Көп мәселе айтылды, көтеретін бел керек!
Мойындау керек, Қазақстанның тәуелсіздіктен бергі отыз жылдық тарихын: қаңтар қырғынына дейін және қаңтар қасіретінен кейін деп екіге бөлу керек.
Қанды қаңтарға дейінгі Қазақстан дамуының қандай болғанын айтып жатудың қажеті шамалы… Ал қаңтардағы қантөгістен кейінгі Қазақстан келбеті енді-енді көріне бастады. Оның айқын дәлелі – кешегі Президент Жолдауы!
Кеше парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Онда мемлекет басшысы ел дамуының бірқатар мәселелеріне нақты тоқталып, алдымен қаңтар қасіреті туралы айтты. Ол: «Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын» – деп бастады сөзін. – Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз» – деді. Сондай-ақ тергеу барысы қадағаланып отыратынын, кінәлілердің бәрі жазаланатынын ашық айтты.
Ал саяси өзгерістер туралы мемлекет басшысы президенттік квота арқылы сайланатын депутаттар саны азая түсетінін айтты. Бұл туралы: «Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым», – дей келіп: «Бізге Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлы қадамдар қажет. Мұнда ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы айтылып отыр» – деп, атап өтті.
Бұдан бөлек Қ.Тоқаев Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды. «Мен Ппезиденттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді», – деді.
Бұдан былай Қазақстанда президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым салынады. Сондай-ақ президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз.
Жолдауда Қ.Тоқаев партияларды тіркеу шегін 5 мың адамға дейін төмендету туралы айтты. Мемлекет басшысы: «Тіркеу шегін төрт есе – 20-дан. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны үштен бірге 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады», – деп түсіндірді.
Жолдауда журналистер қауымының құлағын көтерген жағымды жаңалық та болды. Яғни Қазақстан президенті «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», – дегенді қадап айтып, тілшілер қауымына арнайы жүгінетінін жеткізді. Ол: – «Демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», – дегенді баса айтты.
Жолдауда Қ.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінен артық байлық жоқ екенін айрықша атады. Ол: – «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені, ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады» деп түйіндеді. Түсінген адамға бұл Жолдау бұрынғылардан мүлде бөлек Жолдау болғанын ашық айту керек. Ал Жолдауда айтылған мәселелердің қалай атқарылып, қалай жүзеге асатыны уақыт еншісіндегі шаруа.