Қорғаныс министрлігі Бейнеудегі әскерилерге жасалған қорлық фактісін жоққа шығарды

Тексеру нәтижесі — «тәртіп бұзушылық анықталған жоқ»
Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде болған дауға қатысты ресми тексеріс қорытындысын жариялады.
Министрлік мәлімдеуінше, бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынған, алайда «әскери тәртіпті бұзу белгілері анықталмаған».
Сарбаздардың өздері берген түсініктемелер «өзара қайшы және жиі өзгеріп отырған» деп көрсетілген.
Құрлық әскерлері басшылығының мәліметінше, «жағдай бақылауға алынған». Алайда бұл мұнымен сарбаздардың аналары келіспейді.
«Ұлымды қорлады, содан кейін өзіне қол салмақ болды»
Алматы облысының тұрғыны Лаура Шынтемірованың айтуынша, баласы әскери бөлімде сексуалдық сипаттағы қорлық көріп, психологиялық күйзеліске түскеннен кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
«Ол қашып кетпек болған, бірақ оны ұстап алған. Содан кейін қорқыныш пен қорланудың әсерінен тамырын өзі кесіп тастаған», — дейді Шынтемірова.
Оқиғадан кейін сарбаз психикалық денсаулық орталығына жеткізілген.
«Денсаулығы мықты баланы ауру етіп қайтарды»
Жарқынай Лұқпанова есімді тағы бір ананың ұлы да сол бөлімде борышын өтеп жүрген, қазір ол Ақтөбедегі психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр.
«Біз ұлымызды әскерге сау жібердік. Ал бірнеше айдан соң оны психикалық ауытқуы бар күйде қайтарып отыр. Бізге “тұлғаның екіге жарылуы” деген диагноз қойылғанын айтты.
Бірақ қалайша бірнеше айдың ішінде адамға мұндай дерт жабысады?» — дейді Лукпанова.
Күдікті диагноз және шала тексеру
Психиатриясы дамыған елдерде диссоциативті тұлға бұзылысы (тұлғаның бөлінуі) өте сирек кездеседі — шамамен әр 100 адамның 1–2-сінде ғана.
Қазақстанда мұндай жағдайлар аса сирек тіркеледі. Алайда Лукпанованың ұлына дәл осы диагноз қойылған және Ақтөбедегі психиатриялық орталық дәрігерлері бірнеше апта ішінде “емдеп шығарыпты”.
Салыстырмалы түрде айтқанда, осындай диагнозбен әлемде белгілі Билли Миллиганның (23 түрлі тұлғасы бар адам) жағдайын ғалымдар жылдар бойы зерттеген.
Қазірге дейін белгілісі: Бейнеудегі №99116 бөлімінен үш сарбаз психиатриялық клиникаға жеткізілген.
Олардың екеуінің жағдайы белгілі — Шынтемірова мен Лұқпанова балаларының тағдыры үшін шырылдап жүр. Ал үшінші сарбаздың жай-күйі туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Қорғаныс министрлігі тек «суицидтік мінез-құлық белгілері байқалған» деген қысқа түсініктеме берген.
Әскердегі қорлық пен азаптау фактілері Қазақстанда бұрын да бірнеше рет тіркелген.
Алайда бұл жолы министрлік кезекті рет барлығын «жалған айып» деп көрсетіп отыр.