Конституция комиссиясының келесі отырысы 11 ақпанда өтеді
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрайымы Эльвира Әзімова кезекті жиынды қорытындылап, келесі кездесудің уақытын айтты.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның XI отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды. Комиссия мүшелері кездесудің қысқа болғанына қарамастан, мазмұнды әрі нәтижелі өткенін атап өтті. Осыған байланысты комиссия ертең қайта жиналатын болды. Келесі отырыс 11 ақпан күні сағат 14:30-да өтеді.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституция жобасындағы қорытынды және өтпелі ережелерге ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бөлімдер барынша нақты әрі жан-жақты жазылуы тиіс, себебі олар реформалардың іске асу тетіктерін айқындайды.
Айта кетейік, бұған дейін, 9 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға халықтан шамамен 5 мыңға жуық ұсыныс түскені хабарланған болатын. Комиссия мүшелері азаматтардан келіп түскен пікірлер мен ұсыныстар Конституция жобасын жетілдіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.