Көрерменін кейіпкеріне айналдыран Миядзаки
![Хаяо Миядзаки](/static/img/image.jpg)
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде жапон анимациясы жаһандық мәдениетке дендеп кіріп, балалар мен жасөспірімдердің көзайымына айналды.
Әлем анимациясы саналуандықтың ортасында адасып, тақырып іздеп тығырыққа тірелген тұста, біресе оң жақтағы – классикалық ертегілерге, біресе сол жақтағы – соны технологиялық мүмкіндіктердің жетегіне еріп, даурығып жатқанда жапон анимесі өзінің «диснейлік емес» әлемін құрастырып үлгерді. Әу баста қалың көпшілік аниме жанрының ерекшелігін жете түсінбегені рас. Осы тұста Хаяо Миядзаки есімді аниматор күллі әлемдегі анимация саласына төңкеріс жасады. Осы арқылы «Оскар» сыйлығын екі мәрте жеңіп, күллі әлемге жапон мультфильмдерінің қуатын дәлелдеді.
Миядзакиді жай ғана аниматор не шебер режиссер деген пікір тым жалаң болар, анығында, ол мықты мифолог әлде қаламгер дерсің. Себебі көрермен Миядзаки туындыларына үңілген сәттен бастап жұп-жұмыр жазылып, шебер құрастырылған хикаят оқып шыққандай күй кешеді. Миядзаки сан қырлы суретші, анимелеріндегі жапондық, шығыстық нақыштағы бояуларды айтпай-ақ қойғанның өзінде, ол көрерменді кейіпкеріне айналдыра алатын қылқаламшы. Миядзаки феноменінің тәбет ашарлық иісі мен дәмі бар. Режиссердің қай туындысын көріп болған соң сабаннан әлде бамбуктен жасалған жаздық аяқкиім киіп, жұлдыздар мен бұлттарға қарап жайдары жымиып отырғаныңды өзің де аңғармай қаласың. Өз ортасы «Маэстро» атап кеткен Хаяо Миядзаки туындыларының арқасында күллі әлем аниме жанры жайында қалыптасқан сыңаржақ пікірін жойып, оң көзқарас қалыптастырды. Сол үшін де жапондар суретші-аниматорды данышпан санап, атақты Куросавамен қатар қояды. Хаяо тұңғыш анимациялық фильмін 1979 жылы Lupin III: Cagliostro no Shiro атауымен жарыққа шығарады. Кейін 1982 жылдың ақпан айында Animage журналында Kaze no tani no Naushika суретті роман жазуды бастап, бірер жылдан соң бұл суретті романның анимациясы жарыққа шығады. Осылайша, Миядзаки мен Такахатаның бірлескен күш-жігерінің арқасында 1985 жылы бүгінде аты аңызға айналған Ghibli студиясы пайда болды.
![Жүретін сарай Жүретін сарай](https://image.zhasalash.kz/zhasalash-photobank/media/2025-02-15/e0a064db-509b-4aee-aa59-4dd413b2655a.jpeg)
Миядзакидің қай туындысында да қаузайтын тақырыбы – кәдуілгі өмір және сол өмірдің біз әдетте байқай бермейтін күнгей тұсы мен саф құбылыстары. Аниматордың кейіпкерлері әлдеқашан жоғалып кеткен өздерін іздейді немесе өзі секілді жоқ іздеген жаратылысқа керегін тауып беруге көмектеседі. Ол образдарын жақсылы-жаманды қып бөліп жатпайды, барлық образы махаббат пен мейірімді аңсап, одан айырылып қалмау үшін күреседі, таптаурындардан ада, азат сана қалыптастыруға талпынады. Әдетте режиссердің сюжет барысында қолданатын ең сүйікті әдістерінің бірі – кейіпкерлерін қарғыстан құтқару. Қиял-ғажайып, тылсым оқиғалардың тізбегіне ілесе кеткенде бұл өмірдің пәндәуи мәселелерінен тыс қаласың. Ең қызығы да сол – Миядзаки көрерменін болашағында үлкен жақсылықтар күтіп тұрғанына ұдайы сендіре білетін сияқты. Осы орайда Миядзаки феномені – үміт сыйлап, медет беруші, жақсылықтарға жол сілтеуші күш ретінде танылады. Сондықтан әдетте туындыларының бас кейіпкерлері – не қиындық кездессе де тайсалмай қарсы тұратын «Кикидің жеткізу қызметіндегі» Кики, «Елес ерткендер» анимесіндегі Чихиро, «Менің көршім – Тоторо» туындысындағы Сацуки, «Хаулдың жаяу қамалындағы» Софи сияқты кішкентай, бірақ батыл, қайсар балалар. Кейде олардың мінезінен бөлек, сырт келбеті де бір-біріне ұқсап кетеді. Режиссердің шығармашылық кредосы – ғажайыпқа, мейірім мен махаббатқа сену және сезу. Әсіресе 2024 жылы «Оскар» сыйлығын жеңіп алған «Бозбала мен аққұтан» туындысында суретші соғыс пен қатыгездікке деген қарсылығын анық байқатады.
Хаяо Миядзаки сұхбаттарында өз туындыларының балаларға арналғанын жиі атап өтеді, десек те кейде режиссер салған анимациялар қарапайым, бірақ ең аяулы сезімдер мен ең ұлы ақиқатты ересектердің де есіне салады. Мәселен, 2013 жылы жарық көрген «Жел күшейеді» атты туындысы бір қарағанда балалық арман мен оны қандай жағдай болмасын жүзеге асыруға деген ұмтылыс туралы боп көрінгенімен, аталмыш анимеде бір адамның идеясы миллиондаған адам үшін азапқа айналуы мүмкін екенін әрі техникалық прогрестің көлеңкелі тұсы бар екенін. Тек Жапония ғана емес, күллі әлемнің режиссер шеберлігін мойындауы бекер емес. Миядзакидің әр кадры майлы бояумен салынған картина секілді сезіледі. Режиссер ең әуелі анимация суреттерін өз қолымен салып, компьютерлік технологиялардың мүмкіндігіне қарамастан, кадрлардың табиғи болмысын сақтауға мейлінше тырысады. Миядзаки үшін тек басты кейіпкерлерге ғана бар назарды аударып, қалған бос кеңістікті мәнсіз суретпен толтыру жат нәрсе. Сондықтан оның картиналарында артқы пландағы кейіпкерлер мен кескіндер де үнемі қозғалыста болады. Сол себепті анимация кадрлары барынша қызықты әрі мазмұнды боп келеді. Әсіресе Миядзакидің табиғатты салған кадрлары мейлінше шынайы әрі шебер шығатыны бар. Кәдуілгі өмірде біз байқай бермейтін қарапайым құбылыстарға ерекше мән үстейді.
![Елес ерткендер Елес ерткендер](https://image.zhasalash.kz/zhasalash-photobank/media/2025-02-15/ed6246fc-a689-46ae-b5d9-284ea5272199.jpeg)
Мәселен, «Елес ерткендер» анимесі туралы тарқатайықшы. Бұл туынды Хаяо Миядзакидің шығармашылығында ерекше орын алатын анимациялық фильмдердің бірі де, бірегейі. «Елес ерткендер» 2001 жылы жарық көріп, әлемдік киноөнер тарихында өшпестей із қалдырған еді. Ол тек Жапонияда ғана емес, бүкіл әлем бойынша ерекше танымалдылыққа ие болып, 2003 жылы «Оскар» жүлдесін жеңіп алды. Кассалық табыс бойынша бұл жолы Миядзаки Кэмерон мен оның «Титанигін» басып озды. «Елес ерткендер» – ата-анасымен бірге жұмбақ қалашыққа түскен Чихиро есімді қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайтын әдемі ертегі. Елестер қаласына келіп, сиқырдың салдарынан Чихироның ата-анасы шошқаға айналса, кішкентай қыздың өзі ата-анасын зұлым сиқыршы сиқырынан құтқару үшін жергілікті моншаға жұмысқа тұруы керек болады. Мақсатына жету жолында кейіпкер достық пен сүйіспеншілік, махаббат пен мейірім сынды ең аяулы сезімдердің құдіретін түсінуі һәм үйренуі керек. Сонымен қатар фильмнің басында Чихироны қыңыр мінезді, өзіне сенімсіз кейіпкер ретінде көрсек, соңына қарай батыл, ештеңеге қарамастан қиындыққа төтеп беретін бойжеткеннің бейнесі анық көрінеді. Миядзаки әр туындысындағы образдардың түп төркіні, архетиптік бейнесі әлемдік даналықтың алтын бесігіне айналған Жапон халқының фольклорында жатқанын байқауға болады. Мәселен, Миядзакидің осы анимесіндегі Юбабаның ілкі образы жапон халқының фольклорында кездесетін Ямауба дейді. Өзіміздің түркі, Алтай мифологиясында жиі ұшырасатын Мыстан кемпір әлде Жалмауыз секілді жапон жылнамаларында да Ямауба туралы мифтер жиі ұшырасады. Хаяо Миядзаки туындысындағы Юбаба сол шығыс мифологиясындағы Ямаубаның архетипі. Екеуі де алыс орманда немесе тау шатқалдарында жалғыз тұрып, сол мекенге келген саяхатшыларды арбап, кейін азығына айналдырады. Кей аңыздардың желісі бойынша саяхатшы адамдар Ямаубаны алдап кетеді, себебі Ямауба Юбаба секілді ақылымен әлде даналығымен ерекшеленбейді, бірақ түрлі шөптер арқылы удың түр-түрін дайындайды. Юбабаның да, Ямаубаның да басты олжасы – жоғалған немесе ұрланған балалар, сондықтан бұл кейіпкер халық ұғымында жүздеген жылдар бойы тентек балаларды қорқыту үшін айтылатын аңыз ретінде қалыптасқан. Кей аңыздарда Ямауба Кинтаро есімді алып бөбектің күтушісі ретінде көрініс табады. Ал жапон мифологиясындағы Кинтароның сипаты дәл осы анимеде кездесетін «Бо» есімді бөбекке ұқсайды. Кей аңыздарда Ямауба мейірімді мыстан немесе қамқор күтуші ретінде көрінеді. Аниме сюжетінде де Юбаба Чихироны азық етпей, бар білгенін үйретеді.
![Аспан сарайы Лапута Аспан сарайы Лапута](https://image.zhasalash.kz/zhasalash-photobank/media/2025-02-15/9a6eb019-0ee1-4352-b116-0b0ff697e301.jpeg)
Әлемдік мифологияның жалына жармасып алып жасап келе жатқан шығармашыл жандар мол. Бірақ аса мәртебелі маэстро олардың тобынан емес. Будданың жапон ағымы әлсіз сезілгенімен, Миядзаки туындыларының негізгі тірегі – «синтоизм». Синтоизм іліміне қарасақ, тастан бастап тауларға дейінгі бәрінің рухы болады дейді. Тіпті кейде материалдық дүниеге де рух дарытып қояды. Мәселен, «Менің көршім – Тоторо» туындысына да арқау болған тролльдар жапон фольклорында ұшырасатын орманның рухына айналған ергежейлі жаратылыстар. Орманда дірілдеп, «то-то-роға» ұқсас оғаш дыбыстар шығаратын алып, үлпілдек аңды Миядзаки «Менің көршім – Тоторо» анимесіне негіз етіп алған. Негіз етіп ала отырып, оның жаратылысы туралы шындықты автор көрермен қиялына тапсырған оқиға кішкентай Сатсуки мен Мэйдің отбасымен, отбасы болғанда әкесімен, ауылға көшіп келуінен басталады. Балалардың ұшқыр қиялы қабылдайтынды үлкендер түсіне бермейтіні, көре алмайтыны бар ғой. Апалы-сіңлілер сондай сәттердің бірінде Тоторомен танысады. Ал Тотороның досы – «Котобус» жапон мифологиясындағы Бакэнэко деген кейіпкерге ұқсайды. «Хаулдың жаяу қамалы» мен соңғы туындысы «Бозбала мен аққұтаны» да осы ілімнен айналып өтпейді. Әр туындысында ұшырасып қалатын «көшу», «жақынынан айырылу», «қарғысқа ұшырау» сынды мотивтер бұл туындыларында да бар.
Қалай десек те, Миядзакидің туындылары бүгінде әлемдік феноменге айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Жапон халқының болмысы мен мәдениетіне Хаяо туындылары арқылы бүкіл әлем назар аударды, зерттеді. Әлі де зерттеліп жатыр. Бірнеше өнерді бойына тоғыстырған анимация жанрында төңкеріс жасаған режиссердің туындылары көп баланың ең аяулы кезеңіне куә болды, балалығын сағынған шақта қайта айналып келетін қазығына айналды. Хаяоның туындыларын сан мәрте көрген сайын, санаңда жаңа ой, шабыт туады. Туындыларындағы мейірім мен махаббат, жақсылыққа деген шөкімдей сенім мен үміт арқылы көрерменнің көңіл түкпіріне ұя салады. Әлем көрермені Миядзакиді сол үшін де ерекше жақсы көретін шығар.
Дайындаған Сәруар Бақберген