Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 24 Желтоқсан 2021

Көпшілік пікірі қайда қалды

None
None

        Көпшілік пікірі қайда қалды

Павлодар облысы жан-жақтан қаумалаған зауыттардың түтініне тұншығып отыр. Олардың ауаны ластап, адам денсаулығына әсер ететіні соншалық – өңірде қатерлі ісікке шалдыққандар саны уақыт өткен сайын көбейіп барады. Алайда оған назар аударатын билік жоқ. Шенеуніктер жұрт қарсы шыққан тағы екі зауытты салуға бекінді.

Осыдан біраз уақыт бұрын Екібастұз қаласының аумағында ферроқорытпа шығаратын зауыт салу туралы әңгіме ел арасында тарай бастады. Жоба туралы сөз қозғалғаны сол еді, экологтар мен тұрғындар қарсы шықты. Олардың пайымынша, жаңа кәсіпорынның қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттары көп болады. Шілдеде өткен қоғамдық кеңес барысында жергілікті эколог Тенгиз Аубашев қарсылық танытқан топ өкілдерінің президентке хат жазуға дайын екенін айтқан болатын. Алайда тұрғындардың қарсылығына қарамастан, қоғамдық тыңдау өтті деп саналды. Ал осыдан біраз уақыт бұрын ферроқорытпа шығаратын зауыттың басшылары жобаны таныстырды. Кәсіпорын акционерлері қатарында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулиннің бары анықталды. Акциялардың тағы бір бөлігі танымал бизнесмен Давид Кемертелидзеге тиесілі екені белгілі болды.

Құны 92 млрд теңге болатын жоба Екібастұз қаласының жаңадан ашылатын индустриялық аймағында салынады. Ерлан Нығматулин зауыттың еш зияны жоқ екенін айтып, кәсіпорынның елдің экспорттық әлеуетін көтеретініне сендіріп отыр.

– Зауыт экологиялық тұрғыдан таза болып есептеледі. Одан шыққан қалдықтардан микрокремнезем өндіріліп, әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Жалпы, зауыттың өнімі толығымен экспортқа бағытталған. Біз оны әлемнің 52 еліне жеткізіп, ферросилицийдің әлемдік нарығында алдыңғы қатардан орын алуды көздеп отырмыз. Соның нәтижесінде өңірдің экспорттық әлеуеті артады, – дейді Ерлан Нығматулин.

2023 жылы іске қосылатын зауытта шығарылатын ферросилицийді сатып алу жөнінде қазірдің өзінде келіссөздер жүргізіліп, оффтейк келісімшарттар жасалған көрінеді. Алдын ала есептеулер бойынша, жылына 76 млрд теңгенің өнімі Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріне экспортталады. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та бұл кәсіпорында 800 жаңа жұмыс орны ашылатынын айтып, жобаны қос қолдап қолдап отыр.

Сондай-ақ павлодарлық шенеуніктер облыс орталығында кальцийленген сода зауытын салуды құптайды. Құптамай қайтсін?! Үкімет басшысы Асқар Мамин Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен кездесуге қатысып, зауыттың салынатынын кесіп айтты. Оны шекараның арғы жағындағы «Башқұрт Сода компаниясы» АҚ мен павлодарлық «Каустик» АҚ бірігіп іске асырмақ. Екі елдің басшылары қатысқан жиында бұл компанияның өкілдері келісімшартқа қол қойды. Екі тарап жаңа химия кластеріне барлығы 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Бірақ бұл зауыттың салынуына да жергілікті жұртшылық қарсы болған еді. Белгілі эколог Светлана Могилюк кальцийленген сода зауыты Ертіс өзені суының өте көп бөлігін пайдаланатынын айтып дабыл қақты. Соның салдарынан қала тұрғындары тіршілік нәрінсіз қалуы әбден мүмкін. Қоршаған ортаға жаны ашитын өзге тұрғындар да әлеуметтік желі арқылы жанайқайын білдіріп жатты. Бірақ оның бәріне құлақ асатын билік болған жоқ. Бәлкім, павлодарлық атқамінерлер үшін олардан жоғары тұрған бірлі-жарым шенді-шекпендінің сөзі маңызды шығар. Қалай болғанда да, жаңа зауыттардың адам денсаулығына, күнделікті тіршілігіне оң әсер етпесі анық. Соған қарамастан, жоғарыда шешім қабылданды, келісімшарттар жасалды. Демек, өңір тұрғындары зауыттың түтініне одан әрі тұншығатын болды.

Тегтер: