Қорлар сарқылуға жақын, қазақ геологиясы қауқарсыз
Қазақстанның жер қойнауы бай деп айтудан жалықпаймыз. Ел экономикасының осы салаға тікелей тәуелді екені тағы бар.
Алайда қазіргі таңда белгілі қорлар сарқылуға жақын. Жобасы орта есеппен 10-15 жыл. Оны салаға жауапты министр Қанат Шарлапаев та, компаниялар мен сарапшылар да «ескертіп» жүр. Ал геологиялық барлау ақсап жатыр. Кеңес кезінде зерттеліп, ашылған орындар болмаса, кейіннен «қатырғанымыз» шамалы. Бұған Геология комитетінің басшысы Ерлан Акбаров пен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиевтің Орталық коммуникациялар алаңында берген есебінен кейін көзіміз жетті.
Минералды шикізат базасын толықтыруға жауапты геология комитетінің жағдайы да мәз емес. 12 рет қайта құрудан өтіп, министрліктен министрлікке ауысумен болған комитет нәтижеге емес, процеске ғана жұмыс істейтіндей көрінеді. Не істелді деп сұрасаң, онсыз да белгілі тезистер мен жоспарлар жағын қаузап, «жұмыстар жүргізіліп жатырдан» аспайды. Ауыз толтырып айтатын нәтижелер жоққа тән. Десек те, мақсатсыз емес, 2026 жылға дейін геологиялық-геофизикалық барлау алаңын қазіргі 1,5 миллионнан кемінде 2,2 миллион шаршы шақырымға жеткіземіз деп жүр. Себебі белгілі қор таусылып, жаңалары игерілмесе, Қазақстанның онсыз да құлдырап жатқан экономикасы құрдымға кетеді деген қорқыныш бар. Үрейге берілмеске амал жоқ, минералды шикізат елдегі экспорттың 80 пайызын, Ұлттық қорға түсетін ақшаның 90 пайызын, консолидарлы қаржының 50 пайызын құрайды. Осыдан-ақ, ел экономикасының жаңа кен орындарына қаншалықты тәуелді екенін түсінуге болады. Әрі жер қойнауымыз табиғи ресурстарға бай болғандықтан оларды тауып, өндіруді, өңдеуді жолға қою жаңа табыс арналарын ашып беруі ықтимал. Соған қарамастан, геологиялық барлау қызметі мен оның жұмысын ұйымдастыру тым баяу.
Бұл мәселені шешу мақсатында 2018 жылы минералды шикізат базасын толықтыру үшін тау-кен ісін басқару бойынша жаңа заң жобасы қабылданды. Кейіннен «Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» жасалды. «Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» тағы бар. Аталған құжаттар мен бағдарламалардың қаншалықты эффективті болғанын көріп отырмыз... Бір жағынан, үкіметтің нақты стратегиясы жоқ, бөлінетін қаржы аз. Бұған қоса, жаңа технологиялардың тапшылығы мен кадрлық мәселелер де шешілмей келеді. Инвестициялық тартымдылықты арттыру да проблема күйі қалып отыр. Соған қарамастан, геологиялық барлау ешбір ұлттық жобада қарастырылмаған.
Осы жөнінде қазір өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаровқа сұрақ қойдық. Ол бізге белгілі қорлардың сарқылып жатқанын жоққа шығармады.
«Тұтас республика бойынша айтар болсақ, жалпы картина жаман емес. Алтынның 20 жылдық, мыстың 40 жылдық қоры белгілі. Одан өзге де көптеген пайдалы қазбаларымыздың қоры 40 жылға жетеді деп болжанған. Ең кемі 20 жыл. Кейбір өңірлер мен кен орындарының 5-10 жылдық қана қоры қалды деген есептер де кездеседі. Бірақ ол жекеленген жағдайлар. Мәселен, «Қазақмыс», RG, «Қазцинк» кен орындарында проблемалар байқалуда. Алайда аталған компаниялар барлаумен айналысатын еншілес компаниялар арқылы жұмыс істеп жатыр. Болашақта басқа кен орындарында да ұқсас жағдайлар орын алуы, тіпті жабылуы мүмкін.
Нәтижелер де бар. Екі жылдың ішінде елімізде қатты пайдалы қазбалардың 27, көмірсутектердің 10 кен орны ашылып, мемлекеттік теңгерімге қосылған. Ал барлауға қатысты бірқатар шаралар атқарылуда. Зерттеуге тиесілі 1,2 млн шаршы шақырымның 40 пайыздан астамы лицензияланған», – дейді комитет басшысы.
Иә, үлкен кен орындары ашылмаса да, тілге тиек етерлік нәтижелері бар екен. Бірақ ұлғаю динамикасынан гөрі, кему жағы қарқын алып жатқандай көрінеді. Мысалы, тәуелсіздік алғалы қорғасын қоры 23 пайызға, цинк қоры 32 пайызға, мыс қоры 11 пайызға азайған. Тағы бокситтер мен хромиттер қорының төрттен бірі сарқылған. Мұндай темппен таразы басын тең ұстау оңайға түспейді. Әрі, «жүріп жатыр» делінетін зерттеулердің де сапасы күмән тудырады. Өйткені біздегі барлаудың құны – шаршы метріне 8 доллар ғана. Салыстырсақ, бұл көрсеткіш көршілес Өзбекстанда – 98 доллар, Ресейде – 25 доллар. Ал Австралияда – 167, Канадада – 203 доллар. Акбаровтан осы жағын да сұрадық.
«Қаржыландырудың аздығы расымен де үлкен мәселе. 2023 жылғы есеп бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың барлау саласына салған қаржысы бір шаршы шақырымға – 64 доллар, ал мемлекеттің өңірлердегі геологиялық барлауына жұмсайтыны шаршы шақырымына – 8 доллар. Бұл көрсеткіштің аз екені рас. Оны көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта 200 мыңдық масштабтан 50 мыңдық масштабқа көшеміз. Бұл жұмыстың өнімділігін, тиімділігін арттыруға көмектесіп қана қоймай, геологиялық тұрғыдан күрделі аумақтарды жақсырақ зерттеуге мүмкіндік береді. Бір жағынан қаржының да көбірек болуын талап етеді. Сондықтан келер жылдан бастап мемлекеттік зерттеу жұмыстарына бөлінетін ақшаны арттыру көзделген», – дейді ол.
Нақты мерзім мен соманы атауын сұрап едік, келер жылы екі есеге көтереміз деп жауап берді. Соған қарағанда, өз жауабы мен жоспарына өзі де сенбейтін тәрізді. Бір айта кетерлігі, басшының өзі әрі-сәрі күйде сөйлеп тұрғанда сырттан инвестор тарту өте қиын. Себебі инвесторлар ақпаратқа қарап келісім жасасады. Яғни барлау жұмысы мен алынған ақпарат нақты болған сайын болжалды кен орнының нарықтағы құны да жоғарырақ болады. Осы турасында:
«Қаржыны арттыру, жаңа технологияларды әкелу арқылы аукционға шығатын жер телімдерінің құнын әлдеқайда көтере аламыз. Себебі жаңа технологиямен жасалған геологиялық барлаудың, алынған ақпараттың құны жоғары болады. Технологиялық тұрғыдан артта қалуымыз тек геологиялық барлауға емес, қолда бар кендерді өндіруде де кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, мұнай-газ кен орындарының тиімділігі төмен, бар қордың тек 20-30 пайызын ғана шығаруға шамамыз келеді. Асқанда – 35 пайыз. Ал технологиясы дамыған елдерде аталмыш коэффициент 40-50 пайызға дейін жетеді. Демек, біз қолда бар мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз», – дейді инженер-геофизик Жәнібек Кәтренов.
Жалпы, геологиялық ақпаратқа қатысты сын көп, тіпті толастаған емес. Қазақстанда әлі күнге кеңес кезінен қалған ақпараттар айналымда жүр. Өз кезегінде 40-50 жыл бұрын қазылған скважиналарға, ескі технология арқылы жасалған геологиялық зерттеулерге қарап шешім қабылдау қиын екені де жиі айтылады. Бұл туралы «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиев:
«Совет кезінде де, тәуелсіздік кезінде де көптеген ақпарат жиналды. Ол кездегі технологиялар өзгерсе де, алынған ақпараттар белгілі бір деңгейде қажет. Оларды нақтылап, жаңарту үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгініп жатырмыз. Инвесторлардың қабылдауына ыңғайлаймыз», – деді.
Ақпараттың сапасынан бөлек, берілуі де қиын әрі күрделі. Оны Ғалиевтің өзі де мойындап, сынның көп екенін мәлімдеген еді. Процесс ұзақ, ашықтық жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы ақпаратты алу үшін үш айға жуық сабылады. Бұл цифрландыру деңгейінің төмендігінен дейді басшы. Ол мәселенің де шешімі мен жолдары «қарастырылып жатыр». Ал комитет өкілдері ақпараттың сапасын арттыру үшін жаңа технологияларға көшіп жатырмыз деп қойды. «Кезең-кезеңге бөліп жұмыс істейміз. Жұмыс тиісті инструкцияларға сай жүреді. Әр кезеңнің қорытындысы ескеріледі. Одан соң, аэрогеофизикалық, геохимиялық жұмыстар жүргізіп, солар нәтижелі болғанда ғана далалық жұмыстарға өтеміз. Жаңа технологияларды қолданамыз. Ондай талапқа сай компаниялар көп. Шетелдік инвесторлар келіп жатыр. Сұраныстарына сай әлемдік компаниялар келуде», – дейді комитет.
Есеп пен жоспар барлық шендіде бар. Соның орындалмай қалып жатқаны қаншама? Әсіресе геология саласында берілген уәдеде есеп жоқ. Алайда соның бәрі орындалса, бүгінгідей мәселелер туындамас па еді? Геологиялық барлау саласында ақпараттық ескілігі мен қаржының аздығына қоса, кадр тапшылығы да сезіліп отыр. Елімізде тектонистер, минерологтар, петрографтар жетіспейді. Соңғы статистикаға сүйенсек, дефицит екі мың адамды құрайды. Ал геология комитеті аман-есен бір жылды еңсерді, енді келесі жылы тағы да есеп беруге дайындалады...
Балауса Ділдәбек