Комплаенс-мәдениет ұжымның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс
Сыбайлас жемқорлық бүгінгі қоғамдағы теріс әлеуметтік феномен ретінде көптің назарын аударып отырған күрделі проблемалардың бірі. Қоғам ішінде комплаенс-мәдениет орнатып, оны кез келген салада корпоративтік ұжымның ажырамас бөлігіне айналдыру қазіргі таңда мемлекеттің алдында тұрған басты міндет десек те болады.
Қоғамның дамуын тежеп, ел болашағына балта шабатын сыбайлас жемқорлық мәселесін ауыздықтау мақсатында елімізде қаншама жылдан бері шаралар атқарылып келе жатыр. Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты жеңу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сондықтан ел президенті өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті атап өткені бекер емес.
Мысалы, 2020 жылдың 6 қазанында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылып, онда квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс-қызметтерін құру саласындағы түзетулерге назар аударылды. Комплаенс ұғымы Орталық Азия мен Кавказ елдерінде 2000 жылдардың басында пайда болған, ең алдымен банктер комплаенс-қызметтерді құруға қызығушылық танытқан. Кейін басқа секторлардағы компаниялар үшін де комплаенс институт қажеттілікке айнала бастады. Аталмыш институттың негізгі міндеті – жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, қадағалау. Бүгінгі таңда комплаенс-қызметтер осы сектордың 6 мыңнан астам ұйымдарында жұмыс істейді. Бұл туралы саясаттанушы Айдана Амалбекова комплаенс-институттарды құру ізгі қоғам құрудың алғышарты дейді. «Шет ел тәжірибесіне көз жүгіртсек, комплаенс-қызметкерлердің жауапкершілігі міндетті түрде мекеме қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық жасау мүмкіндігіне байланысты бар тәуекелдерді жоюы керек екенін алға тартады. Жыл сайын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлеріне қатысты жүзден астам сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркеліп отырғаны жасырын емес. Тек былтырғы жылдың өзінде мемлекетке 282 миллиард теңге залал келтіріліп, мыңнан астам іс сотқа жіберілген. Былтырдың өзінде 252 тұлға жемқорлық жасағаны әшкере болды. Ал оның 137-сі басшылар екен. Жұмысқа қабылдау, корпоративтік секторда сатып алуды жүргізу барысында әділдікті, ашықтықты қамтамасыз етуді бақылау елдегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың ажырамас бөлігі», – дейді.
Жыл сайын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлеріне қатысты жүздеген сыбайлас жемқорлық қылмыстар тіркеледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылы комплаенс-офицерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 10-нан астам конференциялар мен семинарлар өткізілген. Еліміздің барлық өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» ұйымдастырылған. Бұл жай ғана семинар емес, әр семинарға отандық және халықаралық сарапшылар қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Биылғы жылдың өзінде комплаенс-офицерлердің тәжірибесін, білімін дамыту тоқтаған емес. Мысалы, осы айдың 14 күні Ақтауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебінің оқу семинары болып өтті. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілерінің қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту жөніндегі іс-шара шеңберінде өткен аталмыш семинарда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, «ISO 37001: сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджменттің халықаралық жүйесі» үлгілік жобасын іске асыру, сондай-ақ №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру кезінде ақпараттық жүйелерді қолдану туралы баяндамалар оқылды. Семинарға ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшылығы, ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының директоры, облыстық жобалық кеңсе әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордан 60-қа жуық комплаенс-офицерлер қатысқан. Бұл – семинарлар мен мектептердің бір мысалы ғана. Осы секілді білім мен біліктің нәтижесінде өткен жылы ғана комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтағаны белгілі болды. Олардың ішінде жетпіске жуық мүдделер қақтығысы және бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың 5 фактісі бар.
Тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке кәсіптердің де ішіндегі жемқорлық фактілерін анықтап, заңмен жауаптау комплаенс институттың міндетіндегі шаруа. Қазақстанда комплаенс-офицерлер олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп бизнес жүргізудің этикалық стандарттарын, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және бизнес ортада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша шаралар ұйымдастырып, жұмыс істейтін болады. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Мирас Қарғабай барлық осы фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, квазимемлекеттік сектордың 5 басшысы әкімшілік жауапкершілікке және 57 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
«Осы институтты жетілдіру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл сыбайлас жемқорлыққа бару тәуекелін азайтуда, есеп беру және бақылау процестерінің сапасын жақсартып, ашықтық пен тиімділікті арттыруда тигізетін септігі мол. Жалпы, Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы комплаенс институты даму процесінде тұр, қабылданып жатқан шаралар корпоративтік парасаттылықты арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді», – дейді.
С.Бақберген