Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Маусым 2025

Қонаев қаласына үш жыл. Инвестиция және жұмыссыздық мөлшері

Қонаев қаласы

Маусымда Қонаев қаласының Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алғанына үш жыл толды.

 2022 жылы 8 маусымда бұрынғы Қапшағай қаласы облыс орталығы болып жарияланған еді. Сол уақыттан бері қалада және облыс аумағында біраз өзгерістер орын алды. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық өзгерістер байқалады.

Осы үш жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 109,6 пайызға артып, 5,9 трлн теңгені құрады. Шикізаттық емес сектордағы өсім қарқыны бойынша Алматы облысы республикада алғашқы бес өңірдің қатарында. Мәселен, облысқа 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Халықаралық деңгейдегі PepsiCo, LC Waikiki, KT&G, Qazaq Global Food компаниялары өз өндіріс орындарын ашты. Сонымен қатар Қытаймен жалпы құны 7 млрд АҚШ долларына жуық келісімдер жасалып, нәтижесінде шамамен 6 мың жұмыс орны құрылды. Осының бәрі өңірдегі бірнеше параметрдің артуына, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына әсер етіп отыр. Оған қоса, инфрақұрылым жағы да өзгеріске ұшыраған. Жалпы алғанда мың шақырымнан астам автожол жөнделіп, жаңадан салынды. Газбен қамту деңгейі 58,1 пайызды құрады, ал ауылдық елді мекендердің 99,5 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Үш жылда шамамен 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыстар облыстың орталығымен қатар, аудандар мен шалғай ауылдарда да белсенді түрде жүргізілуде.

Адам капиталы мен цифрландыру саласында да нәтижелер бар. 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. «Цифрлық отбасы картасы» мен білім беру платформалары секілді заманауи сервистер енгізілді. Алматы облысының бес ауданында 24 900 оқушыға арналған 26 жаңа мектептің құрылысы басталды. 2024 жылы облыста 11 100 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, облыстық білім басқармасының балансына өткізілді. Осы мектептердің ашылуының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 53-тен 32-ге дейін азайған.

Ал Қонаев қаласы Smart Qonaev жобасы аясында дамып келеді. Қаржыландыру көлемі төрт есеге артты. Қалада қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, туристік инфрақұрылым жетілдірілуде. 2025 жылы қалаға 1,6 млн турист келеді деп күтілуде. Сонымен қатар Қонаев қаласының маңында еркін экономикалық аймақ мәртебесімен жаңа Алатау қаласының құрылысы басталды. 2025 жылы бұл жобаның инфрақұрылымына 100,7 млрд теңге бағытталады. Қапшағай су қоймасының жағалауы көпжылдар бойы назардан тыс қалып келген еді. Енді бұл аумақ мүлде жаңа кейіпке еніп отыр. Онда балалар алаңы мен спорт алаңдары, субұрқақтар, суға түсуге арналған ыңғайлы баспалдақтар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Алматы облысында алдағы жылдары өңірде жеке инвестициялар есебінен қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылады. Өңірде жалпы төрт ауқымды жоба іске асырылады. Олар полигондарға түсетін қалдықтар көлемін азайтып қана қоймай, экономикалық тиімділік әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Альфия Жәнібекқызы

Алматы облысы