Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:20

Қонаевтағы құрылыс жұмыстарының құны 8 млрд теңге

газ
Фото: 365info

Алматы облысындағы Шеңгелді ауылына газ тарту жобасы дайындалуда. Бұл туралы ауыл халқымен кездескен Қонаев қаласының әкімі айтты.

 Тұрғындармен кездесу барысында ол бірқатар мәселеге тоқталып, әсіресе инфрақұрылымды дамыту, қолайлы орта қалыптастыру тақырыптарына назар аударды. Бұдан тыс Кербұлақ ауылында екі спорт алаңы жөндеуден өтіп, біреуі жаңадан салынуда.

«Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық ауылдарда көше жарығын орнату бойынша жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бұдан бөлек, Шеңгелдіде трансформаторлық қосалқы станция қойып, 3 шақырым электр желісін жаңадан тарту жоспарлануда. Бұл жоба 6 көшені қамтиды. Халықты көгілдір отынмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Біріншіден, автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Екіншіден, елді мекендерге газ тарту жобасы әзірлене бастады. Құрылыс жұмыстары қаржы қарастырылған жағдайда алдағы үш жылда аяқталады деп күтілуде», – дейді шаһар басшысы.

Ауыз су мәселесіне келсек, «Шеңгелді топтық су жүйесін қайта жаңғырту және құрылысы» жобасы дайындалып жатыр. Жобада жаңадан бөлінген жер учаскелеріне ауыз су тарту да қарастырылған. Сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымы, су тасқынының алдын алу, ауыл шаруашылығы секілді салаларға да мән берілуде. Ал тұрғындар тарапынан жолдың сапасы, балалар алаңын жөндеу және өрт сөндіру бөлімшесін салу сұрақтары көтерілді. Бұл бойынша тиісті бөлім басшыларына тапсырма берілді.

Облыс орталығы Қонаев қаласының өзінде де жаңалықтар көп. Мұнда құрылыс қарқыны артып, бұрын бос жатқан жерлердің орнына заманауи тұрғын үйлер мен ыңғайлы кешендер бой көтеруде. Мысалы, Д.Қонаев көшесінде MDI Construction компаниясы «Маяк» тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жеті төрт қабатты блоктан тұратын кешенде тұрғындарға арналған кафе, дүкен және спорт залы қарастырылған. Мұнда 216 пәтер бой көтермек. Ал 19-шағынауданда «Хаммер Бау Девелопмент» компаниясы «Атамекен» кешенін тұрғызуда. Үш тоғыз қабатты үй 2025 жылдың соңына дейін толық дайын болады. Ең ауқымды жобалардың бірі – «Али-Нұр транс» компаниясының NNS City тұрғын үй кешені. Бұл жерде 21 бес қабатты үй салынып, шамамен 600 пәтер пайдалануға беріледі. Алғашқы үйлер 2025 жылдың қарашасында тапсырылмақ. Қала орталығында Retail Construction компаниясы 50 пәтерлік бес қабатты үй тұрғызуда. Нысан 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі. Тағы R&M Construction компаниясының «Аристократ» кешені – 25 тұрғын үйден тұратын ауқымды жоба. Бірнеше үйі қазірдің өзінде қолданысқа берілген, жоба толығымен 2027 жылы аяқталады. GS QURYLYS компаниясы Comfort тұрғын үй кешенін салып жатыр. Сауда орындары мен автотұрағы бар төрт үй 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қолданысқа беріледі. Ал 10-шағынауданда Chinese Foreign Construction Company компаниясы «Феникс» кешенінің құрылысын бастады. Алғашқы кезек 2026 жылы аяқталады.

Айта кетейік, алғашқы жартыжылдықта Қонаевта 14,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 8 млрд теңге.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: