Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:41, 26 Қыркүйек 2024

Қорғаныс министрлігі Әскери медицина академиясын ашуды жоспарлап отыр

у
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі Әскери медицина академиясын ашу мақсатында ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы бейінді жоғары оқу орнын құру жобасын дайындады.

Қазіргі уақытта жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесіп дайындайды. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери-медициналық кадрларды дайындау «Астана» медициналық университетімен академиялық ұтқырлық шеңберінде ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери медицина кафедрасының базасында жүзеге асырылады.

Халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша Ресейде, Өзбекстанда, Арменияда, Қытайда және Түркияда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Шетелде әскери медициналық білім алу тілдік кедергілердің, ұлттық және мәдени айырмашылықтардың болуымен, сондай-ақ дипломды тану рәсімдерінің ерекшеліктерімен байланысты екенін атап өткен жөн.

Жобаны іске асыру қолда бар мекемелерді қайта ұйымдастыруды, ұйымдастыру шараларын жүргізуді, қажетті инфрақұрылымды, академияның оқу-материалдық базасын құруды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді және лицензия алуды талап етеді.

Жаңа білім беру мекемесі Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы базасында құрылмақ.

Іс-шаралар қорғаныс ведомствосының мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен, «Қазақстан-Ресей медициналық университеті» мемлекеттік емес білім беру мекемесі және «Әскери медицина ардагерлері» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі.