Қонаев қаласындағы заңсыз салынған құрылыстар

Соңғы жылдары Алматы облысы еліміздің ең қарқынды дамып жатқан өңірлерінің біріне айналып келе жатқандай.
Бұл аймақта әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысандар құрылысы кең көлемде жүргізілуде. Инвестициялар көлемінің артуы мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуы нәтижесінде өңірдің құрылыс саласы жаңа серпін алды.
Алматы қаласын айналып өтетін Үлкен Алматы айналма жолы – (БАКАД) өңірдің басты стратегиялық жобаларының бірі. Ұзындығы 66 шақырым болатын бұл магистраль Алматы қаласының көлік жүктемесін азайтып, облыс пен елдің басқа өңірлерін байланыстыруда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар G4 City мегажобасы іске асуда. Бұл жоба Алматы маңында төрт заманауи қалашық Gate City, Golden City, Growing City және Green City салуды көздейді. Әрқайсысы білім, бизнес, медицина және туризм бағыттарына бейімделген. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында жаңа логистикалық және өндірістік аймақтар құрылуда. Мысалы, БАКАД маңында салынып жатқан Eurasian Logistics Park жобасы – заманауи қойма және тасымалдау инфрақұрылымын қамтитын кешен. Сондай-ақ Slava Munai Service LLP компаниясы 40 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып, жаңа кен өңдеу зауытын салуда. Бұл жоба жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Алматы облысы туризм саласында да қарқынды дамып келеді. Black Canyon туристік аймағында глэмпинг, шыны көпір және zipline сияқты заманауи нысандар салынып жатыр. Ал Көлсай көлдеріне дейінгі кабельді жол жобасы туристер үшін ерекше мүмкіндік бермек. Әлеуметтік салада мектептер, балабақшалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері бой көтеруде. Дегенмен кейбір нысандарда құрылыс мерзімінің кешігуі байқалып отыр. Мәселен, Шонжы ауылындағы спорт кешені мен Райымбек ауданындағы мәдениет үйінің құрылысы ұзаққа созылған. Алдағы жылдары Алматы облысында құрылыс саласы одан әрі дами түседі деп күтілуде. Инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің инфрақұрылымын нығайтып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Алматы облысында құрылыс нысандарының саласында анықталған заңбұзушылықтар санының едәуір азайғаны байқалады.
Ведомство мәліметінше, күшейтілген мониторинг пен кешенді бақылау шараларының арқасында рұқсат беру құжаттарынсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаудың фактілері айтарлықтай қысқарған.
«Жүйелі тәсіл мен инспекторлардың мұқият жұмысы өз бетінше салынған нысандар мен рұқсатсыз жүргізіліп жатқан құрылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік нормалар бұзылған және жобадан ауытқу жағдайлары тіркелген кезде заңбұзушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Әуесбай.
Биылғы жылы құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 127 материал жолданған. Тексеру нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асты.
Заңсыз (рұқсатсыз) салынған нысандарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Мәселен, Қонаев қаласында құрылыс нормалары сақталмаған коммерциялық нысан бұзылды. Осындай шаралар Талғар (2 нысан), Райымбек (1 нысан), Жамбыл (1 нысан) және Қарасай (2 нысан) аудандарында да қабылданды.
Сонымен қатар облыстың аудандық соттарында өз бетінше салынған құрылыстарды бұзу жөніндегі 14 талап-арыз қаралу үстінде.
Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысы барысына ерекше бақылау жүргізілуде. Бұл бағытта құрылыс сапасына тұрақты мониторинг жасалып отыр.
Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және рұқсатсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы