Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:24, 04 Желтоқсан 2022

Көмір жағып, күл шығару мехнатынан арылмақ

None
None

Қызылордада алдағы 5 жылда 45 елдімекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланды.

Бүгінде барлық аудан орталықтары толықтай газға қосылған.

Аймақта тұрғындардың газ тұтыну деңгейі 68 пайызға жетті. Президент тапсырмасы аясында межеленген міндеттер уақытында орындалып, жыл сайын бірнеше елдімекенге табиғи газ тартылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл елдімекендерді газдандыруға арналған 14 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген. 14 жобаның 8-і биыл аяқталса, қалған 6-ы келер жылы жүзеге асырылмақ.

Осы жылы Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдары, Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбыры тартылып, Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды.

Ал Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш, Қазалы ауданы Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара елдімекен тұрғындары да жақын күндері көгілдір отынның қызуын сезініп, көмір жағып, күл шығару мехнатынан арылады.

Биылғы жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталып кетті. Шиелі ауданындағы Тартоғай елдімекенінде автоматты газ тарату стансасын орнату жобалары да қатар жүзеге асады.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде биыл облыстың 19 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қосылып, көгілдір отынның игілігін көреді.

Айту керек, өткен жылы басталған Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елдімекендерін газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Дегенмен бұл жобаны да мердігер өз қаражатымен биыл аяқтауға ниетті.

Әкімдік келер жылы Энергетика министрлігіне 15 жобаға өтінім ұсынды. Салалық министрліктен қолдау тапса, Сыр еліндегі бірнеше ауылға, қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғын үйлерге алау оты жағылады. Мәселен, қала маңындағы Абай мен Досан ауылы, Шиелідегі Бестам, Еңбекші, Жиделіарық, Жаңақорғандағы Жайылма ауылы, Шалқия, Құттықожа, Төменарық және Кейден елдімекеніне газ жеткізу жоспарланған.

Облыс орталығына жақын Сырдария ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Жалағаштағы Ақсу ауылдары да бұл тізімде тұр.

Аймақта 2027 жылға дейін тағы 45 елдімекенді көгілдір отынмен қамту жоспарда бар. Нәтижесінде, облыста газдандыру деңгейі 85 пайызға жетпек.

Тегтер: