Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Қонаевта төрт қабатты тұрғын үйде газ жарылып, екі адам зардап шекті

Қонаев
Фото: ашық дереккөз

Қонаев қаласында төрт қабатты тұрғын үйде газ жарылысы болып, салдарынан екі адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. 

Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, жарылыс үйдің төртінші қабатындағы пәтерлердің бірінде болған. Оқиға салдарынан пәтердің және кіреберістің ішкі қабырғалары, есік пен терезе зақымданған. Зардап шеккен екі адам шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді.

Тексеру барысында аталған тұрғын үй орталық газ жүйесіне қосылғаны анықталған. Алайда жарылыс болған пәтерде тұрмыстық газ баллоны пайдаланылған. Мұндай газ баллондарын көпқабатты тұрғын үйлерде қолдануға қолданыстағы қауіпсіздік талаптарына сәйкес тыйым салынған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.