Колумбияда әскери ұшақ апаты: қаза тапқандар саны 68-ге жетті
Колумбияның оңтүстігіндегі Путумайо аймағында әскери-транспорттық C-130 Hercules ұшағы апатқа ұшырап, қаза тапқандар саны 68 адамға жетті.
Бұл туралы Пуэрто-Легисамо қаласының мэрі Луис Эмилио Бустос хабарлады.
Алдын ала деректерге сәйкес, ұшақта 128 адам болған. Ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апат орын алған. Жергілікті тұрғындар бірқатар адамды құтқарып, аман қалғандардың саны артқан.
Колумбия президенті Густаво Петро ұшақтың 40 жылдан астам уақыт пайдаланылғанын атап өтті. Әуе кемесі бұрынғы президент Иван Дуке басқарған кезеңде сатып алынған.
Айта кетейік, 24 наурыз күні Колумбияның Әуе күштеріне тиесілі Hercules C-130 әскери ұшағы елдің оңтүстігінде апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 100-ден астам әскери қызметкер болған.
Caracol радиостанциясының мәліметінше, елдің қорғаныс министрі Педро Санчес X әлеуметтік желісінде апат болғанын растаған. Алайда ұшақтағы адамдардың нақты саны көрсетілмеген.
Министрдің айтуынша, апат орнына әскери қызметкерлер жіберілген.