Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Конституция мәтінінің 84 пайызы өзгертілмек

Халық заңгері-2024
Фото: ашық дереккөз

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ҚР Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасын таныстырды. Құжатты Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынды.

Оның айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы бойынша тұтас түсінік қалыптастыру мақсатында ұсынылған барлық өзгерістер мен толықтырулар бір жүйеге келтіріліп, өзара келісіліп, қорытынды құжаттың мәтініне енгізілген.

Нұрмұхановтың сөзінше, қолданыстағы Конституция кіріспеден, 9 бөлімнен және 101 баптан тұрады. Ал ұсынылып отырған жобада кіріспе, 11 бөлім және 104 бап қарастырылған.

«Жобада екі жаңа бөлім пайда болды: “Халық кеңесі” және “Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу”», – деді ол.

Сонымен қатар, төрт бөлімнің атауы өзгертілген:

  • «Жалпы ережелер» бөлімі «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталады;

  • «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» болып өзгертілді;

  • «Парламент» – «Құрылтай» деп аталды;

  • «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі, прокуратура және құқықтарды қорғау тетіктері» деген атауға ие болды.

Конституциялық сот төрағасының орынбасарының айтуынша, Конституцияның 77 бабына түзетулер әзірленген. Бұл Ата заң мәтінінің 84 пайызына тең.

«Ұсынылып отырған өзгерістер – тұжырымдамалық тәсілдерді жаңартатын, құқықтық нақтылықты күшейтетін және Ата заңның сапасын арттыратын маңызды әрі терең ойластырылған қадам», – деді ол.

Бүгін Қазақстанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төртінші отырысы өтті. Комиссия осы апта ішінде жұмысын аяқтауы мүмкін.

Тегтер: