Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 24 Қыркүйек 2024

Қонаевта театр, оқушылар сарайы және Соқпақбаев атындағы кітапхана салынады

Данияр Әлиев
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет – қай қоғамның болмасын ажырамас бөлігі. Ол халықтың рухани келбеті ретінде елмен бірге түрленіп отырады.

Сондықтан кез келген мемлекеттің дамуында мәдениеттің рөлі ерекше. Қазақстан да бұл салаға айтарлықтай көңіл бөледі. Осыған дейін жасалған қадамдар мен қабылданған шешімдер халықтың көз алдында. Жақында 2023-2029 жылдарға арналған мәдениет саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, елімізде 345 мәдениет нысанын салу және жұмыс істеп тұрған 1420 мәдени нысанды жөндеу, Қазақстан мәдениетінің элементтерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне енгізу, музей қорларын цифрландыру мен кітапханаларды көпфункционалды орталықтарға айналдыру және басқа да маңызды жобалар жоспарланған. Осы бағыттар бойынша нәтиже беру үшін жергілікті биліктің жұмысы сапалы болуы шарт. Өз кезегінде облыстар мен аудандар да аталған тұжырымдамаға қарап бағытын айқындайды. Осы тақырып төңірегінде Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиевпен сөйлестік.

– Жақында ғана Алматы облысында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Ұйымдастырушы – Алматы облыстық мәдениет басқармасы. Осы шара туралы айтып берсеңіз?

– Алматы облысында туған, исі қазаққа қызмет еткен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы кең көлемде тойланды. Бұл жазушыны қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі деп айтып жатамыз. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды туындылары бүкіл ұрпақты тәрбиеледі. Осы және өзге де туындылары арқылы қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойын алдымен облыс орталығы Қонаев қаласында іс-шаралар өткізуден бастадық.

Кейіннен ТҮРКСОЙ-мен біріге отырып Түркияның Анкара қаласында да бірқатар шараны атқарып келдік. Бір айта кетерлігі, осы ұйымның қолдауымен «Өлгендер қайтып келмейді» романы қазақшадан түрікшеге аударылып, тұсаукесері мамыр айында жазушының туған жері Нарынқол ауылында өткізілді.

Ал жазушының туған жері Нарынқолда өткен дүбірлі той бірнеше күнге созылды. Мерекеге жиналған қауым жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысты. Алдымен аудандық Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» атты әдеби салтанатты жиын болды. Ол «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Режиссері – Сержан Молдасан. Ал сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сынды танымал актерлар өнер көрсетті. Жазушының рөлін сомдаған Ербақ Құрманжанұлы көпшіліктің ықыласына бөленіп, көрерменнің жақсы әсерін байқатқан.

Одан бөлек, Бердібек Соқпақбаевтың төрт томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталды. Ең кереметі, Нарынқол ауылындағы орталық саябақта жазушының ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіш жайдан-жай қойыла салған жоқ. Бастапқы конкурсқа алты жұмыс іріктеліп, оның ішінен үшеуі мемлекеттік комиссияға жолданды. Нәтижесінде, ең үздік ескерткіш сұлбасы анықталып, комиссиямен бекітілді. Заңға сәйкес, тұлғаның ұрпақтары болса, олармен ақылдасу міндеттеледі. Біз де Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал апайымызбен кеңестік. Ол апамыз да өз ұсыныстарын жеткізді. Соның бәрі ескерілді. Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда ескерткіштер мен ономастикаға жауапты комиссияға, сол саладағы мамандарға қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Мерейтойлық шаралар Сарыжаз бен Қарасаз ауылының ортасындағы жазық далада 60-тан астам қазақ үй тігіліп, нағыз қазақ тойына ұласты.

Қазақ зиялылары жиналған, халық белсене қатысқан тойды абыроймен аяқтадық. Енді келер жылы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы келе жатыр. Оны да кең көлемде, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтпекпіз.

– Қоғамда «тойшылдықты» сынайтындар баршылық. Көпшілік тағы мерейтойларды «халықаралық деңгейде атап өтуге» де критикамен қарап жатады...

– Мұндай шаралар 100 пайыз мемлекеттік немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады деп айта алмаймыз. Жартысына жуығы кәсіпкерлер мен меценаттардыңқолдауы. Ал той мен мәдениет тақырыбына келер болсақ, мәдениетті өмірден ажырату мүмкін емес. Ол бізге дейін де болған, бізден кейін де бола беретін үзілмейтін үрдіс. Тек мына даму қарқыны зымыран заманда, технология мен ғылым дамыған кезеңде ұлттық кодты жоғалтып алмау қажет. Барын бағалайтын елдің ұрпағымыз. Ал біздің барымыз – тарихымыз бен мәдениетіміз.

Сондықтан осындай ұлы жолда қызмет еткен тарихи тұлғаларды насихаттау біздің парызымыз, борышымыз. Себебі өткенді түсінбей, білмей, насихаттамай, болашаққа нық қадам басу мүмкін емес. Әр елдің өз Шекспирі бар, өз Толстойы, өз Пушкині бар. Оны айту, көрсету, ұрпаққа таныту, насихаттау да – міндет. Өйткені ұлтты осы арқылы тәрбиелейміз. Мысалы, қазір әлем Абайды біледі, қазақ десе Абайды, Абай десе қазақты есіне алып тұрады. Сол секілді әрбір тұлғамыздың есімі имиджге, брендке айналуы тиіс.

Ал халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы мақсат – мемлекеттегі мәдениеттің экспансиясын насихаттау. Мына ашық дәуірде жабық отырып алған мемлекет құлдырайды. Ол мәдени болсын, экономикалық болсын, кез келген салада солай. Қазақта «тұрып қалған су сасиды, ойланбаған ми сасиды» деген сөз бар. Сондықтан, әрдайым ашық процесте, тығыз қарым-қатынаста болған жөн. Әсіресе әдебиетімізді, мәдениетімізді жан-жақа көрсеткеніміз дұрыс. Бір жағынан, мұншама бай мұрамызды өзімізде ғана ұстап отыруға да болмайды. Өнер саласы да осыны талап етеді. Мысалы, Алматы облысының өнерпаздары жыл басынан бері жеті мемлекетте болды. Үндістан, Қытай, Тәжікстан, Беларуссия, Түркия, Өзбекстан сынды елдерге барып, өнерін паш етті. Сол сияқты, әртүрлі мемлекеттерде екінші бір елдің мәдениет күндері өтіп тұрады. Мәселен, жақында ғана Тәжікстанда қазақ мәдениеті күндері өтті. Өткен жылы Қазақстанда Тәжікстан мәдениет күндері өткен болатын. Сол секілді басқа да елдермен мәдени байланыс орнатуда барымызды саламыз.

Мәдениет саласында тағы қандай жаңалықтар бар?

– Бұл тойдың алдында ғана Көшпенділер ойындарына барып қайттық. Облысымыздан 300-ден астам азамат қатысты. Оның алдындағы есте қаларлық мәдени шара ретінде Наурыз көшті айтар едім. 2 мың адам келеді деп жоспарланған көшке 3700 адам қатысты. Ұлттық киімдер киген, рухани байлығымызды «арқалаған» ұзын көш Қонаев қаласын аралап шықты. Сол секілді, Ұлттық домбыра күнінде өнерде жүрген тау тұлғалар бастап, мың домбырашы облыс орталығына жиналды. Сөйтіп бәрі бір мезетте «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін орындады. Мұндайда делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ұлттық рухың оянады, қаныңда бар дүние іркіліп шығады. Құлағың елең етеді, жүрегің тулайды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бөлек, жастар мен кең аудитория назарын, туристер сұранысын да назарда ұстаймыз. Мысалы, жаз бойы әр сенбі сайын «Аспан фест» фестивалін өткіздік. Онда Қазақстанның барлық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті деуге де болады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бұл думанды қызықтады. Әсіресе Қапшағай көлінің жағасына келген туристерге ұнады. Міне, бұл да демеушілер есебінен жүргізілген шара. Осы өңірден шыққан азаматтар мен тұрып жатқан тұрғындар қолдау білдіріп, фестиваль жақсы деңгейде аяқталды. Жалпы, бүгінгі күндері мәдениетті қолдауға атсалысып жүрген азаматтар өте көп. Соның ішінде ұлттық өнерді, айтысты, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын басып шығаруға қатысты белсенді азаматтар жетерлік. Бұл бүгін пайда болған құбылыс емес. Сонау ерте заманнан бері қазақтың сал-серілері, үлкен азаматтары мәдениет пен өнерді қолдаған.

Тағы бір айта кетерлігі, өнерді кең масштабта ұстаған жақсы. Ұлттық өнер мен сұранысқа сай, заманауи стильден бөлек, классиканы да жіті назарға аламыз. Осы мақсатта бір жыл бұрын облыстық симфониялық оркестр құрдық. Музыкада тіл жоқ. Классика бәріне ортақ. Біздің «Көңіл толқынын» шетелге апарып тартса, ел түсінеді, сол әсерде қабылдайды. Сөзін түсінбесе де, әуен мен ырғақ, әсер мен эмоция ортақ. Міне, осы бағытта еңбек етіп жатқан оркестріміз халық алдында мәдени қызметтерін атқарып жүр.

Алматы облысы екіге бөлінген кезде көптеген мәдени мекемелер мен ұйымдар бұрынғы облыс орталығы Талдықорған қаласында қалып қойды. Соның ішінде театр да бар. Енді жаңа облыс орталығы Қонаевта театр салу жоспарда бар ма?

– Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына ауысқанына 2 жарым жылдай болып қалды. Бәрімізге белгілі, Алматы облысын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған арнайы бас жоспар бекітілген, соның негізінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде мәдени нысандар да, олардың қызметі мен құрылысы да аса маңызды. Шыны керек, қазіргі таңда Қонаевта бір ғана мәдениет үйі бар. Басқа мәдени нысандар жоқ. Алдағы уақытта мұнда Бердібек атамыздың есімімен аталатын кітапхана құрылысы және 12 мың шаршы метрді құрайтын оқушылар сарайы салынады. Кітапхана тек кітап оқитын емес, жастарды тартатын, әртүрлі қажетті зоналары бар орталық болуы тиіс. Соған жұмыс жасап жатырмыз. Заманауи бағытты да, халыққа қажеттілікті, қолайлылықты да ұмытпау қажет. Сонымен қатар ел мәдениетін көтеру мақсатында музей мен архив салынады.

Ал театрдың техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Ғимарат жобамен 2027-2028 жылға дейін бой көтере бастайды. Мұны ерте немесе кеш деп топшылауға да болмайды. Қонаев жарты ғасырлық тарихы бар қала болған соң, тозығы жеткен тұстары жетеді. Бір жағажайдың өзін алып қарайық. Немесе кәріз жүйелері мен жылу орталықтары. Осы сынды кезек күттірмейтін құрылыстар аяқталса, басқа жобалар кезегімен басталады. Бірақ театр деген тек ғимарат емес. Ол – оның ішіндегі адамдар мен өнер. Бұл тұрғыдан қарасақ, Астанада 15 жыл бұрын жастар театры құрылған болатын. Сол кезде режиссер Нұрқанат Жақыпбай өзі университетте сабақ беріп жүріп бір курсты толығымен жаңа театрға әкелген болатын.

Дәл сол секілді, Қонаев қаласы Алматының дәл іргесінде орналасқан. Жанымызда өнер академиясы мен университеттер, консерватория бар. Демек, өнерпаздар жеткілікті. Қолына мүмкіндік берсең болды үлкен өнер жасауға әзір дарындар көп. Сондықтан ғимаратың дайын болса, арғысы өз ізінше бола береді. Театрдың ішін халықпен, өнермен, мәдениетпен толтыру мәселе емес. Айтпақшы, жақында қара шаңырақ М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры Қонаев қаласына гастрольмен келмекші. Алдағы уақытта халықтың бұл өнерге деген көзқарасын қалыптастырып, бойын үйрету мақсатында айына екі рет Алматыдағы театрлар келіп, мәдениет үйінде спектакль қояды.

Еліміздегі көптеген ауылдарда мәдени мекемелер жоқ немесе әбден тозған. Халық та осы тақырыпқа қатысты жиі шағымданады. Алматы облысындағы жағдай қалай? Мәдениет инфрақұрылымы қандай деңгейде?

– Дәл қазіргі жағдайға тоқталсақ, «ауруын жасырған өледі» дейді. Мәселелер жоқ емес. Бірақ бәрін ретімен шешуге күш салынуда. Қазір облысымызда 293 мәдени нысан бар: 119 мәдениет үйі мен клуб; 144 кітапхана; 15 музей; 11 архив. Халықтық үлгідегі ұжымдар да жұмыс істейді. Алайда кей ауылдарда мәдениет үйлері немесе басқа да қажетті мәдени нысандар әлі күнге жоқ. Ескіргендері де баршылық. Осы бағытта жергілікті бюджеттен мәдени нысандар салу ісі қарқын алып отыр. Одан бөлек, 2024 жылы 10 мәдениет үйіне құрылыс жұмыстары, 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Кей ауылдарда мәдениет үйлері жаңадан бой көтеріп, пайдалануға беріліп те үлгерді. Берілген мәдениет үйлері халыққа өз қызметтерін көрсетіп жатыр. Жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде атқарыла беретін болады.

Сұхбаттасқан

Балауса Ділдәбек

Тегтер: