Конгода кеме апатынан 148 адам қаза тапты

Конго Демократиялық Республикасында қайғылы оқиға тіркелді — елдің батысындағы Конго өзенінде жолаушылар мінген ағаш кеме өрт шығып, аударылып қалды. Апат салдарынан кемінде 148 адам қаза тапты, ал 100-ден астам адам із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Апат туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Оқиға кезінде кемеде шамамен 500 жолаушы болған. Конго өзені комиссары Компетент Лоёконың айтуынша, өрт кемеде тамақ дайындау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шыққан. Өрт тез таралып, бірнеше жолаушы — әйелдер мен балалар суға секіріп, батып кеткен.
Құтқару топтары ондаған адамды аман алып қалды, алайда олардың көпшілігі күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Іздеу-құтқару жұмыстарына Қызыл Крест ұйымы мен жергілікті билік өкілдері тартылған.
Апат болған кеме — HB Kongolo деп аталады. Ол Матанкум портынан шығып, Конго өзені бойымен Боломба қаласына бағыт алған. Өрт Мбандака қаласы маңында болған.
The Guardian мәліметінше, Конго өзені – ел халқы үшін негізгі транспорт артериясы. Жол және инфрақұрылымның нашар дамуына байланысты, өзен кемелері мен қайықтары халықтың қатынауы үшін басты құрал саналады. Дегенмен, қауіпсіздік шараларының жиі ескерілмеуі мұндай апаттарға себеп болуда.
Бұл оқиға – соңғы жылдары Конгода тіркелген ең ауыр қайғылы кеме апаттарының бірі болып отыр.