Конституция – естелік кітабы емес!
«Халықтан сұрамай, референдум өткізбей, елбасы дегенді ойлап тапқандар енді сол атақты Ата заңнан алып тастамақ екен.
Күлеміз бе, жылаймыз ба? Қазақта елбасы жоқ енді, жетім қалдық», деген екен саясаткер, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев.
«Кезінде Назарбаев өзін елбасы еткенде, халық іштей өте қарсы болды. Бірақ іштен тындық, өйткені оларға ешкім түк істей алмайтын. Енді елбасы титулын алып тастаса, бұл шешімді халық жаппай қолдайды, елбасы да бізге түк істей алмайды. Тарихта өзіне қолдан титул жасап, небір атақты иемденіп алғандар аз емес. Қазақтың да басына түскен бұл заманның аяқталып жатқаны қуантады. Бірақ «Назарбаев – заманауи Қазақстанның негізін қалаушы» деген мәртебе жаңа Конституцияға енгізілмек екен. Мұны да халықпен ақылдаспай, қазақтың өзінен рұқсат сұрамай, жасағалы отыр. Ал Конституция – тек заңдық құжат. Сонымен бірге ол халық пен мемлекет арасындағы келісім еді. Бұл құжат естелік кітабы емес?! Назарбаев – заманауи Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы дегенмен мен келіспеймін.
Сонда 91-ге дейін, кешегі бірінші секретарь Назарбаев келгенге дейін біздің жерімізде ешқандай ел, қала, ауыл, халық болмаған демек пе? Бұл не деген абсурд? Біз – өнеркәсіптік әлеуеті, ғылымы, зияткерлік деңгейі мен басқа да көптеген көрсеткіштеріміз бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші республика едік. Қазақстанның әу бастағы өте жоғары мүмкіндіктерінің жүзеге аспай, бар байлығының «тістегеннің аузында» кеткеніне Назарбаев кінәлі, негізі. Ол кезде, тіпті сыртқы қарызымыз да жоқ болған, керек десеңіз. Енді отырмыз, 160-170 миллиард доллар қарыз болып. Ол ақшаға не жасалды, біз білмейміз. Ендеше, түріктің Ататүрігі, американың Вашингтоны, тіпті Шарль де Голльмен біздің тұңғышты қатар қоюға бола ма?! Тәуелсіздік қазақтың басына аспаннан түсті, Құдайдың қалауымен, оны Назарбаев бізге біреумен төбелесіп жүріп, әперген жоқ. Қазақстан, шындығында, КСРО құрамынан шықпай, отырып алған. Ең ақыры, жалғыз қалған одақта. ХХІ ғасырда астанамызды Нұр-Сұлтан деп әлемге масқара болған біз едік. Енді, Нұрсұлтанымызды онсыз да шимай-шатпақтан көз ашпаған Конституцияға кіргізіп, тағы масқара болмақпыз ба?! Негізі, қазақ елі халықтың тікелей қатысуымен бұрынғы былықтын бәрін ысырып тастап, жаңа Конституция қабылдануы керек еді.
Қазақстан халқы ассамблеясы деген органды тәуелсіздіктің басында бір идеологиялық мақсатта қолдануға болар еді, көпұлтты мемлекетімізді біріктіріп, нығайту үшін. Қазір бұл еш қажетсіз, құр салақтап жүрген еш пайдасыз орган боп тұр.
Қазақстанда жиі болып тұратын ұлтаралық қақтығыстар кезінде ассамблея үндемей, сырт қалады. «Біз деген осындай жағдайларды реттеу үшін Қазақстанға пайдалымыз», деп өзінің бір пайдасын көрсетсе, кәне?
Халық еліміздегі қазіргі саяси өзгерістерді жеткіліксіз деп бағалайды. Отыз жылдың ішінде отбасына жақын адамдар, бірінші, екінші, үшінші эшелондағы адамдар, аймақтардағы элитасымақтардың тонамаған саласы қалмады. Олар кезінде басып қалған байлықтарын сатып, енді ақырындап, елден кетіп жатыр. Осы бағытта әлдеқайда қатаңдау, белсенділеу жұмыстар қажет еді.
Ресей пропагандасының жұмысы қаншалықты жемісті болғанын қаптаған мақтабастардың санына қарап-ақ көріп отырмыз. Ресейдің өзінде де, біздің Қазақстанда да. Теледидарға телміргендерге арналған контр-пропагандалық өнім жоқ. Қазақстан телеарналары Ресей пропагандасына еш қарсылық танытпай отыр. Қазақстанның осы әлсіздігін білетін Кеосаян сықылды ресейлік пропагандистер аузына келгенін оттайтын болды. Анау Әзербайжан өзіне қарсы сөз айтқан ресейлік Делягин деген депутатты кешірім сұрауға мәжбүр етіп, қалай орнына қойғанын көрдік. Ал біздің мемлекетіміздің саясаты тым жұмсақтық танытады. Қазақстанның ресми ұстанымы бейтарапты, бірақ қазақ халқы бұл соғысты құптамайды. Қазақтар Украинаны қолдайды. Бұл мәселеде – қазақтың ұлттық, саяси-экономикалық мүдделері жатыр. Сосын, ар-ождан, әділдік, шындық деген тағы бар. Біздің кешегі билігіміз отыз жылдың ішінде жерінің асты мен үсті байлыққа толған мемлекетімізді қораға оңбай тығып кетті. Қазіргі қазақ халқының басым көпшілігі жоқшылық пен кедейліктен зардап шегуде, әсіресе ауыл қазағы. Қазақстанға ең бірінші, өз елінің экономикалық мәселелерімен айналысып, өз халқының жағдайын жасау керек», – дейді саясаткер ZonaKZ интернет газетіне берген сұхбатында.