Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:20

Көптеген адам осындай мерекенің бар екенін де білмейді

Дос Көшім

Кеңес өкіметі кезінде ең негізгі мереке 1 мамыр – Еңбекшілердің ынтымақ күні мен 7 қараша – Ұлы Қазан социалистік төңкерісі күні болатын.

Біздің биліктегілер, бұрынғы Коммунистік партияның адамдары, сол даталарды әлі күнге дейін жойғысы келмейді. Коммунистердің демократ, ұлтшыл болып шыға келгені сияқты тек атауларын ауыстыра салды.

Ресми статистикаға қарап отырсақ, бүгінде Қазақстан халқының жалпы саны 20,3 млн адам екен. Соның ішінде 14,5 млн-ы қазақтар, 3 млн-ға жуығын орыстар құрайды. Одан кейінгі ірі диаспора – өзбектер 700 мыңға жетеқабыл. Бұдан басқа ірі диаспоралардың қатарына украин, ұйғыр, неміс, татар, әзербайжан, корей, түріктер кіреді.

Шындығында, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің еш мән-мағынасы жоқ. Негізі бекітілетін дата әр уақытта белгілі бір оқиғаға байланысты берілуі керек еді. Ал 1 мамырда Қазақстанда тұратын ұлттарды біріктіретін елеулі оқиға болды ма? Жоқ, әйтеуір бір күнді белгілей салған.

Қазіргі «Алғыс айту» сынды мереке осы сияқты, өзім соны түсіне қоймаймын. Алғашқыда оны Қазақстан халқы ассамблеясының Корей диаспорасы көтерген. Мен сонда бірге болдым. Қазақтарға алғыс айту қалай басталғанын, сол үшін үлкен ескерткіш қойған шараларының бәріне араластым. Бірақ кейіннен «Алғыс айту» күнінің арты не болғанын өзіміз де түсінбей қалдық. Қысқасы, мұның бәрін жасанды идеологиялық ұрандардың қатарына жатқызу керек.

Бұл, бәлкім, жиналысқа, мемлекеттік мерекелердің ішіндегі жақсы атауға керек болар, бірақ нақты ішкі мағынасы, қадір-қасиеті, не тарихи оқиғасы, яғни негіздемесін көрмейміз. Не соны мемлекеттік деңгейде мерекелеп, мейрамдап жүрген халық та байқалмайды. Оны мойындауымыз керек. Тіпті Қазақстанда көптеген адам осындай мерекенің бар екенін де білмейтін сияқты. Сондықтан оны Коммунистік партия азаматтарының әлі күнге дейін сол Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан мейрам-мерекелерді есінен шығарғысы келмейтін әдеті ретінде қарауымыз керек.

Әлі есімде, 1990 жылдары партия құрғанда «7 қарашаны тойламайық» деп парақ жасап, түнделетіп таратқанбыз. Сонда 5 жасар қызымды алып шығып, Алматының барлық көшесін аралап, астыртын жұмыс сияқты «Большевиктердің, ашаршылықтың, «қызыл террордың» басталған күні» деген жазумен халыққа «мерекелеп шықпаңдар» деп үгіттегенбіз. Сол секілді, 1 мамырға да көзқарасымыз осындай еді. Бірақ билікті бұрынғы компартияның адамдары алды да, сол бағытта ескі сүрлеумен жұмыстарын әлі жалғастырып келе жатыр. Сондықтан 1 мамырдың бүгінгідей аталып өтіп жатқанын өз басым соның көрінісі деп ойлаймын.

Дос Көшім, саясаткер

Тегтер: