Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:57

Қорғаныс министрлігі БҚО-да дрондардың құлауының ықтимал себебін атады

Дрон
Дрон. Фото: Саясат

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан облысында (БҚО) табылған пилотсыз ұшу аппараттарының (ПҰА) пайда болуының негізгі себебі Ресей мен Украина арасындағы соғыс әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

 Бұл туралы ақпарат ведомствоның "За нами выехали" телеграм-каналының сауалына берген жауабында айтылған.

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі халықаралық ахуалды ескерсек, Қазақстан аумағында табылған ПҰА Ресей-Украина қақтығысында пайдаланылған болуы мүмкін.

"Осындай оқиғалар бұған дейін Румыния, Молдова, Беларусь, Болгария, Польша және Хорватия сияқты мемлекеттерде тіркелген болатын. Қазір Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұл аппараттардың қандай елдерге тиесілі болуы мүмкін екенін анықтау мақсатында шетелдік серіктестерімен консультация жүргізуде", – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда пилотсыз аппараттардың қалдықтарын табу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 464-бабының 1-бөлігі («Ұшу немесе оған дайындық ережелерін бұзу») бойынша тергеу жүргізілуде. Барлық төрт оқиға Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаментімен бір іске біріктірілген. Тергеуге Қазақстанның Қарулы күштері мамандары тартылған.

Министрліктің мәлімдеуінше, табылған аппараттар әдетте барлау жүргізу мақсатында пайдаланылады. Олардың құлауынан зардап шеккендер мен материалдық шығын болмаған.

Қорғаныс министрлігі елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын және барлық қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін атап өтті.

Айта кетсек, биылғы ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысында дрон қалдықтары төрт рет табылды. Алғашқы оқиға 18 ақпанда Бөкейорда ауданындағы Ұялы ауылында тіркелді. БАҚ беттерінде алғашқы табылған аппараттың ресейлік «Орлан-10» дронына ұқсайтыны хабарланды.

Бұдан кейін, 18 наурызда Тасқала ауданының Атамекен елді мекенінде тағы бір дрон құлады. Оның ұзындығы 300 сантиметр болды. 24 және 26 наурызда Жәнібек ауданы аумағынан екі рет дрон қалдықтары табылған.

26 наурызда ҚР Қорғаныс вице-министрі Батыс Қазақстан облысынан табылған пилотсыз ұшқыштар туралы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, журналистерді «арандатпауға» шақырды.

Тегтер: