Көңілдесін өлтіруге тапсырыс берген экс-әкім мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
БҚО, Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев қалған жазасын денсаулығына байланысты шартты жазаға ауыстыру туралы өтініш берген.
Серікқалиев сот тағайындаған 11 жылдың 8 жылын өтеген, мерзімі 2027 жылдың 14 наурызында аяқталуы тиіс еді.
Сотта анықталғандай, Серікқалиев жазасын өтеу кезінде тәртіп бұзбаған, жұмыс істеген, іс-шараларға қатысқан, 15 рет мадақтау алған.
«Жеңіс Серікқалиев 2016 жылдың 1 қыркүйегінде аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 11 жылға сотталған. Оның жазасы 2027 жылдың наурыз айының 14-і күні аяқталады. Мекеме әкімшілігі берген мінездемеге сай, сотталушы Ж.Серікқалиев жаза өтеу барысында тәртіп ережелерін сақтаған, мекемеде жұмысшы ретінде еңбек еткен, қосымша кәсіптік білім алған, оқу жүйесінің сабақтарына, тәрбиелік, мәдени-спорттық іс- шараларға, сотталғандардың ерікті ұйымдарына белсене қатысқан, 15 рет мадақтау алған, жазалау шарасы болмаған, яғни сотталған жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзбаған. Бұдан басқа, 2024 жылғы 04 наурыздағы медициналық анықтамаға сәйкес, сотталған Ж.Серікқалиевтің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық емес. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 1 қыркүйектегі үкімімен 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған Женис Серікқалиев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын», – делінген Орал қалалық соты шығарған қаулыда.
Еске салайық, Жеңіс Серікқалиев Теректі ауданын 2013-2016 жылдары басқарды. Ол 2016 жылдың мамыр айында әйел адамды өлтірмекші болды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Ол
Жеңіс Серікқалиевпен бірге Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарған Арман Қожамұратов және Жеңістің көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов бірге қамалды.
Сотта белгілі болғандай Жеңіс Серікқалиев досы Қожамұратовтан көңілдесін өлтіруді сұраған. Себебі әйел Серікқалиевтен туған қызы арқылы әкімді бопсалаған көрінеді. Ал ұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы өзінің жүргізушісін 500 мың теңгеге жалдаған. Ақпан айында Кристина есімді әйелді пышақтайды. Бірақ ол тірі қалып, пышақтағандарды танып, полицияға айтып берген.
Сол 2016 жылы Жеңіс Серікқалиев пен Арман Қожамұратов ұйымдасқан қылмыс жасады деген айыппен 11 жылға, ал көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов 10 жылға соталды. Сотта Жеңіс Серікқалиев өзінің көңілдесін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған еді.
Айта кетейік, сот отырысынан кейін жәбірленушінің өзі Жеңіс Серікқалиевті кінәсіз санайтындықтан, үкімге шағымданатынын айтқан болатын.