«Қор қызы». Перизат Қайраттың қандай компаниялары бар?
Көктемдегі су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатырмыз деген «Біз біргеміз Қазақстан 2030» қоғамдық қоры ерекше көзге түскен еді.
Тіпті онымен бірігіп, елдегі танымал екінші деңгейлі банктер де жұмыс істеді. 14 қарашада осы қайырымдылық қордың басшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. «Жас Алаш» оның басқа да қандай компанияларға қатысы барын зерттеп көрді.
Антикор жариялаған тізімде Перизат Қайраттың қор ақшасын пайдаланып, қымбат бұйымдар мен көліктер, Астанадан элиталы пәтерлер сатып алғаны жазылған. Мысалы, Перизат Қайрат көктемде 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval көліктерін сатып алған. Бұдан бөлек ол Астананың қымбат тұрғын-үй кешендері – Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлаудан пәтерлер мен Vela Village коттедж қалашығынан баспана сатып алған. Бұл жылжымайтын мүліктерге жалпы 600 млн теңге жұмсаған. Перизат Қайрат мұнымен тоқтамай, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған. Аталған елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат бұйымдарын сатып алып, қымбат мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған. Қордағы ақшаны жымқыру үшін Перизат Қайрат достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырғаны айтылады.
Перизат Қайрат ұсталғасын оның бұдан бұрын да қор ақшасын оңды-солды жұмсағаны белгілі болды. Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырған. Былтыр желтоқсанда осы ақша есебінен Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz 500 көліктерін сатып алған. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігін Біріккен Араб Әмірлігінде Rolex, Prada және Fendi брендтерінен зергерлік бұйымдар, сағаттар мен киімдер сатып алуға жұмсаған.
Перизат Қайраттың капиталы
Перизат Қайрат есімі күллі жұртқа белгілі болғасын біз оның қандай компанияларға қатысы барын тексеріп көрдік. Әділет министрлігінің мәліметінше, оған қатысты 3 компанияның аты аталады. Олар:
1. Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі;
2. Rebel Flowers ЖШС;
3. «Пара үстел теннисі федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі.
Бұлардан бөлек, Перизат Қайратқа Р-К атты жеке кәсіпкерліктің тіркелгенін де анықтадық. Аталған жеке кәсіпкерлікке тіркелген нөмірді Getcontact қосымшасы Василина Сабристоваға тиесілі деп көрсетті. Бұл нөмір көбіне ет сатушысы ретінде сақталған. Ал БАҚ-та жазылған ақпаратқа қарағанда бұған дейін ол араб елдеріне ет жеткізетін отбасылық кәсібі барын айтқан екен.
Енді Перизат Қайратқа қатысы бар делінетін компанияларға жеке-жеке тоқталып кетейік:
Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі
Астана қаласында 2021 жылы, 11 қазанда тіркелген. Директоры – Перизат Қайрат. Құрылтай құрамында Перизат Қайратты қосқанда 10 адам бар.
Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін аталған қордың құрылтайшысы ішінде Amanat партиясы бар деген де ақпарат тарады. Бірақ партия өкілдері «Жас Алаш» тілшісіне қормен ешқандай байланысы жоғын айтты. «Аманат» партиясы «Біз біргеміз» қорының құрылтайшысы емес және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ», – деп жауап берді партия.
Ал 20 қарашада «Аманат» фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев: «Бұл қордың партияға еш қатысы жоқ, ол жеке қор. Қордың құрылтай құрамында «Аманат» партиясының мүшелері бар. Арсланбек Мағзұмов пен Сергей Матюшенко 2021 жылы еріктілер қатарында болды. Олар волонтерлік қызметті дамытатын қоғамдастық құруды мақсат етіп, қайырымдылықпен айналысты. Бүгін бұл жігіттер бізде жұмыс істейді», – деп ақталды.
Десе де, партия қордан ат-тонын алып қашқанымен, Amanat партиясының бұрынғы және қазіргі мүшелерінің қор құрылтайшысы екені шындық. Мысалы, қор құрылтайшысы Сергей Матюшенко аталған партияның Астана қаласы Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы. Мағзұм Арсланбек болса, Астана қаласы Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы» филиалының төрағасы. 2023 жылғы 29 наурызда Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған. Қор құрылтайының тағы бір мүшесі Әйгерім Серікжанова да Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы «Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы, тағы бір қор құрылтайшысы Аян Хафиз есімді азамат та Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы.
Енді «Біз біргеміз» қорының өзіне келейік. Мемлекеттік кірістер комитеті аталған қордың салығы туралы мәлімет бермеді. Ал adata-ның мәліметінше, «Біз біргеміз» қоры 2023 жылы 165 мың теңге салық төлеген. Табысы 900 мың теңгеге жуық. Қордың 2021-2022 жылдардағы табысы мен салығы туралы мәлімет кездеспейді. Statsnet қызметі қордың былтырғы қаржы айналымы 10 млн теңгеге жуық деп көрсетті. Төлеген салығы 184 мың теңге. Бұл қор туралы басқа мәліметтер жоқ.
Көріп отырғандарыңыздай, қордың аудиттік есептері жасырылған. Ал негізінде қайырымдылық қордың әр жасаған жұмысының есебі жарияланып отыруы керек. Бұл қорда осындай шикілік көп. Тіпті «Біз біргеміз» қоғамдық қоры ресми сайтында істеген жұмыстарын көрсететін түпнұсқа суретті емес, шетелдік ақылы платформалардан алынған суретті пайдаланғаны белгілі болды. Бұл туралы отандық БАҚ жазды.
Rebel Flowers ЖШС
Астана қаласында 2022 жылы, 18 қаңтарда тіркелген. Директоры да, құрылтайшысы да Перизат Қайрат.
Компания гүл сатумен айналысады. Бұдан бөлек, шаршы метрі 2 мыңнан аспайтын дүкендерде саудамен де айналысады. Мемлекеттік кірістер комитетінде компанияның ашылғаннан бері қанша салық төлегені туралы мәлімет жоқ. Бірақ statsnet мәліметі бойынша компанияның ашылған жылы қаржылық қоры 77 млн теңгеге жуық болған. 2023 жылы бұл сома тағы да 6 млн теңгеге көбейген. Ал биылғы қаржысы күрт өсіп, 325 млн теңгеден асқан. Осы уақытқа дейін 10 млн теңгеге жуық салық төлеген.
«Пара үстел теннисі федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі
Әділет министрлігінде 2021 жылы, 8 сәуірде тіркелген. Директоры – Перизат Қайрат. Ол бұл қызметке 19 қыркүйекте тағайындалған. Құрылтай құрамында 11 адам бар. Мемлекеттік кірістер комитетінде оның кейінгі жылдары қанша салық төлегені туралы мәлімет жоқ. Тек statsnet 2021 жылғы қаржы айналымы 1,5 млн теңге екенін көрсеткен.
Перизат Қайрат жеке компаниясы
Коммерциялық және кәсіпкерлік қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысатын компания 2018 жылы 2 ақпанда Астанада тіркелген. Қарашадағы мәлімет бойынша 5 адам жұмыс істейді. Ашылғалы бері тапқан табысы және төлеген салығы туралы мәлімет жоқ.
Міне, бұлар 1,5 млрд теңге жымқырды деп айтылып жатқан Перизат Қайратқа қатысы бар компаниялар.
Сөз соңында айтарымыз, елімізде «Қайырымдылық қорына қатысты заң» 2015 жылы қабылданды. Содан бері бірнеше рет өзгерген. Ал биыл маусымнан бастап аталған заңға тағы да түзету енгізу қажет екені айтылып жүрді. Жақында Қазақстан билігі қайырымдылық туралы заңға өзгеріс енгізіп, бірнеше кодексті осы саланы реттейтін жаңа нормалармен толықтыратыны белгілі болды. Енді қайырымдылық қорларын міндетті түрде аккредиттеу, төтенше жағдайлар кезінде қаржы жинайтын ұйымдарды анықтау өкілеттілігін әкімдіктерге беру, сондай-ақ өз бетінше қаражат жинаған тұлғаларға айыппұл салу қарастырылады. Құжат әлі ашық түрде жария етілген жоқ. Соған қарамастан, «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайратпен бірге «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай да ұсталды. Ол 1 млрд 200 млн теңге субсидияны заңсыз алды деген күдікке ілінген. Жалпы, айта кетейік, елімізде 70 қайырымдылық қоры тіркелген. Бұдан бөлек, мыңнан астам қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Олардың жұмысына қатысты қоғамда күдік-күмән мен сын көп айтылады.
Тұрсынбек БАШАР