Қорғаныс министрі әскерді заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету керегін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады.
Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы баяндалды.
Ақорда ақпаратынша, Руслан Жақсылықов халықаралық оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, жауынгерлік дайындыққа жаңа әдістер енгізу жөнінде мәлімет берді.
Сондай-ақ қарулы күштердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігіне қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы жайында айтты.
Заманауи қару-жарақпен және әскери техникалармен қамтамасыз ету, қорғаныс инфрақұрылымын дамыту, әскери-патриоттық жұмыстарды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, әскери қызметшілер мен зейнеткерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауды арттыру шаралары туралы айтқан.