Көңіл айту

(Қанды қаңтарда қапияда азаматтары мен ұлдарынан айырылып, қан жұтқан қазақтың барлық аналарына, қазір де жазықсыз жапа шегіп, азапталып жатқан адамдардың жақын-жуықтарына медет беру мақсатында жазылған жұбату-жыр, сүйеу-сөз)
Ақсұңқар таппас қайтып ұясын да,
Қайырылып қайта қонбас қиясында.
Аяусыз ажал түгіл қиянатқа,
Асықтай алтын ұлды қиясың ба?!
Ай өтті, жыр орнына жоқтау жазып,
Сарқыдым қаламымның сиясын да.
Көңілді қанша жерден жұбатсам да,
Көл болған көздің жасын тыясың ба?!
Ол рас, сөз жұбаныш болмайды да,
Орыны оның қайта толмайды да.
«Тас – түскен жеріне ауыр», зіл салмақты,
Сендей боп сезіне ешкім алмайды да.
Қасында қайғылының күлмейді ешкім,
Мәңгілік мәз-мейрам күн сүрмейді ешкім.
Адамға ақыл айту – ең оңайы,
Басына түспегесін білмейді ешкім.
Дегенмен, сенен де өткен зарлылар көп,
(Дүние бөлінген бай, жарлылар боп).
Адам қып туса-дағы ата-анасы,
Имансыз ит боп өлген сорлылар көп.
Қасқайып қарсы алды ұлың хақ өлімді,
Еңбектеп өткізеді ез бар өмірді.
Жапалақ жар басында жалбаң қағып,
Жалтақтап қарсы алады жаңа өмірді.
Жасықтар күнде өледі күркесінде,
Қалтылдап өткізеді тағы өмірді.
Олардың қасында бұл ұлыңдікі –
Азамат армандайтын ақ өлім-ді.
Озбырлар тартар жүгін обалының,
Алла да естиді үнін адалының.
Ержүрек елмен бірге бола білді,
Қосам деп қозғалысқа соған үнін.
Тілгілеп қара бетін қандықолдың,
Айыптап жолсыздығын жоғарының;
Елге ұран болатындай ерлік өлім,
Қоясын қопарған бұл қоғамының.
Қорғаған қорқаулардан Ел Теңдігін
Ерлерді аңыз қып ел шертер бүгін.
Сендерді зар жылатқан жауыздардың,
Қан жылар күні туар ертеңгі күн!
Айтамын қайтіп көңіл қаралыға?!
Зар төгіп өтемін бе заманыма?!
А, Құдай, Әділдігің қайда сенің,
Зауалың жауыздарға болады ма?!
Әлі де аз көрдің бе азабымды?!
Тыясың қашан мынау азалы үнді?!
«Бұны мен бұлсыз бердім, құнсыз алам»,
Деп енді қырасың ба қазағымды?!
Сұм ажал суда жүзген шабақты алды,
Жайнаған екі көзі қарақты алды.
Қайтейік, шарасыздың шарылы ғой,
Қарғайды жаны күйген Жаратқанды.
Ол солай, дәл осылай болған кеше,
Қан қақсап қанша мұңлық қалған неше.
Жазықсыз жапа шеккен байғұстардың
Жасына тұнып тұр бұл Жалған-кесе.
Сабыр ет, сабаңа түс, қарақтарым,
Қан болып қата бермес қабаққа мұң.
Халқыма көңіл айтып көрейін деп,
Киелі төрт Кітапты парақтадым.
«Тұяғы бүтін өткен тұлпар да жоқ,
Қияғы бүтін кеткен сұңқар да жоқ»,
Таппадым тағдыр жолын қарап бәрін.
Тірлікте төрт құбыласы түгел кім бар?!
Дүниенің төрт бұрышын адақтадым.
Жүкті де нарға артады көтерер деп,
Салмақты салған шығар Жаратқаның.
Қамықпа, қарындасым, жылама, ана!
Елбұзар емес сенің мына балаң.
Жауыздар билік құрған бұл заманда
Жабылар жақсыларға, сірә, жала.
Басбұзар, бұзақы да емес еді,
Байғұспен байдың күні теңеседі.
Ақиқат ашылады, шыда аз ғана,
Шындықтың айдарынан жел еседі.
Бөрілер көрсетеді бөрілігін,
Ерлігін жыр қып айтар ел ұлының.
Қаңтарда қар төсеніп, мұз жастанған
Қаһарман, қайсар ұлан – сенің ұлың!