Кореяның парламенті президентті бұрышқа тұрғыза алады
Онсыз да жан-жағына жалтақтап отырған әлем үшін тағы бір интрига пайда болды – Оңтүстік Корея.
Ресей-Украина соғысына Солтүстік Корея араласа бастағалы бері тынышы кетіп, барлау қызметі арқылы барын салып, әлемге, Украинаға қажетті ақпараттар беріп, керек болса бауыры әрі қырғиқабақ көршісінің әскерінің сырын жақсы білетін ел ретінде украиндарға көмек беруге дайын екенін білдіріп жүрген, шекарасында күзетін күшейтіп, әскерін сақадай сай қалыпқа келтіріп жатқан ел бір-ақ сәтте өз ішінен бүлінді де қалды.
Корея президенті Юн Сок Ëль 3 желтоқсанның түнінде елде әскери режим жариялап, акция, наразылық өткізуге тіпті саяси партиялардың қандай да бір іс-шара ұйымдастыруына тыйым салды. Корея басшысы өзінің күтпеген жарлығын «арандатушы күштермен» күрес ретінде түсіндірген. Қысқаша үндеуде «коммунистік күштер», «азамат соғысы», «Пхеньяншыл элементтерді түп-тамырымен жою», «мемлекеттік құрылымдардың жұмысын тұсаушылар», «мемлекетке қарсы әрекет» сияқты тіркестер кездеседі.
Бірақ бұл төтенше жағдай алты сағатқа ғана созылды. Сеулдегі Парламент үйіне әскерден бұрын наразы халық жетті. Олар әскерді Парламент сарайына кіргізбей, біраз бөгеп тұрды. Әскерилер мен наразы топ арасында бас жарылып, көз шыққан қақтығыс болмаса да, текетірес оңай болған жоқ. Ақыры, әскерилер халықты бұзып-жарып, сарайды «алған». Одан кейін, бірқатар саяси оппозиция өкілінен сайланған депутаттар парламент сарайына кіре алмай жатқандары туралы ақпарат тарады. Оның мәні көп ұзамай белгілі болды: Парламент президенттің әскери режим туралы жарлығын заңсыз деп санап, шұғыл отырыс нәтижесінде дауысқа салып, әскери режимді алып тастау туралы шешім қабылдады. Содан кейін әскер Парламент қабырғасынан шығарылды. Дегенмен Қорғаныс министрі «президенттің бұйрығынсыз әскерді кері алып кете алмайтынын» айтып, әскерін Парламент үйінің сыртына ошарып қойды.
Бұл кезде Сеул көшелері де наразы жұртқа лық тола бастаған. Жағдайдың асқынып бара жатқанын аңдаған, түнімен ұйықтамаған шаршаңқы Юн Сок Ëль таң атар-атпастан телеарна арқылы қайта үндеу жасап, парламенттің шешімін қолдап, әскерилерді бөлімшелеріне қайтаратынын мәлімдеді. Осымен тынған шығар дегенбіз. Бірақ жағдай мүлде басқа, күтпеген бағытта өрби бастады. Мүлде күтпеген деуге де келмейді, себебі президент әскери режим туралы бұйрық бергенде үкімет мүшелеріне негізсіз сенімсіздік танытып, өзінен де заңсыз импичмент талап еткісі келетін күштер туралы айтқан. Соған қарап, екінші күнгі оқиғаларды ол күткен қауіптің заңды жалғасы деуге болады. Көшеге шыққан жұрт әскер тарады деп тарап кеткен жоқ, президенттің отставкасын талап ете бастады.
Отставка да көп күттірген жоқ. Ең алдымен президент әкімшілігі түгелдей отставкаға кетті. Осы сәттен бастап Юн Сок Ëльдің тағдыры шешіліп қойғандай әсер қалдырады. Себебі демократия құндылықтары сақталған ел ретінде саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлер біздегідей президенттің шешіміне байланып қалмауға тырысады. Егер президенттің әлдебір күмәнді немесе заңсыз ісі білініп, импичментке ілігіп, орнынан кететіндей болса, оның қасында соңына дейін қалу – саяси өлікке айналу деген сөз. Сондықтан басқа емес, президент әкімшілігінің алдымен қозғалуы Юн Сок Ëльге шынымен бір тықырдың таянғанын білдіреді. Екіншіден, бұл Корея үшін импичмент таңсық ұғым емес, бұған дейінгі президенттері түгелге жуық тақтан тайдырылған. Соңғысы осыдан сегіз жыл бұрын ғана президент Пак Кын Хеимпичментпен орнынан кеткен. Ол кезде алдымен оның жақын құрбысы әрі көмекшісі жемқорлық туралы күдікке ілініп, артынша оған президенттің қатысы бары анықталып, бір Сеулдің өзінде 400 мыңнан астам наразы халық көшеге шыққан. Және президент қанша кешірім сұраса да, қайыспай, соңына дейін отставка туралы талаптарын өзгертпеген. Осы жағын ескерсек, Кореяның қазіргі президентінің де жағдайы мүшкіл деген сөз. Рас, Пак Кын Хе төрт жыл президент болып барып кеткен, ал Юн Сок Ëль бес жылдық президенттік мерзімінің жартысын енді өткізді.
Юн Сок Ëльдің орнында қалу мүмкіндігі аз екенін көрсететін тағы бір жанама фактор – оның партиясы. Бұрынғы бас прокурор президенттікке «Халық қуаты» партиясының атынан түскен. Ал қазір Корея парламентінде ең көп депутаты бар партия – «Демократиялық партия». Демек, оның әскери режим туралы жарлығын дауысқа салғанда қолы дірілдемеген «Демпартия» өкілдері мен өзге оппозициялық партиялардың депутаттары импичмент туралы мәселені қарағанда да толқи қоймас. Ең қызығы, әскери режим енгізуге президенттің өзінің партиясы «Халық қуаты» да қарсы болған. Кореялық Yonhap ақпарат агенттігі қазірдің өзінде оппозициялық алты партия (192 депутат) президентке импичмент жариялау туралы заң жобасын әзірлеп тастағаны туралы хабарлады. Құжат парламентке жолданып та үлгерді. Парламент екі күнде шешім қабылдайды, ал ақырғы шешімді Конституциялық сот шығарады.
Жай ғана сәйкестік дейсіз бе, тағдыр тәлкегі дейсіз бе, Юн Сок Ëль прокурор кезінде осыдан сегіз жыл бұрын импичментпен президенттіктен кеткен Пак Кын Хенің ісін жүргізген. Ал Пак Кын Хе атақты әскери диктатор Пак Чхун Хидің қызы. Оңтүстік Кореяда әскери режим соңғы рет 1979 жылы, осы Пак Чхун Хи өлтірілгенде енгізіліпті.
Айтпақшы, Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл елде 30 мың қазақ жүргенін, әзірге ол жақтағы Қазақстан елшілігіне ешкім шағым айтпағанын мәлімдеді.
Алмас Нүсіп