Көркем классиканың бұқаралық әдебиеттен несі кем?

XX ғасырдың орта шенінен бастап қоғам технологиялық серпілістер дәуіріне аяқ басты.Француз философы Мерули ХХ ғасырдың басында Еуропа халқының индустрия мен технологияны жаппай игеру мәдениет пен руханияттағы көп құбылыстардың өзгеріп, дамуына ықпал еткенін айтқан-ды.
Бұл жайт әлемдік әдеби үдерісті де айналып өтпегені анық. Том-том боп жазылатын романдардан гөрі қарапайым оқырман ендігіде жалпы бұқараға арнап жазылған, эмоцияға бай, жеңіл шығармаларды оқуды әдетке айналдырды. Осы орайда әдебиеттің өзі «интеллектуал» және «бұқаралық» деп екі түрлі сипатта дами бастағанын аңғарамыз. Бұқаралық әдебиеттің дамуымен детектив, фантастика, триллер, сентименталь әдебиетке сұраныс артты.
Аталмыш әдебиеттер кітап дүкендерінің сөрелерінен түспей, мыңдаған тиражбен сатылып жатады. Тіпті кейбір кітаптың желісі бойынша фильмдер мен сериалдар да түсірілді. Кітап арқылы үлкен табысқа жеткен авторлар да ендігіде сюжет қуалап, кітап жазуға әбден машықтанып алды. Соңғы жылдары бұқаралық әдебиет дегеннің өзі де сұранысқа икемделген коммерциялық өнімге айналып кетті. Қалай десек те, бұқаралық әдебиеттің өзіндік орнын жоққа шығару біржақты пікір болар. Белинскийдің «Кейде бір ғасырда әупірімдеп бір ғана гений қаламгер дүниеге келуі мүмкін, енді осыған қарап тұтас бір ғасыр бойы қоғам әдебиетсіз отырмауы керек шығар» деген белгілі сөзін ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, 90-жылдары Ресейдегі орыстілді оқырмандар шетелдік детектив пен мелодрамаға бас қойып жатты, осы сұранысты байқаған орыс жазушылары өздерінің жаңа бұқаралық әдебиетін жасауға бет бұрды. Ал қазір орыстілді бұқаралық әдебиет өкілдері күллі әлемде көш бастап тұрғаны жасырын емес. Оқырманының ойындағысын дөп басып, эмоцианалды жақындық сыйлаған бұқаралық әдебиет классикалық шығармалармен жақын таныс оқырманға онша ұнай бермейтіні тағы бар. Бұл заңды да. Осы орайда бұқаралық әдебиеттің артықшылығы мен кемшілігі турасында «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға әдебиетшілер Ұлан Еркінбай мен Анар Қабдуллина және мәдениеттанушы Кәмила Нұрболқызы қатысты.
Ж.А: Бүгінде әлем оқырманы классикалық әдебиеттен гөрі бұқаралық әдебиетті құп көреді, қызыға оқиды. Жарық көрген бұқаралық әдебиеттердің бестселлер боп кететіні бар. Осы тұста не үшін деген сұрақ туады. Қысқа, жеңіл жазылған кітаптардың, сіздің ойыңызша, сыры неде?

Ұ.Е: Осыдан он бес жылдай бұрын ғой деймін, америкалық журналист-жазушының «Таяздар» деген кітабы шықты. Зерттеу кітаптың негізгі айтпағы – интернеттің біздің миымызбен не істеп жатқаны туралы. Еңбегінің аты да айтып тұрғандай, ол кісі сол кездің өзінде үрейлене дабыл қақты. Шетсіз, шексіз ақпараттар ордасына айналған онлайн әлем адам баласының миын қайта қалыптап жатыр дейді ғалым. Миымыз өз орнында, бірақ оның ішкі болмысы өзгерген. Бірдемені байыптай ойлау, ақыл таразысына салып бағамдау деген қасиеттері жойылып барады.
Көңіл тұрақсыз, ой шашыраңқы болған соң бірдеңені қадағалап, төзімділік танытып оқу деген қиямет-қайымға айналды дейді әлгі кітаптың авторы. Мұны неге айтып отырмыз. Бұқаралық әдебиеттің классикадан тартымды болатыны – көптің сұранысын ескеретіндігінде. Миллиондаған тираж жасау деген оңай шаруа емес, баспалар мен авторлар бұқараның деңгейін байыптап, олардың миына салмақ түсірмейтін дүниелер дайындауға әбден машықтанып алды. Тез дайындалатын фастфуд тағамдар секілді, атағы жер жаратын кітаптар көп қазір. Қазақ блогер авторлары да соны жетістік көріп, аңқау елге арамза молда кейпінде жүр. Бұқаралық әдебиеттің өтімді болатын көп себебінің негізгісі –осы. Ерік-жігерінің тізгінін жеңіл дүниеге бір беріп алған адам өзін кітап оқыдым деп мәнсіз әдебиеттерді қылғыта береді.
К.Н: Бұқаралық әдебиеттің шектен тыс танымал болуы – заманауи мәдениет пен руханияттағы феномен десек те болады. Кез келген ұлттың әдебиеті – сол қоғамның мәдени ахуалының, белгілі бір тарихи-мәдени кезеңнің бары мен жоғын ашып көрсететін айнасы. Соңғы онжылдықтарда бұқаралық әдебиеттің оқылымы артып, ал классикалық шығармалар көбіне оқу бағдарламаларының не «интеллектуал» әдебиет шеңберінде ғана қарастырылатын болды. Бұл өзгерістің түп-тамырын тек әдеби процесс тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, технологиялық және экономикалық факторлар арқылы да қарастыру қажет деп ойлаймын. Шынында, қазіргі оқырман көбіне көлемді, күрделі ойлауды талап ететін әдебиеттен гөрі, жеңіл қабылданатын, тез оқылатын, эмоцияға бай шығармаларды құп көреді. Себебі бүгінгі ақпараттар ағыны дәуірінде адам баласы шектен тыс көп ақпарат алып, алмасып жатыр. Ақпараттар ағынының жылдамдығы соңғы он жылда алдыңғы елу жылға қарағанда 70 есе артты. Бұл адамның бір ақпаратқа ұзақ уақыт бойы назар аудару қабілетін төмендетеді. Адамдардың назары үздіксіз медиа контентке бөлініп, терең ойлауға уақыт азайды. Классикалық шығармалар терең талдауды, байыппен оқуды талап етсе, бұқаралық әдебиет жеңіл, динамикалық, тез сіңірілетін сюжет ұсынады.
Канадалық мәдениеттанушы Маршалл Маклюэн бұл құбылысты «ыстық» және «суық» медианың айырмашылығы арқылы түсіндіреді. Оның теориясына сүйенсек, классикалық әдебиет – «ыстық» медиа, себебі ол толыққанды зейінді, талдауды талап етеді. Ал бұқаралық әдебиет – «суық» медиа, себебі оған интеллектуалды күш жұмсаудың қажеті жоқ. Оның үстіне, Голливуд киносы, Netflix сериалдары, әлеуметтік желілер – мұның бәрі жылдам тұтынылатын, эмоциялық әсері күшті, интригасы мол контентке үйретіп тастады. Бұқаралық әдебиет те әдетте осы трендті ұстанады. Қысқа, динамикалық стильде жазылып, сюжеттің тез өрбуі, оқырманды бірден баурап алады. Кітап нарығы бүгінгі таңда маркетингке тәуелді. Бұқаралық әдебиет баспагерлер мен әдеби агенттер тарапынан өте кең насихатталады. Кітап индустриясы коммерциялық құрылымға айналғандықтан, авторлар мен баспалар нарықтың сұранысына бейімделуге мәжбүр. Танымал әдебиет – бизнес, ал бизнес табыс әкелуі керек.
А.Қ: Заман ауысқан сайын адам да, оның талғамы да өзгеретіні рас. Оқитын шығармамызды қабылдауға күнделікті өмір салтының әсері зор. Біз өзіміз өмір сүріп отырған постиндустриалдық кезеңде уақыт тапшылығын байқаймыз, сондықтан күнделікті қарбалас өмірімізге сәйкес, жедел қабылданатын ақпаратты қалаймыз. Қысқа әрі жеңіл жазылған шығармалар оқырманға тез игеруге мүмкіндік береді. Бұл оның күнделікті қарбалас өміріне сәйкес келеді. Бұқаралық әдебиеттің сюжеті көбінесе бірін-бірі қайталайды, оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін о бастан түсініп отырамыз. Кейіпкерлері өзіне баурайды, шынайы диалогтары да оқырманның эмоциясына әсер етіп, шығарманы соңына дейін оқуға деген қызығушылықты арттыра түседі. Бұқаралық әдебиет пен классикалық шығармалардың айырмасы қандай десек, классикалық әдебиеттің тілі күрделі әр философиялық ойларға толы болғандықтан, оны көпшілік оқырманның қабылдауы қиынға соғып жататыны рас. Дегенмен бұқаралық әдебиет те, классикалық әдебиет те өзіндік ерекшелігімен құнды болып келеді.
Ж.А: Бұқаралық әдебиеттің әдетте көркемдік деңгейі төмен, ешқашан классика бола алмайды деген пікірлер жиі айтылып қалады. Бұл пікірге қаншалықты келісер едіңіз? Бұқаралық әдебиеттің артықшылығы мен кемшілігі жайында сөз қозғайықшы.
Ұ.Е: Бұқаралық әдебиеттің барлығы дерлік бір күндік, мәнсіз, жаппай сапасыз деуге келмейді. Арасында жалпы бұқаралық сипат алып кеткен салалық әдебиеттер болады. Спорт, бизнес, психология, педагогика және тағы басқа салаларда классикаға айналып кеткен дүниелер жетіп артылады. Бірақ жаппай алғанда бұқаралық әдебиеттің мүддесі сатылымға негізделген. Көп сатылмайтын дүние үлкен тиражбен шықпайды. Ғұмыры келте болады. Ал көркем классиканың жөні бөлек. Мұраты да басқа. Өлмес өнер туындыларын классикаға жатқызамыз. Жалпы классика сөзінің мәні озық, қай кезеңде де құнды дегенге келеді. Кітап қай кезеңде де құнды болса, басты ұтыс – сол ғой. Классиктерді, атап айтсақ, Толстой, Гоголь, Чехов, Гюго, Бальзак, Моэм, Майлин, Әуезов, Аймауытов, Маркес сынды қаламгерлерді әлем қайта оқудан еш жалыққан емес, жалықпайды да. Ұрпақтар ауысып жатыр, бірақ классика қайта басылуда. Заман ыңғайы өзгеріп жатыр, бірақ классика сол бір әрпі өзгермеген күйі қайта басылып, тарап жатыр. Классиканың артықшылығы – осы.
К.Н: Бұқаралық әдебиеттің классикаға жете алмайтыны туралы пікір кең таралған, бірақ бұл тұжырымды біржақты қабылдауға болмас деп ойлаймын. Өзіме, мәселен, Халед Хоссейни, Мәтт Хейгтің кітаптары ұнады. Десек те, өзім байқағаным бойынша бұқаралық шығарма жазатын авторлар терең стильдік ізденіске бармайды. Бүгінгі бұқаралық әдебиетке тән көптеген авторлар бір сюжет схемасын қайта-қайта қолданатынын байқадым. Мысалы, Колин Гувер есімді автордың романдарында әрдайым махаббат, драмалық өткен шақ, қиын шешімдер тақырыптары қайталана береді. Немесе Дэн Браунның «Код да Винчи», «Тозақ» сияқты романдары оқиға өрбу жағынан бір-біріне ұқсас. Бір сәттік әсер қалдырғанымен, көркемдік жаңалығы аз. Уақыт өте келе классикалық деңгейге көтеріле алатын шығармалар бар, бірақ сирек.
Осы тұста мынандай бір парадокс шығады, өз кезінде бұқаралық өнер саналған көп автор уақыт өте келе классикаға айналады. Мысалы, Шекспир өз дәуірінде элиталық өнер емес, халықтық мәдениеттің бір бөлігі болатын. Сол секілді Диккенс, Виктор Гюго секілді классиктер өз заманында бұқаралық, жалпы көпшілікке арналған әдебиеттің өкілдері болды. ХХ ғасырда Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» романы алғашында қарапайым, оқуға жеңіл шығарма ретінде қабылданған деген ақпараттар бар, бірақ кейін классикалық туындыға айналды. Сол сияқты қазір «Гарри Поттер» кітаптарын жеңіл әдебиет санайтындар көп, бірақ болашақта оны классика деп тануымыз әбден мүмкін. Сондықтан бұқаралық әдебиетті толықтай жоққа шығару да, оны классикамен теңестіру де қате. Әдебиет – үздіксіз өзгеріп отыратын процесс, уақытпен бірге оның бағасы да өзгереді.

А.Қ: Бұқаралық әдебиеттің барлығының көркемдігі төмен деп кесіп айта алмаймыз. Александр Дюма, Агата Кристи, Джек Лондон сынды жазушылардың шығармалары да өз заманында бұқаралық әдебиет ретінде қабылданған. Бірақ бүгінде классикаға айналды. Артықшылығына тоқталар болсам, ең алдымен, тілі қарапайым да түсінікті. Бұл әсіресе әдебиетке енді ғана қызыға бастаған адамдар үшін маңызды. Қызықты сюжет, динамикалық оқиғалар мен тартымды кейіпкерлер бұқаралық әдебиеттің басты артықшылығы. Ол оқырманды бірден баурап алып, оқуға деген ынтасын арттырады. Сосын көбіне оқырманның эмоцияларына әсер ететін оқиғаларға негізделеді. Эмоция тапшылығы белең алған заманда бұл да адамға аса қажет. Ал енді кемшіліктеріне тоқталар болсақ, ең бірініші, әдеби стильге көнбейтіні. Тіл көркемдігі мен ой тереңдігіне де көңіл бөліп жатпайды. Бұқаралық әдебиет көбіне трендтерге сүйенетіндіктен, тез баурап, тез ұмтылады. Бүгінгі өкілі ретінде Пауло Коэльоны атар едім. Алайда қандай да бір талантты жазушының қолынан шыққан шығарма болса, өтпелі құбылыс күйінде қалмай, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, классикалық туындыға айналады деп ойлаймын.
Ж.А: Бұқаралық әдебиетке сұраныс жоғары. Десек те, қоғам сұранысына түгел дерлік жауап берсең, талғам пен сапа төмендей бермей ме?
Ұ.Е: Иә, кітаптың құны сұраныспен өлшенген соң жағдай осындай болуы түсінікті. Бірақ біз оқырман талғамы тұрғысынан авторға талап қоя алмаймыз. Тек өзіміз жеңіл дүниелердің жетегінде кетіп қалмауды ойлап, сақтанамыз.
К.Н: Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бір жағынан, бұқаралық әдебиет адамдарды әдебиетке тартады. Бірақ сапасыз шығармалар кең тараған сайын, оқырманның талғамы төмендеп, күрделі әдебиетті қабылдау қиындайды. Қоғамдық сұранысқа жауап беру әрдайым сапаны төмендетеді дей алмаспыз, бірақ қандай да бір мәдени өзгерістерге әсер етуі мүмкін. Бұл процесті Платонның «миф пен шындық» теориясы арқылы түсіндіруге болады. Егер адам мифтен (жеңіл әдебиеттен) ары қарай тереңдікке ұмтылмаса, ол иллюзия әлемінде қалады.
А.Қ: Жақсы сұрақ. Шынында, сұраныс пен сапа арасындағы тепе-теңдікті сақтау – үлкен мәселе. Баспалар ең алдымен нарықты есепке алатындықтан, оқырман сұранысына бейімделуге мәжбүр. Бірақ коммерциялық мақсатты ғана көздейтін шығармалар көбейсе, әдебиеттің көркемдік деңгейі төмендеп, рухани құндылығы азаятыны сөзсіз. Бірақ кең таралған, сапалы бұқаралық әдебиетті тудырған Харпер Ли, Джордж Оруэлл сияқты жазушыларды алатын болсақ, оларды арзан әдебиетті жасаушыларға жатқыза алмаймыз. Талғамды қалыптастыруда жазушылар жауапкершілік сезінулері керек. Егер тек трендке ілесіп, сұранысты қанағаттандыруға ғана мән берсе, онда көркемдік құндылық сөзсіз төмендейді. Сапалы шығарма жазу – талант пен шеберлікті қажет ететін жұмыс. Яғни нағыз әдебиетші сұранысты пайдалана отырып, оқырман талғамын да биіктете алады. Бұл ретте көпшілікке арналған сапалы әдебиеттің үлгісі ретінде Джоан Роулиңнің «Гарри Поттер» сериясын алуға болады.
Ж.А: Бұқаралық әдебиетті оқи қалсаң, автордың кей тұсында оқырманды ұстап тұруы үшін әдейі сюжеттік желілер, күтпеген бұрылыстар жасайтыны байқалады. Әсіресе соңғы елу жылда жарық көріп, бестселлерге айналған Халед Хоссейни, ресейлік Пелевин, соңғы жылдары жиі оқылып жүрген Элиф Шафак, Эльчин Сафарли шығармашылығынан анық байқауға болады. Шығармаларын белгілі бір формулаға бағынып жазатын сияқты. Автордың оқырманның сұранысымен санасу, көңіліндегісін дөп басу қаншалықты дұрыс деген сұрақ туады. Осы жайлы пікір білдірсеңіз.
Ұ.Е: Классикалық әдебиеттің өзге дүниелерден басты артықшылығы – олар уақыттың тезінен өткен. Трендтен тәуелсіз, адамға қай кезеңде де қажет базалық құндылықтарды қозғайды. Сонысымен де ол – классика. Ал сіз атап өткен заманауи авторлар ертең елу жылдан соң оқыла ма? Үлкен сұрақ. Егер автор өнердің мұратымен емес, оқырман ыңғайымен жазатын болса, әлбетте, мұндай дүниенің бестселлерге айналу мүмкіндігі жоғары. Осындай авторлар кәсіби тұрғыда мықты психолог боп келеді. Әлеуметтің жай-күйін, психологиясын тереңінен танып біледі. Алайда көбіне-көп өлмес дүниелер тудыра алмауы мүмкін. Олардың трагедиясы – сол. Біз оны трагедия деп отырмыз, ал көпшілік үшін ғаламат жетістік болар. Бұлардың бәрі салыстырмалы жағдай. Біреуге Достоевский сұрықсыз, ал біреуге Пелевин мәнді, біреу үшін Гоголь – жай мәнсіз ақыл да, ал Сафарли – ой қазынасы. Талғамы биік оқырман қашан да көп болмаған. Жұрттың бәрі классика оқуы да шарт емес.
Оқырманның ыңғайын терең тану, соған сай өнімді дүниелер ұсыну тек әдеби шығармалар нарығында емес, жалпы поп-культурадағы жағдай. Бүгінде қай салада да құнсыздану – басты артықшылық. Мұның түбінде кітаптың әдеби құндылығын таралымымен, сатылуымен өлшеу жатыр. Апаттың бір ұшығы осында.
К.Н: Авторлардың оқырман сұранысын ескеруі – табиғи процесс. Бірақ нағыз әдебиет оқырманды өзгертуі керек, тек оның сұранысына жауап берумен ғана шектелмеуі тиіс деп ойлаймын. Оқырман сұранысын ғана қанағаттандыру, соның ығына жығылып жазу – әдебиетті тауарға айналдырады. Соңғы жылдары әлемдік бестселлерлер белгілі бір ережеге немесе сіз айтқандай формулаға бағынатынын шынымен байқауға болады. Формула бойынша кітапта кейіпкердің психологиялық ішкі жан-дүниесіне акцент жасау, шығармаға міндетті түрде қайғылы немесе драмалық оқиға енгізу, экзотикалық локация немесе мәдени ерекшелік қосу міндетті. Мысалы, сіз атаған Шафактың түрік мәдениетін, Хоссейнидің ауған тарихын қамтуы осы формуланың бір бөлігі. Бұл дұрыс па? Бұл маркетингтік стратегия ретінде тиімді, бірақ әдебиеттің жаңа идеяларға, терең мазмұнға ұмтылуын тежейді деп ойлаймын. Автор шығармашылығын коммерциялық табысқа негіздеген кезде, әдебиет индустрияға айналады. Адорно, Хоркхаймер Франкфурт мектебінің мәдениеттанушылары «мәдени индустрия» ұғымын енгізіп, бұл құбылысты сынға алған еді. Олардың пікірінше, өнер – коммерцияға емес, адам санасын тереңдетуге қызмет етуі тиіс.
А.Қ: Бұқаралық әдебиетте өзіндік сюжеттік желілер оқырманды жылдам баурайды. Бұл «формула» сияқты көрінетіні рас. Әдебиеттің коммерциялануы авторды оқырман сұранысына бейімдейді. Мысалы, Джоан Роулиң «Гарри Поттерден» кейін неге оны серияға айналдырды? Әдебиетте «формулаға бағыну» әр заманда да болған. Гомер эпостары да, Шекспир трагедиялары да белгілі бір желіге негізделеді. Виктор Гюго немесе Дюма оқырманды ұстап қалу үшін шығармаларында драматизм мен күтпеген тәсілдерді қолданды. Қазір де бестселлер авторлары осындай әдістерді пайдаланады, бірақ көбіне көп баспалардың қалауы бойынша жазып, коммерциялық табысты көздейді.
Жоғарыда аталған Халед Хоссейни, Мураками, Пелевин, Элиф Шафак, Эльчин Сафарли сынды жазушылар әртүрлі жанрда жазса да, олардың шығармаларында ортақ белгілер байқалады: әлеуметтік теңсіздік, жалғыздық, рухани ізденіс сияқты әлемдік мәселелерді қозғау арқылы эмоционалды тұрғыда оқырманды жылдам тартып алу, динамикалық оқиғалар мен күтпеген бұрылыстарды пайдалану, т.б. Оларды бір-бірінен өзіндік жазу мәнері ғана ерекшелендіреді. Оқырманның сұранысын ескеру – әдебиет үшін қалыпты құбылыс. Бірақ сұраныс пен сапа арасындағы балансты ұстау аса маңызды. Егер автор тек оқырман көңілін аулау үшін ғана жазса, онда өнер жапа шегеді. Алайда оқырман сұранысы ескеріле отырып, бұқаралық әдебиетті терең мазмұнмен ұштастыруға да болады. Сонда ғана әдебиет жаңа деңгейге көтеріледі.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ