Көмбе көрінді

Еуро-2020 жарысындағы төрт жүйрік бүгін жартылай финалдық бәсекелерді бастайды. Апта соңында құрлық чемпионы анықталады.
Көк дөненнен де жүйрік барын біздің қазақ баяғыда білген ғой. Көңілді айтады.Қиялды да еске салады. Негізі, уақыт та жүйрік. Көзді ашып-жұмғанша, мерзімінен кеш өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының финалы да келіп қалды. Рас, оған дейін екі матч өтеді. «Уэмбидегі» екі ойын кімнің шоқтығы биік екенін байқатып, содан кейін Кубок жолындағы жан алысып, жан берісетін, шешуге кездесуге кезек тиеді. Дәл қазір сәуегейлер саны тіпті көп. Төрт жүйріктің арасынан чемпион іздеу оңай ғой. Біріншілік басталмай тұрғанда жұрттың көбі Францияның қарсыластарынан қара үзіп кететінін айтты емес пе?! Әлем чемпиондары әлгілермен әзілдескендей ширек финалға жете алмай, үйіне қайтты. Қайтарған – Швейцария. Владимир Петкович шәкірттері жартылай финалға да өтіп кете жаздады. Егер сәл батыл қимылдағанда құрлық тілшілеріне азық тауып бергендей екен. Луис Энрике бақытты жігіт екен. Тәлейіне жазылғанын көрді. Шығып қалған жарысқа қайта қосылып, қуанғанынан қасындағыларды құшақтай берді. Энрике құшағы ашылғанға дейін алаңда қандай жағдай орын алды дейсіз бе? Енді соған келейік.
Швейцария мен Испания арасындағы ширек финалдық кездесу Ресейде өтті. Сан-Петербордағы аренада нағыз ел күткен матч ойналды. Азуын Айға білеген Испания ә дегеннен қарсыласын уыста ұстауды мақсат санап, есеп ашуға ұмтылды. Қысымға шыдай алмады ма, 8-минутта Швейцария жартылай қорғаушысы Денис Закария өз қақпасына гол соғып алды. Небары сегіз минуттың ішінде алға шыққан Испания енді арқаны кеңге салсын. Түсінікті ғой. Тап қазір тарпа бас салатын қабілет Петкович шәкірттерінен байқалмады. Ары кеткенде, ала допты өз айып алаңынан алыс ұстауға көнетін кейіпте еді. Янн Зоммер қақпасына гол қарша борап кетпеуін ойлап. Тағы да мән беріп көріңізші, 8-минутта соғылған гол «салды суға ағызуға» жетіп тұр ғой. Оған 17-минуттағы қауіпті сәтті қосыңыз, Кокенің соққысы «тоғыздыққа» таяғанда, қақпашы Зоммер жан-дәрмен қимылымен қайтарып үлгерді. Есеп ұлғайғанда ұнжырға мүлдем түсетін еді.
Тайм ортасында Швейцарияны тағы бір сынақ күтіп тұрды. Бұл жолы Испания емес, тағдырдың өзі қамшы сілтеді. Команданың ұшқыр шабуылшысы Брел Эмболо жарақат алып қалды. Басын шайқаған бас бапкер Петков оны алмастыруға мәжбүр болды. Алаңға Рубен Варгас шықты. Варгас іштей ширығып жүр екен. Шыға салғаннан іске кірісті. Допты қабылдауы және әріптестеріне қарай өргізуі жұртқа ұнады. Дәл сол кезде Сан-Петербордағы ағайын Швейцарияға болысты. Олар шабуылға шықса ұлардай шулап, Испания доп алғанда үнсіз қалады. Луис Энрике жігіттерінің жүйкесіне тигені ғой, өздерінше. Ол кезде «қызыл фурияның» жағдайы жақсы болатын. Әлгі әрекет қытығына тие қоймады. Бірақ Швейцарияға майдай жақты. Допқа иелік етіп, енді Унаи Симион қақпасына қауіп төндірді. Үзіліске дейін таразы басын теңестіргісі келіп еді, реті келмеді. Есесіне екінші таймға бекініп шығыпты.
Мысалы, 56-минутта Денис Закария өз айыбын жуып, шайып шығар еді. Егер гол соққанда. Бұрыштама кезінде көзге түсуге сәл қалды. 65-минутта Стивен Цубердің шалт қимылы қақпашы Унаи Симонның есінде талайға дейін сақталатыны анық. Әйтеуір, тосқауыл қойып үлгерді. Алайда «Атлетико» қақпашысы үш минуттан кейін Ремо Фойлер бастап, Джердан Шакири қостаған шабуылдан кейін Швейцарияның мықтылығын мойындады. «Ливерпуль» ойыншысы таразы басын теңестірді. Жеңіс дәмін сезген Швейцария одан кейін де тізгінді тарта қоймады. Шабуылға иек артып, тағы бір гол соғудың қамына кірісті. Қорғанысты ұмытып, Жерар Мореноны көзден таса етіп алып, Фойлердің дөрекі әрекетке баруына тура келді. Төреші оны ойыннан қуды.
Бір футболшысы кем Швейцарияны енді Испания «табаға салып қуыратындай» шамада еді. Бірақ қақпашы Янн Зоммердің тынысы ашылып, ойыны жүріп, сейфтен тау тұрғызды. Өз командасын бірнеше қауіптен құтқарғанын айтамыз. Негізгі уақытта бірін-бірі ала алмаған қарсыластар овертаймда күш сынасты. Бұл жолы Швейцария қорғаныста жамбастап жатты. Зоммер допқа оқтай атылып, Испания ойыншыларының жолын кесті. Енді төреші матч соңынан кейінгі 11 метрлікке жүгірді. Қос қарсылас ойыншылары қалжырап қалған ба, ә дегенде Серхио Бускетс дардай қақпаға емес, бағанға тигізсе, одан кейін кезек алғандар да аса шеберлік таныта алмады. Бірде Зоммер, келесіде Симон ерлік көрсетіп, соғылуы тиіс он доптың төртеуі ғана голға айналды. Бірінші тайм ортасында алаңға шыққан Варгастың қателігінен кейін Испанияның жартылай финалда өнер көрсететіні белгілі болды.
БЕЛЬГИЯНЫҢ БЕЛІ БҮГІЛДІ
Луис Энрике шәкірттері бүгін түнде Италиямен күш сынасады. Роберто Маничини шәкірттері туралы «Жас Алашқа» бірнеше рет жаздық. Құрамы жағынан ешкімнен кем соқпайтын, «Скуадра Адзурра» сарапшылар көп мақтаған Бельгияны ұтатындай шамада еді. Оған негізгі себеп – Манчини командасында ауыр жүкті арқалай алатын 16-17 жігіт бар болатын. Кез келгені таңдаулы 11 ойыншының қатарынан орын алып, өзіне берілген тапсырманы тиянақты орындауға дайын жүрді. Ондай бақыт тағы бір Роберто – Роберто Мартинесте болған жоқ. Кевин де Брейне мен Ромелу Лукакудан басқа ойыншылары соншалықты бір қайрат шығара алмайтын. Эден Азардың жарақаты сыр берді. Оның бауыры Торган да соншалықты бір саңлақ деуге келмейді. Рас, сол қанаттан суырылып шыққанда қорғаушы біткеннің зәре-құтын қашырады. Бірақ Италия сапында небір тасқамал ойыншылар бар ғой.
Манчини бұл ойынға тың тактика қолданды. Сол себепті Федерико Кьезаны алаңға шығарды. Жылдам қимылдайтын ұшқыр шабуылшы оң жаққа ойысып ойнап, Тибо Куртуа қақпасына қауіп қай жақтан төнетінін байқатты. Лоренцо Инсинье мен Чиро Иммобиленің де негізгі құрамда болғанын ескерсек, Манчини үш шабуылшымен ойнауды жөн көргенін түсінеміз. Рас, қорғаныс кезінде Лоренцо мен Федерико мейлінше төмен түскенін де байқадық. Демек, жібектей сусыған екеуінің алмастай өткір екенін тану да қиынға түспеді. Олар ғана ма екен, осы ойында өз шеберлігін паш еткен Леонардо Бонуччи гол соғып кеткен сәтті де көрді жұрт. Алайда бейнеқайталауға жүгінген төрешілер Италия футболшысы ойыннан тыс қалды деп шешіп, голды есепке алмады. Манчини шәкірттері қайта қимылға көшті. Николо Барелла жолындағы екі-үш қарсыласын түгел алдап, өз мергендігін паш етті. Артынша Инсинье шиыра теуіп, нәтижені еселеді.
Бельгияның «алтын балаларына» баланған жігіттерде үн жоқ. Тағы да белес бағынбайтынын түсінген секілді. Әлде әлді Италияға төтеп бере алмады. Рас, осы ойынға дейінгі бес күнде Роберто Манчини ұйқы көрмепті. Бельгия өткелінен қалай өтетінін ойлап көз ілмеген ғой. Онда да Лукакуды тұсап, ұстаудың жолын қарастырған. Жілігінде майы бар дейтін Джорджио Кьелини жарақат алып қалып, бірер ойынды жіберуге мәжбүр болған. Ол қалпына келіп үлгермеуі мүмкін деген күдікке оранды. Франческо Ачерби де жақсы қорғаушы. Кеңінен толғанған Манчини матч алдында ардагер Кьелиниді сынға салуды жөн көріпті. Не көрмеген Кьелини! Бұл ойында да Лукакудың адымын аштырған жоқ.
Рас, бірде Бельгия шабуылшысы айласын асырды. Әріптестеріне көмек көрсетуден жалықпайтын оң қанаттағы қорғаушы Леонардо Спинаццола дер кезінде құтқарып қалды. Ромелу 11 метрлік айып добын сәтті теуіп, есепті қысқартқанын да айта кету керек. Ал әлгі Спинаццола жарақатына байланысты кездесуді ерте аяқтады. Тіпті оның жақын арада қатарға қосыла алмайтынын естеріңізге салайық. Италияның оң қанатын ұстап тұрған қорғаушының Испанияға қарсы ойнай алмайтыны анық. Бұл енді Манчиниге оңай соқпайды.
Кейбір деректі де біле жүріңіз. Италия қатарынан 32 матчта ұтылған жоқ. Он үш ойында жеңіске жетті. Үш жыл бұрын Бельгия әлем чемпионатының плей-офф бәсекесінде Жапония мен Бразилияны жеңген еді. Әлгі матчтарды Италия ойыншылары телевизордан қараған. Міне, Манчини еңбегінің көрінісі. «Шаппай бәйге сұрайды» деген Бельгияның өзін жарыстан шығарып жіберді.
ДАНИЯ ДАРА ШЫҒУДАН ҮМТТІ
Ярослав Шилгавы баптайтын Чехия құрамасының Нидерландыға көрсеткен қайраты бізді сүйсінтті. Данияға да осал қарсылас аталмайтынын аңғардық та. Каспер Хьюлманд шәкірттерінің де шамасы неге келетінін бір кісідей білеміз. Тіпті осы команданың от алып кетуіне Кристиан Эриксенге қатысты оқиға да негіз болды. Оны тіпті бас бапкердің өзі де жасырмайды. Чехияның футболы есепке құрылған. Өзінен мықтылардың осал тұсын табуға әбден төселген. Өзі тұстастарға қарсы ойнағанда тұсала беретіні тағы бар. Тіпті осы кездесуге қайта үңілейікші. Каспер командасы лап етіп алға ұмтылғанда, чех қорғанысы сыр берді. Өйткені ондай қысымды күткен жоқ. Дания да біразға дейін барлау ісімен шұғылданады деп топшылады.
Хьюламнд бірден жұмысқа кіріспесе, ойын ортасынан ауғанда Чехияның күш алып кететінін сезді. Сезді де, шәкірттерінің алғашқы минуттардан қалай қимылдағаны жөн екенін жіпке тізгендей етіп айтты. Түсіндірді. Бапкерді түсінетін Томас Дилейни секілді ойыншылардың бар екені қандай жақсы! Мәселе тіпті оның алғашқы голды соққанында да емес. Ортадан ойқастап шыға келетін Томас ширек финалдық матчтағы қаһарман деуге толық негіз бар. «Боруссия» сапында өнер көрсететін жартылай қорғаушы ойын соңынан кейін ресми мойындалды. Дилейни кездесудің үздік футболшысы атанды.
Томасты сөзге тартқан әріптесіміз таңғалып отыр. «Тым қарапайым екен» деп. Ел сүйсінген ойыншының айтқаны мынау: «Кездесудің қалай өрбігені есімде шығар, бірақ ол қазір маңызды емес. Жартылай финалға жолдама алдық. Ең бастысы, сол емес пе?! Біреулер мені мақтайтын көрінеді. Алаңға шыққан жігіттердің бәрі жанын салды. Егер олардан доп келмесе ше? Біз ұсынған пасты алып кете алатындардың да бір өнері болып тұр. Иә, мен де қуанып отырмын. Дания құрамасының жеңісіне! Табысқа кенелген біздің ұлттық құрама». Дұрыс қой. Дилейни сөздің парқын түсінетін спортшы, еңбегі зор. Кейбір сарапшылар енді оның заманы келді дегенді айтады. Бұған дейін бүкіл Дания Кристиан Эриксенге сеніп келді. Оның қай тығырықтан да алып шығатынына шүбә келтірмейтін. Сол аяғымен голды сылқ еткізетін Эриксеннің оң аяғы да ұятқа қалдырып көрген емес. Айып добын тепсе, қақпашыларға үрей туғызатын дарынды жігіттің енді футболға оралуы екіталай. Бірақ мінезді жігіт қой, Кристиан. Алдағыны уақыт көрсетеді.
Чехия қақпасына екінші голды соққан Каспер Дольбергтің де шеберлігі сын көтерер дәрежеде. Ақылды Каспер Шмейхель мен команда капитаны Симон Кьердің де кісі сүйер қылықтары көп. Шилгавы шәкірттерінің арасында да небір мықты ойыншылар бар. Әсіресе қазір Патрик Шиктің атағы жер жарып тұр. Тіпті Криштиану Роналдумен қатар аталады. Енді екеуі де мергендер көшін бастап, құрлық чемпионатының бәйгесінен үміт күтіп отыр. Шик те бес гол соқты. Біреуін пенальтиден торға түсірді. Роналдудың да күйі бес допқа жетті. Үшеуін 11 метрліктен соқты. Матч аяқталған соң, тілшілермен тілдескен Патрик Шик: «Мақсатқа жете алдық па, білмеймін, дегенмен жартылай финалға өте алмадық. Өкінішті, әрине. Бәріне өзіміз кінәліміз. Екінші таймда шабуылшы санын арттырдық. Ол да нәтиже бермеді. Негізі, үміт бар еді, мүмкіндік те болды. Тек таразы басын теңестіре алмадық. Дания күй келмейтін қарсылас емес еді ғой. Күйінгеннен не пайда, матч аяқталған жоқ па?» – деп басын шайқапты.
АНГЛИЯ АЛДА ТҰР
Қазір екінің бірі айтады, Еуропа біріншілігінің бас жүлдесінен негізгі үміткер кім екенін. Оған негіз де жоқ емес. Ендігі ойындар Лондонда, «Уэмблиде» өтеді. Испания мен Италияның бірі финалға жете алмайтыны қазір де түсінікті. Дей тұрғанмен Англияға жол ашып беретін біреу бар ма? Бір емес, жиырма шақты футболшы тұрғанын білеміз. Алайда оларға қарсы тұратын да жігіттердің жүргенін қалай ұмытамыз? Сәл бұрын тізіп шықтық. Дания сапында да сапалы ойыншылар көп. Оның үстіне Хьюлманд қорғанысқа көбірек көңіл бөледі. Янник Вестергор мен Андреас Кристиансеннен өтіп көріңіз. Андреас «Челси» сапында өнер көрсететінін ескерсек, Лондон оған таныс қала.
«Аталанта» сенім артқан Йоаким Мехле туралы да жақсы пікір айтылады. Андреас пен Йоаким және Дольберг – жас таланттар. Кристиансен ғана жиырма беске енді толды. Каспер жиырма үштен енді асты. Тағы бір көз тоқтатуға тұратын дерек бар. Шабуыл бастайтын ойыншысы көп Данияның. Еуропа чемпионаты кезінде жеті футболшысы гол соқты. Ондай жетістікпен өзге ешкім мақтана алмайды. Демек, шетінен мерген футболшылар жүр деп есептейміз. Иә, Кристиан Эриксеннің қатардан ерте шығып қалуы, Юссуф Поульсеннің жарақат алуы командаға оңай соққан жоқ. Қазір Юссуф өзіне келе бастады. Мүмкін, ағылшындардың апшысын сол қуырар. Бұл жерде біз Англияны қорқытуды ойламадық. Тіпті олар қорықпайды да.
Гаррет Саутгейт сенім артқан жігіттердің арасында да небір саңлақтар жүр. Мысалы, Харри Кейн. «Тоттенхэмді» өрге сүйреген шабуылшы құрлық біріншілігінде салғырт секілді еді. Енді жан бітіпті ойынына. Украина қақпасына екі гол соқты ғой. Бүгінгі Англияны Рақым Стерлингсіз елестету мүмкін емес. Қолды-аяққа тұрмайтын, әріптестеріне лып етіп пас ұсына қоятын, өзі де қорғанысты бұзып жаратын Рақым қазір кез келген іске шұғыл кірісетін әрі сапалы орындайтын ойлы футболшы. Жұмысы да жүріп тұр. Гол соғады, пас береді. Тіпті құрлық біріншілігінің үздік ойыншысы атануы әбден мүмкін. Ол үшін келесі ойындарда бұрынғы қарқынын жоғалтпаса жетіп тұр. Роналду ме Шикті басып озып, чемпионаттың бас мергені атанудан да үмітті. Тағы екі ойынға шығатындай мүмкіндігі бар. Қалай десеңіз де, қазір Стерлингтің дәуірі. Және оның ғана емес, бас бапкер Гаррет Саутгейттің де заманы деседі сарапшылар. Олардың нені меңзегенін түсіндіре кетейік.
Ширек ғасыр бойы Англия құрамасы үздік төрттіктен табылмады. 1996 жылы жартылай финалда өнер көрсеткен еді. Елу жыл бойы жүлдесіз жүрді. 1968 жылы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Свен-Йоран Эриксен, Фабио Капелло секілді бапкерлер жаттықтырды. Джон Терри мен Рио Фердинанд, Давид Бекхэм мен Стивен Жерард кезінде де бұл команда ширек финалдан ары ұзай алмады. Уэйн Руни мен Майкл Оуэн де ағылшындарды жүлдеге жеткізген жоқ. Жүлде қайда, жартылай финалдың өзі жалынан сипатқан жоқ қой. Қайта бүгінгі буынның бағы бар екен. Франк Лэмпардтар армандаған межеге қол жеткізді. Жартылай финалда «Уэмбли» қалай теңселетінін сезіп тұрсыз ба? Саутгейт командасына түсетін салмақты ше? Оны көтеретін шама бар ма Харии Кэйндерде де? Сондықтан күнібұрын Англияға бас жүлдені ұстату кемі қисынсыз. Дания өтіп алсын. Италия мен Испания да кубок алуға төселген командалар.
Рас, биылғы Англияның екпіні ерекше. Ширек финалда Украина қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Джейдон Санчо ерекше белсенді. Матчтан кейін жартылай қорғаушы былай депті: «Бақыттымын десем, сенесіздер ме? Қуанышым қойныма сияр емес. Әдемі жеңіс қой. Зор табыс деп айтар едім. Біз жартылай финалдамыз. Алда тағы ойын бар. Дәл қазір «Манчестер Юнайтед» туралы айту қаперіме кіріп шықпайды. Барлық ойым ұлттық құрамада. Англияны ойлаймыз». Джейдонды «Манчестер юнайтед» ат-түйедей қалап отыр. Оң қанатта өнер көрсететін талантты жігіт футбол аспанындағы өз жұлдызын табатын секілді. Еуропа чемпионатында Англияның жұлдызы жарқырай ма? Оны уақыт көрсетеді.