Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 19 Наурыз 2024

Қорғай алмай жүрген докторанттарын Нұрбек қалай қорғайды?

Саясат
Фото: из открытых источников

Қазақстанда соңғы 11 жылда 10 276 докторанттың 4 497-сі ғана диссертация қорғаған

Қазақстанда ғылыми үрдісті жаңғыртып, аталған саланы дамыту үшін ірілі-ұсақты, нәтижелі-нәтижесіз қадамдар жасалып жатыр. Солардың бірі – магистрлер мен докторларды көбейту, оларға мол грант бөлу. Бүгінде көпшілік бакалавриат аяқталмаған жоғары білім екен деп, магистратураға «өз аяғымен» барады. Ал PhD бағдарламасы Қазақстанда 2005 жылдан бері бар, 2011 жылдан бастап PhD-доктор ғылыми дәрежесі беріледі. Сол 2011 жылдан 2022 жылға дейін докторантурада 10 276 адам оқыса, оның 4 497-сі ғана, яғни тек 44 пайызы докторлық диссертациясын қорғап шыққан. Мұндағы мәселе – ғалымдардың көпшілігі Scopus халықаралық базасында мақала жариялай алмай жүр.

Магистратурадан соң зерттеумен айналысамын деушілер ғылыми-педагогикалық бағытта үш жыл оқып, PhD ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды. Талап бойынша докторлық диссертацияның ғылыми нәтижелері Scopus-та жариялануы тиіс. Онсыз дәреже ала алмайсың. Бұл база рецензияланған ғылыми жазылымдардың библиографиялық және реферативтік базасы ретінде 2004 жылы құрылған. Онда әлем бойынша мықты ғалымдар мен толымды зерттеулер жарық көріп, жиналады. Осы секілді Web of Science платформасы да танымал, ғылыми ортада абыройлы. Аталған сайттарда тіркелген, рейтингі жоғары халықаралық журналдарға шыққан мақала мен оларға жасалған сілтеменің саны тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде ғалымдар жұмысын бағалаудың көрсеткіші ретінде қолданылуда.

Бүгінде Scopus-та 42 мың, Web of Science-те 33 мың журнал бар. Ал соның ішінде қазақстандық басылымның саны – 11 ғана. Өйткені бұл базаларға ену де, онда ұзақ тіркеліп тұру да оңай шаруа емес. Мәселен, Scopus метрикалар мен бақылау көрсеткіштері арқылы жарияланымдардың сапасын бақылау мониторингін тұрақты түрде өткізіп отырады. Егер осы тексерістер барысында журналдан өз сөзін қайта қолдану (самоцитирование), жалпы қайта қолдану (цитирование), жарияланымдардың саны мен оның оқылымына байланысты нормалық көрсеткіштерден ауытқу байқалса, база оны жөндеуге 2 жыл уақыт береді. Ал осы сынды талаптарға сай келмейтін журналдардың индексикациясы тоқтатылады. Мәселен, жарна алып, мақаланы оңды-солды жариялай беретін, рецензиялау мерзімі тым жылдам журналдардың жолы бірден кесіледі. Осындай қатаң талаптардың әсерінен онда тек сапалы, актуалды, жаңалығы бар зерттеулер жарияланады.

Бірақ неге екенін кім білсін, қазақстандық докторанттар үшін «публикация жасау» бас ауруға, қалың мұңға айналған. Соңғы уақыттары бұл даулы тақырыпқа қатысты неше түрлі пікірлер де айтылып жүр. Біреулер мұндай талап қажет емес, алып тастау керек десе, енді бір топ жарияланым талап етпесек, онсыз да құлдырап тұрған сапа жерге түседі деп қауіптенеді.

Мұншама докторантты қамтамасыз ету мүмкін емес

Мәселен, саясаттану ғылымдарының докторы Жеңісбек Төлен сапасыз докторанттар сапалы зерттеу жасай алмайды, сондықтан халықаралық журналдарға жарияланатын зерттеушілер аз дейді.

«Бұрынғы министрлер де, қарізгі министр Саясат Нұрбек те тәуелсіздіктен бері ғалымдардың саны күрт азайғанын айтып жүр. Осы мәселені шешіп, ғылымдағы кадрды көбейту үшін жыл сайын докторанттардың санын арттырып отырамыз деген бағыт пайда болды. Жылдан жылға грантты көбейтіп, 2029-ға дейін бәленбай мыңға дейін жеткіземіз деп межеледік. Бірақ мұндай сан қуу арқылы ғылымды дамыта алмаймыз. Шындығында, Қазақстанның қазіргі реалитиінде мұншама докторантты қамтамасыз ету мүмкін де емес.

Жасыратыны жоқ, қазір бакалаврды тәмамдаған студент не істерін білмей магистратураға барады. Дәл солай докторлыққа келеді. Ал шын мәнінде зерттеумен айналысатын потенциалды мамандар стимул беретін факторлардың әлсіздігінен, ғылымға қолайлы жағдай жасалмағандықтан докторантураға бармайды, көбіне-көп шетелге кетіп жатады. Ал бос грантты иеленгендер, орын толтыру үшін отырғандар өз кезегінде зерттеуден, мақала жариялаудан қиналып, бөгеліп қалады. Осыдан келіп грант алғандар мен докторлық алғандардың арасы жер мен көктей.

Докторларымыз сапалы болуы үшін лабораториялар қамтамасыз етілуі, шетелдік жетекші табу мәселесі реттелуі, стипендия көтерілуі керек. Себебі докторант жарты жүктемемен ғана жұмыс істеп, уақыты мен концентрациясын ғылымға арнай алуы қажет. Міне, осы мәселелерді шешіп, грант санын азайтсақ, эффект жоғары болады, докторлар мен зерттеулердің сапасы өседі. Өйткені грантты арттырған сайын сапаны қолдан құртамыз. Әлем елдерінде докторантура массалық сипат алып жатқан жоқ».

Докторанттардың зерттеуі шала, жұмысы сапасыз

Бұл пікірге химия ғылымдарының докторы Жексен Тоқтарбай да қосылды:

«Грант өте көп, бәсекелестік жоқ. Сәйкесінше, сапа да болмайды. Кей университеттер көрпесіне қарамай көсіледі де, шамадан тыс грант алып алады. Сосын орын толтыру үшін докторлық оқитындар бар ма деп, жан-жақтан адам іздейді. Тіпті ел аралап кетеді. Алайда ЖОО-ларда соншама докторантты оқытатын ғылыми материалдық-техникалық база қалыптасқан деп айта алмаймыз. Әсіресе зертханалық жұмысты қажет ететін ғылымдарда жағдай мәз емес. Қазір ғылым қарыштап дамып кеткен. Жаңа ғылыми зерттеулер жасау үшін соңғы үлгідегі микроскоптар немесе сол секілді басқа да салалық құралдар керек. Оның бірі де жоқ... Осы себептен, докторанттардың зерттеуі шала, жұмысы сапасыз. Ондай дүниені халықаралық ғылыми журналдар жариялай бермейді. Сондықтан оқығандардың жартысы да диссертациясын қорғай алмай жүр. Демек, мемлекеттен жұмсалған бюджеттің жартысы ауаға кетіп жатыр.

Көбісі дәрежеге қызығып оқуға түсіп алады да, ақырында сол дәрежесін қорғап шыға алмай әуреленеді. Тағы біреулер қорғауды ниет етпейді де. Стипендия жоғары болғандықтан 2-3 жыл «бармын» деп жүреді де, артынан ештеңе болмағандай кетіп қалады. Бір жағынан елімізде докторантура оқыған соң 5 немесе 10 жыл ішінде докторлығыңды қорғауың керек деген шарт жоқ, талап әлсіз. Оның да кері әсері тимей қоймайды.

Ал бүгінде докторлығын алып жатқандардың екі түрі бар, не өзі мықты, не жетекшісі мықты. Өз күшімен алғандар – ғылымға баратындар. Жетекшісінің күшімен әупіремдеп жүріп әрең жеткендерді ғылым қуады деп айту қиын. Яғни докторлық алғандардың өзі де ғылыммен айналысып, үлес қосып жатыр дегенге сенім жоқ. Олардың жартысынан көбі басқа салаға кетіп қалады. Себебі университет оқытушыларының жалақысы аздау. Бұл орайда бір нәрсені анық түсіну керек, докторанттардың санын көбейтуге күш салғаннан ғылым дамып кетпейді. Одан да сол қаржыны сапаны арттыруға жұмсау жемістірек болады. Докторанттарымыздың саны мұнша, бөлген грантымыз сонша деп емес, нақты нәтижемен мақтану керек».

Демек, мәселе халықаралық журналдардың тым жоғары талап қоятынында емес, біздегі докторанттардың тым сапасыз болуында. Өздері докторлық қорғап, университет қабырғасында докторлар дайындауда атсалысып жүрген мамандардың пікірі осындай. Олардың сөзінше, докторлыққа келіп жатқан магистрлердің өзі сапасыз. Себебі онда да бәсеке жоқтың қасы.

Қазақстандағы мәселе оларды қызықтырмайды

Алайда ғылымға енді ден қойылып, докторлардың алғашқы толқыны өндіріске жаңа аяқ басып жатқан шақта мамандарымызды да сапалы зерттеу жасай алмайсың деп кінәлай алмаймыз. Бұл туралы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Қоңыратбай айтты:

«Халықаралық журналдардың базасы мен платформалар, жүйелер шетелдегі бизнестің көзіне айналған. Ақша берсең болғаны, мақалаңды жариялай беретіндері де бар, рецензия да жасалмайды, сапаға да мән берілмейді. Оларды «қарақшы» журналдар атап, күресуге күш салынуда. 2018-2022 жылдары Қазақстанда осындай «қарақшы» журналдарда жарияланғаны үшін 2 644 мақала жарамсыз деп танылған. Демек, біраз отандық зерттеушілер ақшасын желге ұшырып алды. Аталған мәселе әлі де тыйылар емес. Негізі, мұндай жүйелер 5 авторға дейін бірігуге рұқсат береді. Сондықтан бір автор мақала жазады да, жарияланым керек адамдардан ақша жинап, бірлескен жұмыс ретінде көрсетеді. Қазір негізінен осы тәжірибе қолданылып жүр. Ақтау емес, алайда мұндай халықаралық журналдар аз ақша сұрамайды. Ал ғалымдардың айлығы белгілі. Осы мәселе айтылса болды министрлік те, басқасы да ақша сұрамайтын журналдар да бар дегенді алға тартады. Иә, бар, бірақ онда кезек көп. Мақалаң 4-5 жылдап жатады. Мысалы, мен былтыр Түркияның бір журналына тегін материал жарияладым. Биыл тағы беріп едім, алғашқы жарна төлеңіз деп ақша сұрап отыр.

Бұдан бөлек, Scopus, Web of Science аймақтық, өңірлік мәселелерді жариялай бермейді. Ірі-ірі тақырыптар сұрайды. Мәселен, Қазақстанның бір өңіріндегі мәселе оларды аса қызықтыра қоймайды. Ал Орталық Азия деп тақырып алса, қабылдауы мүмкін. Сол секілді гуманитарлық салалардағы зерттеулерді жариялау өте қиын. Себебі біздің гуманитарлық ғылымдарымыз әлі де формула, заңдылық дәрежесіне жете қойған жоқ. Оған қоса ғылыми-техникалық база мәселесі де өзекті. Осының бәріне қарамастан, ғалымдардан жарияланым немесе Хирш көрсеткішін сұраймыз. Әрине, әлемдік талап болғандықтан, одан бас тарта алмаймыз. Алайда сапалы докторлар дайындауға күш салмай, бұл мәселе шешілуі екіталай».

Қазір еліміздегі ЖОО-ларда 38 мыңға жуық оқытушы сабақ беріп жатыр. Ал еліміз импакт факторы бар журналдарға жылына шамамен 2,5 мың рейтингтік мақала береді. Егер оқытушылардың әрбірі орта есеппен бес жылда бір рет жарияласа, жобамен 8 мың мақала болуы керек. Бұдан түсінетініміз, елде шынайы ғылыммен айналысып жатқан мамандар сирек. Бұл қатарға докторлығын ала алмай жүрген зерттеушілер де кіреді. Ал ғылым және жоғары білім министрлігі мұндай үлкен әрі ұзақ перспективалы мәселені кешенді түрде шешуге әрекеттенер емес. Керісінше, грант санын арттыру арқылы барлық мәселені шешеміз деп ойлайды. Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, бәсекеге қабілеттілікті және ғылымға жұмсалатын қаржыны арттыру бағдарламасы бойынша 2029 жылы халықтың 75 пайызын жоғары біліммен қамту көзделген. Біз сөйтіп, бір кездері арман болған 2030-ды жоғары білімді ұлт ретінде аттайтын сияқтымыз...

Баян Мұратбекқызы