Қорғаныс министрінің орынбасары тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Алмаз Жұмакеев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейінгі атқарған лауазымынан босатылды.
Алмаз Жұмакеев әскери қызметте 1992 жылдан бері келе жатыр. Өз мансабында түрлі басшылық лауазымдарды атқарған. 2022 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалған болатын.
2025 жылдың жазында Тоқаев Руслан Жақсылықовты Қорғаныс министрі лауазымынан босатты. Бұл орынға генерал Дәурен Қосанов келді. Кейінірек Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы да тағайындалған еді.
Айта кетейік, елімізде әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздар қаза табуы жасырын емес. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жыл басынан бері Қарулы Күштерде тіркелген өлім жағдайларына байланысты қаңтар айының соңында бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, атыс жаттығулары кезінде сақтық шаралары қатаңдатылыпты, әскерилер психологиялық тексеруден өтіп, командирлер мен сержанттардың жауапкершілігі артқан. Сонымен қатар барлық оқиғалар бойынша кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған. Бірқатар бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары қызметінен босатылып, кейбір қолбасшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әзірге бұл шаралардың нәтижесі күмәнді. Себебі 17 ақпан күні Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» полигонында Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбазы қайғылы жағдайда көз жұмды. Министрліктің мәліметінше, оқиға жоспарлы далалық атыс жаттығулары барысында болған.
Қаңтар айында бірнеше сарбаз қаза тапты
- 27 қаңтарда Жамбыл облысында тағы бір сарбаздың қаза болғаны белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметкер снайперлік мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген.
- 23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші қаза тапты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған. Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
- 14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік КамАЗ көлігі қағып кеткен.
- 7 қаңтарда да Қазақстанның Ұлттық ұланы Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.