Көппәтерлі жалға берілетін үй пайдалануға берілді
Конституция күні мерекесіне орай Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, салтанатты түрде қоныс аударушыларға кілттерін табыс етті. Жаңа қоныстанушылар ішіне жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар кірді. Ауданда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте 4717 адам тіркелген.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 675 жалгерлік тұрғын үй сатып алу және 105,1 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша – 50 тұрғын үй сатып алу және Есік қаласында үш 30 пәтерлі, бір 40 пәтерлі тұрғын үй, Шелек ауылында екі 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, 2024 жылы қолданысқа берілетінін атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен аудан әкімі Алтай Досымбаев лентаны салтанатты түрде қиып, жаңа қоныстанушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, әр отбасына бейбітшілік, жақсылық пен амандық тіледі.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша ағымдағы жылы 811 мың шаршы метр баспана құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 584,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 105,4 пайызын құрайды, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша халық есебінен 34,581 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бюджет есебінен 120 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.