Комиссия «уақытша мәмілеге келуге» мәжбүр болды
Сенбі күні жер комиссиясының кезекті отырысы болды. Бұл жолғы басқосуда 2016 жылы халықты дүрліктіріп, көшеге шығарған, кейін бес жылға мораторий жарияланып, шешімі кейінге қалдырылған дүние – жерді қазақстандықтарға жекеменшікке беру не бермеу мәселесі қаралды.
Айта кету керек, комиссияның ішінде екі жұмысшы тобы жасақталған болатын, міне, сол екі топ та өздерінің отырыстарында бұл сұрақты жалпы отырыста талқылау қажет деген шешім шығарыпты.
Атап айтарлығы, біріншіден, аса өзекті мәселені талқылау эмоциясыз, байсалды, мәдениетті жағдайда өтті. Бұл үшін пікірталасты «қанды майданға» айналдырмай, парасатты жүргізіп отырған комиссия төрағасы, вице-премьер Ерәлі Тоғжанов мырзаға алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын. Екіншіден, әрине, жеке адамдардың арасындағы бір-бірін шымшып алу, сөзге жабысу, ренжу, шыдамсыздану болған шығар, бірақ қазақстандықтардың пікірталас мәдениетін біршама меңгеріп қалғаны қуантады.
Алайда жерді сатуды жақтағандар да, жекеменшікке беруге қарсы болғандар да алғашқы комиссиядағы (2016 жылғы) дәлелдерді қайталаған сияқты. Мүмкін, комиссияның бір шешімге келе алмауы да соның көрсетікіші болар. «Жерді сатушылардың» дәлелдері мыналар: шаруа жер өзінің жекеменшігі екеніне сенімді болғанда ғана барлық күш-жігерін салады; жерге меншік болғанда ғана инвестиция салынады, жерді банкке кепілдікке қоюға болады т.т. Олар тағы да шетелдердің тәжірибесін алға тартты, жекеменшік қана ауыл шаруашылығының өркендеуіне кепіл бола алады дегенге сүйенді. Ең қызығы, бұл ойды айтқандардың басым көпшілігі орыстілді азаматтар еді. Тағы бір көзге түскен жағдай – комиссияның кейбір мүшелері «жерді жекеменшікке беру керек, бірақ сатпау қажет» деген дүбәра ұсыныс айтып, бәрімізді ойландырып тастады (бір кинода «я не трус, но я боюсь» деген сөзді естіп едік). «Жерді сату керек, бірақ бір қолға берілетін жердің белгілі бір өлшемі болу қажет» деген ұсыныстар да жасалды. «Жерді жекеменшікке де беру керек, жалға да беру керек» деген тағы бір дүбәра пікір айтылды. Қысқасы, сан түрлі жолдармен, әйтеуір, жерді жекеменшікке беру, сатуға шығару жолдары қарастырылды. Айтпақшы, жерді жекеменшікке беру керек деген мәселені алғаш көтерген және алғаш болып сөз алған – ауыл шаруашылығы министрі болды. Демек, министрдің пікірін биліктің көзқарасы деп қабылдауға болады деп ойлаймын.
«Жер жекеменшікке берілмесін» деген азаматтар да бұрынғы дәлелдерден аса алмаған сыңайлы. Бұл – жерді иеленуші алпауыттардың пайда болу қаупі, ауылдағы шаруалардың жерді сатып алатын қаржысының жоқтығы, жердің экономикалық мәселе емес, қазақ халқы үшін рухани дүние екені, қырық тоғыз жылдық жалға алудың жекеменшіктен айырмашылығы жоқ екені т.т. Кейбір азаматтар халықтың (орыстілді қарапайым азаматтардың қазақ жерінің сатылу не сатылмауына ешқандай көңіл аудармайтынына 2016 жылы көзіміз жеткен. Сондықтан әңгіме қазақ халқы туралы болып отыр) жерді сатуға ешқашан келіспейтінін айтып, өздерінің жасаған әлеуметтік зерттеулерін де алға тартты. Қысқасы, бүгінгі отырыс бензині таусылған машинаның өз екпінімен алға жылжуын еске салды.
Тағы бір-екі комиссия мүшесі халықтың көзқарасы, олардың осы мәселеге деген позициясының жеткілікті зерттелмегенін, онсыз шешім қабылдауға болмайтынын алға тартып, мораторийді тағы да созып, жерді сату мәселесін «келешекке» қалдыру жөнінде ұсыныс айтты. Өздерінің көзқарастарынан танбауға бекінген екі топ «уақытша мәмілеге келу» ұсынысын қабылдауға мәжбүр болған сияқты. Қысқасы, билік өзінің мақсатынан танбады, бірақ қазақ халқының көзқарасынан аттап өтуге де тәуекел ете алмады. Демек, тағы да итжығыс болдық.
Мәдениеттілікті сақтау мақсатында бүгінгі сөйлеген азаматтардың аты-жөнін беріп, «мыналар – біздің жақ, ал мыналар – жау» деуден аулақпын. Осы ұстанымға сәйкес, өзімнің сөзімді де беруді қажет деп таппадым.