамандар даярлаудағы оқу орнымыздың басты миссиясы болып отыр. Аталған миссияға сәйкес колледждің басым стратегиялық бағыттары айқындалды, олар: Цифрландырылған басқару жүйесін оқу-тәрбие процесінде қолдану ауқымын кеңейту; Дуалдық оқыту жүйесін енгізу арқылы өндіріспен байланысты арттыру;  CLIL әдістемесі бойынша арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды сатылап енгізу; Латын графикасы әліпбиін және емлесін бекітілген сәттен бастап қарқынды түрде меңгерту; Оқу процесінде модульдік-құзыреттілік білім беру бағдарламаларын қолдану; Worldskills  ұлттық чемпионаттарына білім алушыларды қатыстырып, жоғары нәтижеге қол жеткізу; «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кешенді тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізу; Колледждің  инфрақұрылымын дамыту; «Жастар KZ» жобасы аясында белсенді жастар ортасын қалыптастыру; Колледждің академиялық дербестік бағытындағы жұмыстарын жетілдіру; Жастардың инновациялық жобаларын қолдайтын стартап-орталықтарын құру  мақсатында «Жас маман» бағдарламасымен жұмыс жасау секілді бағыттарды жандандырып жатырмыз.

— Сапалы маман дайындауда білікті ұстаздардың маңызы зор. Оқу орнының ұстаздары туралы айта кетсеңіз...

-  Заман талабына сай әрбір ұстаздың шеберлігі мен жетістігі — сапалы білім мен саналы тәрбие алған шәкірттерінде болмақ. Мамандар мәселесіне аса мән беретін оқу орнында бүгінгі күні 200-ден астам оқытушы қызмет етеді. Оқытушылар қатарында ғылым кандидаттары, білім магистрлері, «Ы.Алтынсарин» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі  иегерлері,  ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері,  республикалық  «Үздік педагог — 2012», «Үздік педагог — 2016» және  «Үздік педагог — 2017», байқауының жүлдегерлері, Қызылорда облысы әкімінің 1 000 000 теңге сыйақысының иегерлері жұмыс жасауда. Соңғы жылдары колледж оқытушылары  халықаралық «Шоқан оқулары» байқауы, «Менің  инновациялық сабағым» конкурсы,  ағылшын тілі мұғалімдерінің  «Modern English teacher» сайысы,  облыстық «Үздік топ жетекшісі» және «Үздік оқу-әдістемелік кабинет» байқауларының жеңімпаздары, облыстық «Жыл ұстазы» номинациясының иегерлері атанып, колледж мерейін асыруда. Оқытушылар білім беру саласындағы жаңалықтарды меңгеру бағытында үздіксіз білімдерін жетілдіріп келеді. Оған дәлел, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ  педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Колледж бітіруші студенттеріне қосымша білім беру бағдарламасы» Кембридж технологиясы бойынша тренерлерді оқыту курсынан өтіп, сертификаттар алды.

— Бүгінгі күні заман сұранысына сай маман даярлау жұмыстары қалай жүруде?

— Білім берудің өзектілігі – заманауи мамандықтардың жаңғыртылуында. Білім ордасында «Білім беру», «Өнер және мәдениет», «Байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар», «Сервис, экономика және басқару» бейіні бойынша мамандар даярланады. Соның ішінде, оқу орны педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға басымдық береді. Қазіргі күні еңбек нарығына кәсіби құзыретті, сұранысқа ие мамандар даярлануда. Нақты дәлелдерге сүйенсек, 1991-1992 оқу жылы үш мамандық бойынша 686 студент білім алған болса, қазіргі таңда 11 мамандықтың  23 біліктілігі бойынша 2218 студент білім алуда. Тәуелсіздік жылдарындағы колледжіміз көптеген жетістіктерге жетті. Тек соңғы бесжылдықта  атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсек, үш ғимараттан тұратын оқу орнының материалдық-техникалық базасы озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, заманауи,  дизайнерлік үлгіде толық жабдықталған. Сол сияқты колледжде студенттер жатақханасы, әскери-спорт кешені, электронды кітапхана, Дыбыс жазу және фото-видео студиялары, «Технология» шеберханасы, «Робототехника», «Цифрлық 3D»,  «Цифрлық білім беру» және «Мектеп физикасының цифрлық зертханасы», «Студенттерге электрондық қызмет көрсету» және Coworking  орталықтары, «Схематехника», «Электроника және электротехника» кабинеттері мен асхана білім алушылар игілігіне қызмет етеді.

Колледждің оқу-тәрбие процесі толық автоматтандырылған, ол «E-COLLEGE» автоматты басқару жүйесі арқылы іске асырылып отыр.

Тәуелсіздік жылдары оқу кабинеттері 43-тен 90-ға көбейді. «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» демекші, осы жылдары кітап қоры 4031 данадан 133535 данаға артты. Экс-президент «Тілдердің үштұғырлығын дамыту – экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың маңызды қыры» деген саясатын басшылыққа алған Қызылорда облысы әкімдігі мен КАТЕV Халықаралық қоғамдық қоры 2015-2018 жылдарға арналған  ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы оқу жылынан бастап «Мектепке дейінгі ұйымдардың ағылшынша білімі бар тәрбиешісі», «Ағылшынша білімі бар математика пәні мұғалімі», «Ағылшынша білімі бар бастауыш білім беру мұғалімі», «Ағылшынша білімі бар физика пәні мұғалімі» біліктіліктері бойынша мамандар даярлана бастады.

Оқу процесіне қатысты тұлғалардың сұранысын қанағаттандыруға және оны жүзеге асыруға мақсатталған оқу орны мен еңбек нарығының арасындағы әлеуметтік серіктестіктің маңызы өте зор. Осы тұста колледждің  әлеуметтік серіктестері – Білім беру, Мәдениет және Спорт басқармалары мен оларға қарасты мекемелер, бизнес құрылымдары. Сонымен қатар оқу орны жоғары оқу орындарымен де серіктестік байланыстарын нығайтып отырды. Халықаралық іс-тәжірибемен танысу мақсатында колледж оқытушылары АҚШ, Англия, Норвегия, Германия, Түркия, Чехия, Сингапур, Моңғолия, Қытай, Ресей, Оңтүстік  Корея мемлекеттерінде тағлымдамадан өтті.

— Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы қаншалықты деңгейде?

— Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Оған колледж түлектерінің 98 пайызының жоғары  оқу орындарына түсуі мен жұмысқа орналасуы дәлел. Бітірушілердің нарықтық кәсіпкерлік қызметті меңгеруі үшін колледж жанынан арнайы  ашылған студенттік бизнес  инкубатор арқылы 120-дан астам түлек өз бизнестерін ашып, кәсіптерінің жемісін көруде. Үнемі ізденіс үстіндегі шығармашылық еңбектің нәтижесінде ұжым «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны» байқауының жеңімпазы атанды.

 «Тәуелсіздікті сақтап қалатын елдің мықты экономикасы, мықты қорғанысы, сауатты азаматтары болуы керек. Адамның қандай мамандықты таңдағаны маңызды емес, ең бастысы – оның таңдаған мамандығын дұрыс игеріп, кемелдікке жетіп, өз ісінің шеберіне, кәсіпқойына айналуы» – деген экс-президенттің сөздерін кәсіби маман даярлауда  басты қағида етіп ұстанған, ынтымағы ұйыған, мықты ұжым өркениетті қоғамның заманауи сұраныстары мен талаптарына сай еңбектеніп, көш басынан көріне бермек.

Тегтер: