Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:19, 01 Мамыр 2024

Комедиялық фильмдердің басым көпшілігі – бір жарым сағатқа созылған КВН көрінісі

Дана Әмірбек
Фото: Дана Әмірбек

Киноны «соңғы муза» деп атайды. Мұның өз сыры да бар. Осы күнге дейін өнердегі үш муза: сурет, музыка, әдебиет – үш жанрдың соңғы нүктесі әрі үшеуін бір арнаға тоғыстырушы ретінде кино өнерін «соңғы муза» деп қарастырып келеміз.

 Дегенмен қазір қазақ киносының төңірегінде әралуан пікір айтылады, жыл сайын экранға шығатын киноның қарасы аз емес, бірақ сапаға келгенде кібіртіктеп қалатынымыз тағы бар. Сонымен қазақ киносының бүгінгі жағдайы қалай? Беталысы көңіл қуанта ма, «әттеген-ай» дейтін тұсымыз қайда, осы және өзге де сұрақтар төңірегінде белгілі киносыншы Дана Әмірбекпен сұхбаттастық. 

– Дана ханым, күні кеше «Сыншылар таңдауы – 2024» жүлдесі болып өтті. Шын жүректен қуаныштымыз! Бұл жүлденің біздің кино өнеріне берері не? Жүлдегер фильмдерді таңдау қаншалықты қиынға соқты? Жүлдегер фильмдерді таңдауға қатысқан шығармашылық құрам туралы тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстан киносыншылар қауымдастығының «Сыншылар таңдауы» жүлдесі – жыл сайын жарыққа шығатын отандық кино туындыларымыздың үздіктерін анықтап қана қоймай, сондай-ақ бүгінін саралап, болашағын бағамдауға зор мүмкіндік береді. 2015 жылы құрылған қауымдастыққа бүгінгі таңда 26 кәсіби маман мүшелік етеді. Олардың әрқайсысы кино саласын зерттеп, экранымыздың бүгінгі тынысына қатысты сыни пікірлерін ғылыми еңбектер мен БАҚ беттерінде бөлісіп жүрген білікті мамандар.

Үздіктерді анықтау – дауысқа салу арқылы жүзеге асады. Алдымен жыл бойында шыққан фильмдерді толық көріп, дауысқа салу арқылы әр аталым бойынша үздік бестікті анықтаймыз. Осыдан кейін қауымдастықтың мүшелері анықталған фильмдердің ішінен үздік деп санайтын біреуіне ғана дауыс береді. Осылайша, ең көп дауыс жинаған фильмдер өз аталымдары бойынша жүлдегер атанады. Кейде бірнеше фильм теңдей дауыс жинауы мүмкін. Ондай жағдайда ортақ бір шешімге талқылау арқылы келеміз. Әрине, әр сыншы өзінің үздігін алға тартып, өзара қызыл кеңірдек болатын сәттеріміз де жоқ емес. Жеңімпаздарды анықтау барысында пікірталастар мен келіспеушіліктердің орын алуы заңдылық деп есептеймін.

Әлбетте, кәсіби сыншылардың киноға, оның табиғатына деген қөзқарасы қарапайым көрермендерден өзгеше. Біз үшін фильмдегі тақырып пен сюжеттен бөлек киноның тілі, режиссердің түсіру мәнері, стилі маңызды. Өнер тарихына үңілсек, айналдырған 36 ғана сюжет бар. Сол себепті кинода не жайлы түсіргеніңе қарағанда қалай түсіргенің маңызды. Кез келген туындының мазмұнына оның формасы сай болуы шарт.

Кез келген өнерде орын алып жатқан үдерістер мен дамуына жауап беретін сала – сын екені анық. Осы орайда бүгінгі кино саласындағы сынның жағдайы туралы сөз қозғасаңыз. Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда кино сыны біздің елімізде жүйелі түрде бір арнаға түскен бе? Кинотанушылар көп болғанымен, кино өнеріндегі тенденцияларға пікір білдіріп, баспасөз беттерінде ашық сын айтатын адамдар неге аз?

– Жалпы кинотанушы маманның негізгі кәсібі тек сын жазу емес, сондай-ақ кинотанушылар экран өнерінің тарихы мен теориясын зерттеумен айналысады. Одан бөлек, архив қойнауында сақталған деректерді зерделеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатындар бар. Бар ғұмырын педагогика саласына арнағандар да жоқ емес. Кинофестивальдерді ұйымдастырып, киномызды халықаралық деңгейге көтеруге атсалысып жүргендердің де еңбегі зор. Осы ретте кинотанушы тек сын жазумен шектеледі деу қате пікір. Елімізде кәсіби кинотану мектебінің іргетасын қалап, мамандықты алғаш ашқан тұлға кинотеоретик Бауыржан Нөгербек болды. Ол кісі басты назарды қазақ тілді кинотанушылар легін қалыптастыруға қойған еді. Менің ұстазым – Гүлжан Наурызбекова да сол кісінің алғашқы шәкірттерінің бірі. Кино өндірісі дамыған сайын киносыншылардың да қатары арта түсетіні анық. Мен осы саланы таңдап, оқуға түскен кезде бұндай мамандықтың бар екенін естігендер ерекше таңданатын еді. «Мәскеу бір күнде құрылған жоқ» демекші, кәсіби сыншылар мектебі де ақырындап қалыптасып келеді.

– Дәл осы кино сыншысы болудың қиындығы неде? Бұл мамандық сіздерді неге міндеттейді? Біздің еліміздегі мәдени ортада сын айту және қабылдау мәдениеті қандай деңгейде деп ойлайсыз? Әртістер, режиссерлер сынды қалай қабылдайды?

– Кәсіби сыншы болу ұлт алдындағы, кино атты ұлы өнер алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуді, әділдікті, батылдықты және өз кәсібіңе деген адалдық пен шексіз махаббатты талап етеді. Сыншының ой өрісі, көкжиегінің кеңдігі, білімі мен біліктілігі өнер адамдарынан бір саты жоғары болуы шарт деп есептеймін. Себебі дана халқымыз айтпақшы, сын түзелмей, мін түзелмейді. Кейде режиссерлер «өздері фильм түсіре алмайтындар сыншы болады» деп әзілдеп жатады. Мен ол пікірмен келіспеймін. Киноны ойын-сауық деңгейінен өнер биігіне көтерген Жан-Люк Годар, Франсуа Трюффо, Эрик Ромер қатарлы ұлы кинорежиссерлер өнердегі жолдарын сыншылықтан бастаған еді. Өзіндік түсіру мәнері мен қайталанбас қолтаңбасы арқылы әлемге танымал отандық кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың да мамандығы кинотанушы. Жуырда ғана кинотанушы Айбек Құдабаев қысқаметрлі фильм түсіріп, шетелдік және отандық сыншылардың жоғары бағасын алды. Болашақта кинорежиссураға бет бұратын кинотанушылардың қатары арта түседі деп ойлаймын.

– Ендігі әңгімемізді қазақ киносының бүгіні туралы сөзге ауыстырсақ. 2023 жылы 74 отандық фильм прокатқа шыққан, ал оның 56-сы комедия жанрына тиесілі деп баспасөз беттері өткенде жарыса жазды. Кассалық табыстан рекорд жаңартып жатқан да солар. Қазір көрермен не көріп жүр? Бүгінгі кино саласының дамуына көңіліңіз тола ма? Сан бар, ал сапа ше?

– Расымен бір қарағанда, отандық кино саласы қарқынды дамып келе жатқандай көрінеді. Есіңізде болса, тәуелсіздік жылдары орын алған геосаяси апаттан кейін тоқырауға ұшыраған кино өндірісі әбден құлдырады. 2000-жылдардың басында фильмдердің саны бір, ары кетсе екі туындыдан аспайтын. Ол кезбен салыстырғанда кино өндірісі 80 есеге өсті. Сан жағынан алып қарағанда қуантарлық жағдай. Орталық Азия бойынша алда келе жатырмыз деп айтуымызға да болар еді. Алайда бүгінгі таңда кинотеатрларымыздан ұсынылып жатқан фильмдердің басым көпшілігін кино деп атауға келмейді. Оларды мен бір жарым сағатқа созылған КВН көрінісі немесе вайн дер едім. Кеше ғана тойда тамада болып жүрген әзілкештер киноға келді. Киноның болмысын, оның өзіндік табиғатын, көркемдік ерекшеліктері мен тілін меңгермеген олар үшін кино тек бизнес жасаудың тағы бір жолы. Олар тек Батыстың «Б» және «С» санатына жататын өнімдерінің әлсіз көшірмесін жасаумен шектелуде. Өкініштісі, белден төмен әзілдер мен «тізесі шыққан» әбден жаттанды сюжеттерден құрылған осындай фильмдерге көрермен ағылып барып, жарыса билет алады. Оларға басқа деңгейлі, сапалы дүниелер қызық емес. Осыдан-ақ халықтың талғамының төмендеп кеткенін аңғаруға болады. Әйтпесе, талғамы қалыптасқан, өресі биік көрермен осындай деңгейлі фильмдерді көруге жүйкесі шыдамас еді. Бұл жағдай үшін кінәнің бәрін көрерменге тағып қою да жөнсіз. Осыған әкелген соңғы отыз жыл көлемінде «Алдымен экономика, одан кейін саясат!» деп ұрандатып, ғылым мен білімді, мәдениетті артқа ысырып тастаған биліктің жемісі деп есептеймін.

– Осы мәселеге байланысты өткенде Ермек Тұрсыновтың: «Кино саласында тұтас деградация болып жатыр. Мен оны, тіпті диверсия деп атаймын. Көз алдымызда болып жатқан нәрсе. Әнеубір мотоциклге мінген әйелді айтам, иә, «Таптым-ау, сені». Жалқауланбай барып қайттым. Бұл – катастрофа! Ал залдар лық толы. Көз алдыңа елестете аласың ба? Ұлтымыздың уланғаны соншалықты, олардың бәрі ананы – бұл жерде боқтауға болмайды ә, соны көріп отыр. Көре отырып, бәрі бақытты. Орнымнан тұрып, «халайық, сендерді алдап соғып жатыр, мына киноның бәрі өтірік, неменеге көріп отырсыздар?» дегім келеді. Қазіргі киносымақтар... Қайдағы бір актерлер мен режиссерлер қаптап кетті. Экран быт-шыт – катастрофа. Мынаның бәрін көргенше өліп кетуім керек еді. Соның бәрі тапа-тал түсте болып жатыр. Цензура енгізу керек» деген сөзін оқып қалдым. Ал сіздің ойыңызша, өнер үшін, атап айтқанда, кино саласына шынымен цензура керек пе? Біз қаптаған сапасыз дүниеден дәл осы цензура арқылы ғана құтыла аламыз ба?

– Иә, жанрлық киноның деградацияға ұшырағаны анық. Дариға Бадықованың «Таптым-ау, сені» фильмінің миллиардтап касса жинағаны соның айқын дәлелі. Қарап отырсаңыз, фильмде бірде-бір дені түзу әйел бейнесі жоқ. Бірі – алқаш, екіншісі – көкбет, үшіншісі – еркекшора. Әйелдердің басына қап кигізіп, мотоциклге өңгеріп алып кету таңғаларлық жағдай емес. Сүймегеніне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу, келіспесе қорқытып, үркітіп көндіру де қалыпты жағдай. Қыз атаулыны сабап, малға теңеп боқтап, тезекке белшесінен батыру да қалыпты нәрселер екен. Мұнда жетіскен еркекті де көрмейсіз. Бірі – әлжуаз, әлсіз, ынжық кейіпкер. Оның бар өнері де, жеткен жетістігі де ұрлық жасау мен әйелдерді қара жұмысқа салу. Екіншісі – таңның атысынан түннің батысына дейін ұйқы соғып, ойын ойнағаннан басқа мақсаты жоқ кейіпкер. Анасы мен қарындастарының арқасында күн көретін оның ең басты қаруы – көз жасы. Сыни ойланатын көрермен зорлық пен зомбылықты ашық түрде насихаттап, әйел тағдырын аяққа таптайтын бұндай деңгейлі фильмдердің экраннан алынып тастауын талап етуі керек еді. Алайда бәрі керісінше болды. Ол фильмге барғандардың басым көпшілігі таңдайларын қағып тамсанып, әлеуметтік желілер арқылы жарыса жарнамалады. Деградация кинода ғана емес, осындай дүниелерді ұсынған «киногерлер» мен оны қошеметпен қабылдаған көрермен санасында.

Соңғы жылдары жарыққа шыққан фильмдерді саралайтын болсақ, бірін-бірі қайталайтын комедиялық фильмдер өте көп. Тек тақырыптары ғана емес, рөлдердегі актерлер де бір фильмнен екінші фильмге көшіп жүреді. Батыстың арзан жанрлы фильмдеріне еліктейтін режиссерлердің түсіру мәнері бір-біріне өте ұқсас, өзіндік қолтаңбалары қалыптаспаған. Сол себепті де соңғы жылдары жарыққа шыққан комедиялық фильмдердің арасынан есте қалғандары өте аз. Жоғарыда айтқанымдай, тамадалар киноға келгелі фильмдерде қаузалатын негізгі тақырыптар да сол тойдың төңірегінен шыға алмауда. Екі фильмнің бірінде келін мен ененің арасындағы түсініспеушіліктері мен өзара тартысы баяндалады. Қарап отырып, біздің елде тұрмысқа шығу мен отбасын құрудан басқа мәселе жоқ па деп қаласыз. Бір сөзбен айтқанда, кинотеатрлардан ұсынылып жатқан фильмдердің басым көпшілігі отбасы – ошақ қасы деңгейінен шыға алмауда. Неге десеңіз, бұндай фильмдерді түсіру аса көп қаражатты талап етпейді. Себебі жеңіл-желпі әзілдерден құрылған заманауи кезеңді қамтитын фильмді түсіру үшін арнайы декорация, қымбат кәстөм, компьютерлік графика қажет емес. Сол себепті де продюсерлер үшін ақшаны аз жұмсап, еселеп қайтаратын арзан дүниелерді түсіру өте тиімді.

Бұған дейін біздің елде тек комедия жанрындағы фильмдер ғана халықтың қызығушылығын оятып, касса жинай алады деп саналатын. Бірақ соңғы жылдары жарыққа шыққан Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан», Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!», Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» және Қуаныш Бейсектің «Дәстүр» фильмдеріне деген көрермен қызығушылығын байқап, көрерменге жанрлық түрленудің жетіспейтінін және комедиядан басқа жанрдағы фильмдердің де қомақты қаржы жинай алатынын көрдік.

– Жалпы режиссерлер, кино түсіретін шығармашылық топ пен киносыншылардың арасында тығыз байланыс орнаған ба? Бір киноны түсірер барысында сіздің сыни пікіріңізді, ойыңызды сұраған режиссерлер болды ма?

Сынау деген жөн-жосықсыз жамандау немесе режиссердің еңбегін жоққа шығару емес. Кәсіби сыншы өз пікірін нақты дәйектер арқылы жеткізіп «барды бар, жоқты жоқ» деп, ашып түсіндіреді. Біз сын айтқанда белгілі бір режиссердің жұмысын жоққа шығару үшін емес, келесі туындысы осы ұсынғанынан жақсырақ болса екен деген ниетпен айтамыз. Негізінде киноға өнер биігінен қарап, кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін режиссерлер сценарийлерінің алғашқы нұсқасын жіберіп, түсірілім барысында пікір алмасып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Әсіресе жас буын өкілдері үшін фильмдеріне қатысты кәсіби пікір қашан да маңызды. Сын көтере алмай, ренжігендер де болды, әрине. Бірақ режиссерлердің басым көпшілігі сынға оң көзбен қарайды. Бұл, әрине, қуантады.

Нағыз режиссер өз заманының суреткері болуы тиіс. Сол себепті де режиссерлер өткенді қаузай бермей, бүгінгі күн жайлы түсірсе екен деймін. Тарихи фильмді түсірген күннің өзінде қазіргі қоғам мәселелерімен тығыз байланыстырып, ой-толғауларымен бөліссе екен деймін. Себебі бүгінгі режиссерлер – бұрынғы данышпан-данагөйлердің рөлін атқарулары керек. Бұрынғылар том-том трактат жазса, бүгінгілер экран арқылы қоғамның түйткілді мәселелерін көтеріп, жанайқайын жеткізетін дауысына айналуы тиіс. Мысалы, бүгінгі таңда фильмдері көрерменнің көзайымына айналған Кристофер Нолан, Мартин Скорсезе, Ридли Скотт қатарлы заманауи режиссерлер қай кезеңді таспалағандарына қарамастан, міндетті түрде бүгінгі күнгі мәселелермен ұштастырып отырады. Биыл «Оскар» марапатын иеленген «Оппенгеймер» де тарихты қаузай отырып, бүгінге баға берген фильм. Менің пайымдауымда, нағыз режиссер сюжет қуып көретін оқиғаның баяндаушысы емес, нағыз режиссер ол – өз заманының философы. Бұл, әрине, авторлық кино режиссерлері жайлы пікірім. Ал қалың көпшілік ұнататын мейнстрим бағытына келер болсам, мен экраннан гуманизм мен альтуризмді алға тарта отырып ұлтымыздың рухын көтеретін, елімізге деген махаббатты оятатын, болашаққа деген сенім ұялататын, үміт сыйлайтын фильмдердің көптеп түсірілуін қалаймын. Арамызда жүрген ғалым, дәрігер, мұғалім, сәулетші, қар тазалаушы, еден жуушы сияқты басқа да қарапайым қаһармандар жайлы фильмдердің түсірілгенін қалаймын. Себебі қаһарман деген ол міндетті түрде Marvel мен «DC-дің алпауыт күшке ие құбыжықтары ғана емес, нағыз қаһармандар біздің күнделікті өміріміздің жайлы болуы үшін бар күшін салып, жұмыс істеп жүрген қарапайым адамдар.

Сұхбаттасқан  Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: