Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 13 Желтоқсан 2023

“Қорқыт”. Қорқыт ата туралы түсірілген алғашқы тарихи сериал көрерменге жол тартты

тарихи сериал
Фото: из открытых источников

Отандық киноиндустрия әлемі төрт сериялы “Қорқыт” биографиялық драмасымен толықты. Телехикаяның түсірілімі Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасындағы Хиуа, Ферғана, Бұқара қалаларында өтті. Туынды Qazaqstan ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілді.

Жобаның тарихи кеңесшісі әрі сценарий авторы – этнограф Берік Жүсіп. Режиссері – Қанағат Мұстафин. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдерін Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір сомдайды. Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәлі ойнайды. Сериалда қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен танымал актер Аскат Сулайманов та бой көрсетеді.

Жоба продюсері Шолпан Батырбаева сериал туралы толығырақ айтып берді. Оның сөзінше, бұл туындыны түсіруге өте көп уақыт кеткен.

— Төрт бөлімнен тұратын «Қорқыт» телехикаясын түсіруге шамамен екі жарым жылдай уақытымыз кетті. Қорқыт жайында жазылған еңбектерді, мақалаларды, деректі фильмдерді оқып, зерттеп, зерделеуіміз керек болды. Алайда, біз сүйеніп, табан тірерлік нақты мәлімет өте аз еді. Оқып-зерттеуге көп уақыт кетті, сөйтіп, қай бағытта жұмыс жасайтынымызды анықтап алдық, дәлірек айтқанда, белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов жұмысымызды әрі қарай жалғастыруға қатысты бағыт-бағдар берді. Біз «Китаб-и дәдем Коркут ғали лисан таифа оғузан» қаһармандық эпосынан кейбір сюжеттерді сондай-ақ, қазақ жерінде сақталған қария сөздер мен аңыз-әпсәналарды негізге алдық, - дейді ол.

тарихи сериал
Фото: из открытых источников

 

Телехикая сюжетінде Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен бастап, оның сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы көрсетіледі. Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде зерттелген «Қорқыт ата» кітабына, атап айтқанда “Салор Қазанның үйінің ша­был­ғаны туралы жыр” негізінде түсірілген.

— Аталмыш еңбек өзіндік дербес сюжеті бар он екі жырдан тұрады. Оларды байланыстыратын кейбір ортақ кейіпкерлер бар. Жырлардың сюжеті әр түрлі оқиғаларды баяндайды. Кейде құдалық салты баяндалса, енді бірде Қазанбектің үйін жау шапқан сәт суреттеледі немесе Төбекөз дәу туралы мифтик хикая баяндалады, соның бәрінде Қорқыт осы оқиғалардың эпикалык жырлаушысы, яғни жырау ретінде көрінеді. Бізге осындай ортақ қаһарман керек болды, - дейді жоба продюсері.

Осылайша шығармашылық топ 2021 жылы Ыстамбұлға барған. Мақсат - түрік ағайындармен ортақ дүние түсіру.

– 2021 жылдың мамыр айында біз Ыстамбұлда түріктермен келіссөз жүргізе бастадық және негізінен, бұл жобаны бірге жасауға олар қызығушылық таныткандай болды. Бірақ олар Қорқытты ислам дінін уағыздаушы тұлға етіп көрсеткілері келді. Бұл біздің фольклорлық мұраларымызда баяндалатын аңыз-әпсаналарға, сондай-ақ тарихи Қорқыт бейнесіне қайшы келді. Біздегі аңыздарда Қорқыт бақсылық дәстүр өкілі, патриарх жырау ретінде белгілі. Сол себепті, біз басты кейіпкер - Қорқыт бейнесін сомдау барысында түріктермен ортақ келісімге келе алмадық, өкінішке қарай, әрине. Қазақ үшін ең алдымен Қорқыт жырау, халықшыл тұлға. Сөйтіп ҚОРҚЫТ КІМ? Бақсы ма, ойшыл философ па, жырау ма, күйші ме, әлде әр халықтың өз Қорқыты бар ма? деген сұрақтар пайда бола бастады, - дейді Шолпан Батырбаева.

Шолпан Батырбаеваның сөзіне қарағанда, кейін осы сұрақтарды талқылау үшін бірнеше рет сарапшылар арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылған.

— Қоғамдық даму жане ақпарат министрлігі мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы дөңгелек үстел ұйымдастырып, музыкатанушы, фольклорлорист ғалымдардың басын қосты. Сөйтіп біздің тақырыбымыз, бағыт бағдарымыз егжей-тегжейлі талқыланды. Әр түрлі пікірлер болды, келісуге болатын да болмайтын да. Мысалы, оғыздардың ұлы көшін көрсету керек деген ұсыныс айтылды. Әрине айтуға, жазуға бәрі оңай,қағаздың беті көтереді, ал мұндай ауқымды сахнаны сапалы етіп түсіруге, ұлы көшті көрсетуге сан жетпейтин нөпір халық және қисапсыз қаражат қажет, - дейді продюсер.

Продюсер түсірілімге дайындық барысында, әсіресе, Қорқыт туралы ақпаратты зерттеп жүргенде қазақ ауыз әдебиетін, мифтерді экранға түсіруге ден қою керек екенін түсінген. Ол мұндай кинотуындылар талай шетелдік шедеврден асып түсер еді деп есептейді.

— Біз эпостарымыз бен мифтеріміздегі барлық бейнелерді тірілтіп, экранға көрсететін болсақ батыс киноиндустриясы көрсетіп жүрген мифтік персонаждар жолда қалар еді. Біз Қорқытқа материал жинау барысында осыған көзіміз әбден жетті. Адамзат баласына күйеуге тие алатын Перінің қызы Перизаттың өзі неге тұрады? Аяғы аша тұяқ, қолтығында үңрейген қанаттың орны… Тірілте бастасаң қорқынышты бейне әрі таңғажайып құбылыс, - дейді Шолпан Батырбаева.

шолпан
Фото: из открытых источников

 

Ол дәл осы себепке сүйене отырып, өзі жасайтын сериалдағы Қорқыт образын айқындай алған.

– Сондықтан, біз Қорқытқа қатысты байопикті өміррбаяндық фильм жасауды басшылыққа алдық. Мұның көп жерінде нақты тарихи оқиғалармен қоса типтендірілген жиынтық бейнелер де бар екенін жасырмаймыз. Әрине, бұл типтік бейне, сөйте тұра тарихи негізі айқын. Бірақ сан түрлі пікір қайшылықтарына қарамастан, Қорқыт өмірінің түрлі кезеңдерін қамтаған сценарий жаза алдық деп ойлаймыз. Басқа түркі тілдес халықтарға қарағанда, бізде Қорқыттың дүниеге келуі туралы аңыз-әпсаналар, Ақсақ қыз, және тағы басқа аңыз-әңгімелер сақталған, сонымен қатар музыкалық мұрасы да бар. Музыкалық мұра туралы ең бірінші болып белгілі қорқыттанушылар Әлкей Марғұлан мен Әуелбек Қоңыратбаев жазған болатын. Сыр бойынан және Орталық Қазақстанның Сарысу топырағынан жазылған әйгілі қобызшы Жаппас Қалымбаев Қорқыттың «Қоңыр» күйін, сондай-ақ Сыр бойылық қобызшы соқыр Нышан тоғыз сарынын жеткізді. Біз фильмде солардын бірнешеуін - “Ұшардың ұлуы” мен “Тарғыл танаға” байланысты сюжетті пайдаланып, оны осыған ұқсас әлемдік мифтермен ұштастырдық, - дейді ол.

Шығармашылық топ көрерменді сол Қорқыт өмір сүрген заманға еніп кетуі үшін, сериалға шынымен сенуі үшін барын салған. Тіпті сериал тілін де біршама көнелендірген.

— Телехикаяда қазақтың көркем тілі, көнерген сөз тіркестері мен орамдары, ұғымдары, барлығы ата-бабаларымыз қолданған қазақы тілімен астасып қолданылған.

Сөз түйіні ретінде айтарым, телехикаяның сәтті немесе сәтсіз шыққаны жайындағы пікірді құрметті көрерменге қалдыруды жөн көремін. Дегенмен, бір нәрсені анық айтуға болады: бұл қалың көрерменді Қорқыт тұлғасымен таныстыру мақсат тұтқан алғашқы қадам болып табылады. Көрермен есінде де сонысымен қалатынына да сенеміз. Бізден кейін де Қорқыт туралы көптеген телехикаялар түсіруге болады, тіпті түсіру қажет деп есептейміз, - дейді жоба продюсері Шолпан Батырбаева.

“Қорқыт” сериалы 16-17 желтоқсан күндері сағат 14:40-та Qazaqtan ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Жобаның тарихи кеңесшісі әрі сценарий авторы – этнограф Берік Жүсіп. Режиссері – Қанағат Мұстафин. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдерін Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір сомдайды. Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәлі ойнайды. Сериалда қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен танымал актер Аскат Сулайманов та бой көрсетеді.

тарихи сериал
Фото: из открытых источников