Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:50

«Концерт аралап, өз шаруасымен жүрді»: Шекеев әріптесінің сынына жауап берді

Шерзат ісі
Фото: zhasalash.kz

Бұған дейін іске қатысы тоқтатылған адвокат Бағдат Амандосұлы өзінің шеттетілуін "бұл істі біреулер жеке пайдасы мен атақ үшін пайдаланып отыр" деп түсіндірген болатын. 

Алайда адвокаттар тобының жетекшісі Мейірман Шекеев бұл мәлімдемеге дереу жауап қайтарды. Оның айтуынша, Бағдат Амандосұлы сот процесіне жеткілікті деңгейде жауапкершілікпен қарамаған.

«Сот процесі жүріп жатқанда, ол концерт аралап, өз шаруасымен жүрді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды орындамады. Жауапкершілік жүгін түсінбеді. Істің мүддесіне қайшы әрекет жасады. Оған бірнеше рет ескерту жасадым. Бұған нақты дәлелдер бар. Амандосұлын топқа өзім шақырған едім, енді өкініп отырмын», - деді Шекеев.

Шекеев сонымен бірге Бағдат Амандосұлының адвокаттар құрамына кіру кезінде өзі қол қойған келісімшартты бұзғанын айтты.

«Бұл келісімшарт бойынша Бағдат мырза сот талқылауы толық аяқталмайынша, қылмыстық іс бойынша ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде немесе кез келген басқа да қоғамдық алаңда пікір, сұхбат, түсініктеме беруге құқылы емес деп өзі белгілеп жазған. Бұл норманы да бұзды. Біздің байқауымызша, жәбірленуші тарап маған көп видео жіберді. Екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, солардың мүддесін қорғағандай әрекет жасады. Бұл Шерзат ісінің мүддесіне қайшы», - деді Мейірман Шекеев.

Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұл істі тек Мейірман Шекеевке сеніп тапсырғанын мәлімдеді.

«Мен тек Мейірман мырзаға ғана өтініш білдірдім, істі сол кісіге аманаттадым. Бағдат Амандосұлымен арада ешқандай келісімшарт болмаған. Іске кім қатысатынын, оны қалай жүргізетінін Мейірманның өзі шешеді», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін адвокат Бағдат Амандосұлы сот процесінен «белгісіз себептермен» шеттетілгенін айтып, бұл іске жеке мүдде мен атақ-даңқ үшін араласқандар бар деп мәлімдеген еді.

«Сот процесінде тек өзім сөйлеймін, тек мен сұхбат беремін деген талап маған орынсыз көрінді. Біз жалдамалы жұмысшы емеспіз. Мен біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Себебі бұл істегі қан хайп құралы емес», - деген болатын адвокат Амандосұлы.

Адвокаттар арасындағы келіспеушілік әлі де басылар емес.

Тегтер: