Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:42

Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айырылмас

перо
Фото: wikipedia

Абайдың махаббат жайлы жырлары өз алдына бір төбе. Түйткілі де көп. Мәселен, ғашықтық өлеңдері қашан, кімдерге шығарылған?

 Әлі күнге беймәлім. «Адасып» жүргендері тағы бар. Біз ұсынып отырған жаңаша көзқарас ұлы ақынның махаббат лирикасын екі кезеңге бөліп, танып-білуге саяды. Әуелгісі – ғашықтықты жігіт Абай өз басынан кешкен шағы, екіншісі – ағартушы Абай ғашық болу шын сүюдің мәнісін жастарға түсіндірген һәм насихаттаған кезі. Міне, принциптік өзгешелік – осы. Көрген оқиға мен естіген оқиға әсері бір емес. Ғашық болу мен ғашықтық туралы айту да сол секілді. Төмендегі мақсат – мықты дәлел, бұлтартпас қисынға сүйене отырып, Абайдың махаббат лирикасын ғылыми жүйеге салу және ақтаңдақтардан арылту.

Ажар-көркіне ақылы сай Тоғжан Сүйіндікқызы – Абайдың шын ғашығы, алғашқы махаббаты. Аңызға айналған махаббат қалай тұтанғаны «Абай жолы» эпопеясынан мәлім жайт, оған тоқталып жатпаймыз.

Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!

Саяламай, сай таппай.

Не күн туды басыңа,

Күні-түні жай таппай?

Осылай басталатын өлеңін Абай небәрі он бес жаста шығарған. Онан күйіп-жанып, жан тыныштығын жоғалтқан, сөйтсе де, «сап-сап» деп өзін-өзі тежеген жанның куәсі боламыз (Тоғжан атастырылған, Абайда қалыңдық бар. Оған үш Олжай бірі-біріне қалың беріп, қыз алыспағанын қосыңыз).

Абайдай ер асылын Тоғжан сұлу да таныған, құлай сүйген. Ұзатылар шағында Тоғжан Абаймен іштей қоштасқан сыңсуын шығарып, оны «Топайкөк» әніне салып айтқан деседі. Бөкенші ауылының азаматы, пысық жігіт Көмекбайдың Ерболы қос ғашық Абай мен Тоғжанның қауышып, кездесуіне көмек қолын созған ғой. Абай жүрегінен ойып тұрып орын алғаны содан.

Сөйтіп, жасы он бесте Абай екі рухани олжаға кенелген: бірі – Тоғжандай таза махаббаты, екіншісі – Ерболдай жан досы.

Алғашқы махаббат жүректе өле-өлгенше сақталуымен құдіретті. Абай: «Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айырылмас» деп осыны айтқан.

Арада он бес жыл уақыт өтсе де, келешек ұлы ақын Тоғжанды ұмыта алмағанын Мұхаң (Мұхтар Әуезов) «Абай жолы» эпопеясының «Тайғақта» тарауында жеткізген. Естеріңізге сала кетейік. Көктемнің соңы. Салт атпен Семейден шыққан Абай мен Ербол екеуі көз байланып қалған мезетте Орданың Шілікті кезеңінде қыстайтын Байшораның Бекейінің үйіне тоқтайды. Абай ас піскенше мызғып алмақ болып жантайып жатып қалады. Ербол да ұйқыға кеткен еді. Түсінде Тоғжан келіп, Абайға өзі үйреткен «Топайкөк» әнінің бір шумағын айтып береді. Түсінен шошып оянған Абай өңінде жаңағы әннің үзілмей, дәл Тоғжанның өз үнімен айтылып тұрғанын естиді. Тоғжан! Япыр-ау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мына! Дәл өзінің үні. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақышы ғой. ...Өзі емес, бірақ дәл өзінің егізінің сыңары. Тоғжаннан айырса танығысыз қыз Бекейдің қызы Шүкіман екен». Бұл оқиғаны Мұхаң Әйгерімнің өз аузынан естуі бек мүмкін (Бөрілі мен Аралтөбе арасы 4-5 шақырым ғана жер). Мынаған назар аударайық: өң мен түстей кездесу 1874 жылы болған!

Енді махаббат лирикасын тексерудің уақыты жетті.

Жас жігіт Абай шығарған үш ғайып шығарма: «Жарқ етпес қара көңілім, не қылса да», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» және «Көзімнің қарасы». Сенсеңіз, үшеуі де бірде Тоғжаным, енді бірде Әйгерімім (азан аты – Шүкіман) деп соққан іңкәр жүректің үні. Осы айтылған жаңаша пайымды нақты дәлел-дәйектер алып, бекітіп көрмектік бізге міндет.

Қазақта ғашықтық өлең сөздің патшасы – «Жарқ етпес қара көңілім, не қылса да» десек артық айтқандық бола қоймас. Әйгілі туынды 1939 жылғы жинақта тұңғыш жарияланып, оған мынадай түсіндірме берілген: «Мағына жағына қарағанда бұл екі өлең сияқты. Бірақ ұйқасына қарағандықтан ба, әйтеуір, көшірушілер ерте уақытта мұны бір өлең қылып кеткен». Бұл жерде екі ауыз «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңі мен үш ауыз «Тұлпардан тұғыр озбас...» өлеңі бірігіп кеткені айтылған (оған Тұрағұл мен Кәкітай «кінәлі», неліктен бүркемелегені жайлы сөзіміз кейініректе). Тек 1954 жылғы жинақта ажыратылып басылған. Соңғысы, «Тұлпардан тұғыр озбас» өлеңі жайлы Тұрағұл берген дерек: «Бұл өлеңді Абай Оразбайлармен жауласып жүргенде жазған». Демек, ол, сірә да, 1889-90 жылдардыкі. Бірақ бастапқы екі ауыз өлең («Жарқ етпес...») анық Абайдың жастық шығармасы. Амал қанша, 1889 жылғы өлеңдер арасында «адасып» жүр.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да, –

деген ғажайып шумақ қай кездікі? Бұл жолы да бас абайтанушы ұлы Мұхаңа жүгінейік. Жаңағы «Тайғақта» тарауы Құнанбай алыс сапары – Меккеге аттануына қатысты оқиғалардан басталған. 1874 жыл. Жазғытұрым. Әкелерін алыс сапарға шығарып салатын жол үстінде Абай апасы Мәкіш екеуі бір күймеде келе жатып «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңін тілге тиек етеді емес пе? Осы өлеңін Абай ыңылмен айта бастаған тұстан үзінді келтіре кетейік:

«...Бірақ Мәкіш бұны ұққан жоқ. Ол бұрын естіп көрмеген, жаңағыдай тосын сөздерден бір ғана «жар» дегенді аңғарып, тоқтап қалды да, Абайдан сұрады: – Ұқпадым. Бұндағы жар дегенің кімің өзі? Абай апасына оншалық шешілмек емес. – Жар дегенім, күйік салған бір жан да. Жар дегенді білмеушімең? – Білсем, жар деп кісі үй жолдасын айтат та! Абай селт етіп, жалт қарады. – Ділдә демексің бе? – Иә, Ділдә болса қайтушы еді? Жас жігіт бұл жерге жеткенде айтқанына өкінгендей боп, шұғыл айналып бұрылып қалды. Күйіп, қиналып кетіп: – Ойбай, жаратқан, Мәкіш-ай, Ділдәң не? Не деп кеттің». Төменіректе Мұхаң: «Тоғжанға деген Абайдың ынтықтығы, ауыр арманы, ұзақ жылдар бойыда айықпаған қалың шер екенін Ербол жақсы білетін» деп күмәнді сейілте түседі.

Сонымен, ақын жүрегін жарып шыққан «Жарқ етпес...» өлеңі Тоғжанға арналғаны тайға таңба басқандай анық сияқты. Оған күмән келтіріп, жоққа шығаруға ешбір ғылыми негіз жоқ. Демек, оны «1888 жылғы» деп жариялаудан бас тартуға міндеткерміз.

Енді «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңіне көз тігейік. Алғаш рет 1909 жылғы жинақта басылған өлеңнің жазылу тарихы белгісіз. Жазылу датасы «1884 жыл» делінген. Болды, бітті. Шынында оның 1874 жылы туғанын дәлелдеп көрейік.

Осы жылы Абай тағдыр жазуымен Әйгерімді кездестірді дедік жоғарыда. Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов өзінің естелік кітабында бұл оқиғаны былайша баяндайды: «Қонақ күтіп, шәй құйып беруге Бекейдің бойжеткен қызын Мұса шақыртып алады. Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен. Атағы зор болғанымен, отыз жасқа жаңа келген жас Абайдың жалынды жүрегі сұлу қызға бой ұрмай тұра алмайды. Тамақ жеп үйіне қайтқаннан кейін көз алдынан кетпейді» («Абай туралы естеліктер». – Алматы, 2018. – 87-бет). Зейін сала қарасақ, Әрхам сипаттаған Әйгерім мен Абай суреттеген сұлу арасындағы сәйкестік керемет. Әрхам «кең маңдайлы, ақша жүз, алқызыл бетті, ...күлкісі бейне бұлбұл құс» десе, Абай «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деп бастап, «Ақша жүз, алқызыл бет... Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды» деп қара көз сұлудың суретін кестелеген. Осыдан-ақ Әрхамның өлең Әйгерімге арналғанын жақсы білгенін аңдауға болар тегі.

Негізі, Әйгерімге арнау бес ауыз ғана. Бірақ осы бес шумақ соңына «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» деп басталатын басқа өлең (18 жол) тіркелген. 1977 жылғы жинақта екі өлең ажыратылып басылған. Дұрыс. Алдағы уақытта бес шумақ «Қақтаған ақ күмістей» өлеңі «Әйгерімге» деген атпен 1874 жылғы, ал «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» өлеңі 1887 жылғы (Абайға жас өнерпаздар үйірілген жыл) деп бекітілсе құба-құп.

Үшінші ғашықтық өлең – «Көзімнің қарасы». Шын асыққа тән нәзік сезім, терең сыр шебер кестеленген көлемді өлең (22 шумақ) алғаш рет 1909 жылғы жинақта жарияланған.

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпеді ішімде,

Ғашықтың жарасы.

Осылай басталатын өлең жұртымыздың ең сүйікті әндерінің бірі. Әттең-айы, өлең «1891 жылғы» делінеді. Осы жылы Абайдың ой-санасы қатты өзгергені, жаңа көкжиекті аңсаған хәлі, қалың ойға қамалған ойшылдың ғақлия сөздерін қолға алғаны ескерілмеген. Әрине, «Көзімнің қарасы» да – 1874 жылғы. Оған сеніміміз кәміл. Бұл жолғы басты дәлеліміз – жыр мәтіні.

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір

Адамның баласы –

деген екінші шумақта «қазақтың данасы» деген тіркес бір ілік. Ақын өзін айтқан ба? Жоқ, үйтсек қатты қателесеміз. Бұл өлең туылған кезде Абай дана да, жасы үлкен аға да емес-ті. «Жасымда албырт өстім ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақты шырақ» дегені – 1878 жылға шекті жастығы мен болыстық өмірін айтқаны.

Өзіңіз де ойлаңыз, «Көзімнің қарасы» қайғысыз, ойсыз, сайран күндер жайлы өлең. Кейініректе, «Есіңде бар ма жас күнің» (1899) өлеңінде, қиянатшыл дүниеден қажыған ақын «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар» дейді. Екіншіден, өлең нақтылыққа құрылған: «Кең маңдай, қолаң шаш», «Қара көз, имек қас, Қараса жан тоймас», «Күлкіңіз бойды алар, Бұлбұлдай шықса әуез» деген сұлу қыздың сипатын, ал «Кісімсіп дүрдараз, Бұраңдап қылма наз», «Назына кім шыдар, Бұраңдап жүр шығар, Қасқая күлгені, Қылады тым құмар» деген мінезін елестетеді. Шүбәсіз, бұл Әйгерім бейнесі! Себебі тек көргенін, сезгенін ғана жырға қосу – Абайда айнымас қағида. «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?» деп тәмамдалған өлең бастан-аяқ автобиографиялық сырға толы. Абстрактілі ештеңе де жоқ.

Жанама дәлелге Әрхам ақсақалға тағы бір жүгінейік. Ол үстідегі сөзін былайша жалғайды: «Ол заманда бозбалашылық етек алып тұрған кез. Абай Мұсаның әйеліне кісі жіберіп, сол арқылы қызды көндіріп, көңіл қосады. Анда-санда жолығып, мауқын басып жүреді. Бұл екі ел пішен шабар мезгілде екі айырылып көшіп, ауыл ортасы алыстап кетеді». Енді күз болып, ел қыстауға қонған шақта Бекей ауылына ат басын тіреген Абайға Әйгерім: «Мен екіқабат болып қалдым, бұрын күйеуі қалыңдық ойнамаған қыздың оң жақта отырып, екіқабат болғаны қандай масқара. Менен сорлы жан бар ма, құр жылаудан басқа дәрменім жоқ» дейді. Абай мұны естігенде жаны қатты түшіркенеді. Абай ол ауылдан ерте аттанып, бес шақырым жердегі Мұсаның ауылына келеді. ...Сол күні Абай Мұсаның үйіне қонып, Бекейдің қызын шақыртып алып, киіндіріп, Мұсаның әйелін қасына ертіп, ауылына қайтады. ... Келер жаз шыққанда Әйгерім ұл табады. Атын Тұрағұл қояды».

Қорыта айтқанда, 1874 жылдың көлемінде Абай өз басынан алып-ұшқан ғашықтықты, оған қоса, «Тағдыр Тоғжанды қоспады, енді Әйгерімнен айырылып қалмасам екен» деген зор күйзелісті кешкеніне көз жеткіземіз. «Көзімнің қарасы» мен алдыңғы «Қақтаған ақ күмістей...» өлеңі сарындас, мерзімдес болуы содан.

Қазіргі таңда ғашықтық жырлар тарыдай шашыраған (1884, 1888 және 1891 жылғы деп). Бұл жағдайда «Абай кімге шығарған екен» деген сұрақ көлденеңдеп шыға бермегі сөзсіз. Демек, әр жаңа буын ұрпақ бекерге бас қатыратын болады.

Енді бір жайт айтылмай қалып барады. Мұхаң жазады: «Абай – жас жігіт кезінде өз басынан махаббаттың көп романдарын кешірген адам. Сонда әсіресе жақсы көрген әйелдері тоғай бойындағы Нұреке дегеннің қызы Салтанат болады. Сыбан ішінде сондайлық жақсы көріскен әйелі Сабырбай ақынның қызы Қуандық» (20-томдық шығ. жинағы. 18-том. – Алматы, 1985. – 79 бет). Бұлардан бөлек, керейден Сағындықтың қызы, тобықты-мырзадан Таза деген бойжеткен, сондай-ақ, мұрын Тананың қызы Тұржан сұлумен таныс-біліс болып, олармен айтыс, сұхбат құрып, хат, өлең жазысқаны жайлы әңгімелер сақталған.

Мына жайтқа көңіл бөлейік: «жақсы көрген» дейтін ел сөзінің күллісі 1878 жылға дейінгі Абай өміріне қатысты аңыз-әңгімелер. Махаббат хикаялары, аталған арулардың ақынға әсері болмаған деуден аулақпын. Бірақ шын ғашықтық жөні бөлек. Бір мысал. 1878 жылы жазда Абай 12 ауыр іспен айыпталды. Семейде күнде тергеу. Үйқамақ. Тор көзді абақты, түсі суық сот. Жалған жаладан жаны түршіккен, қиналған болыс Абай (бұл халіне кейіннен табылған «Жаңа закон» өлеңі күн мен айдай айғақ). Сонда Салтанат деген оқыған қыз көмек қолын созған, қалай құтылуды бірге ойластырған ғой. Бірақ екеуі ғашық болды ма? Солай шығар деп, ел аузын күзетсек, шындық ауылынан шығандап кетпекпіз. Неге? Өйткені 1884 жылға шекті созылған тергеу барысы Абайды құрыштай шыңдады. Басқа Абай, ұлт қамқоры һәм ойшыл Абай дүниеге келді. Қайдағы ғашықтық! 33 жастан беріде Мұхаң айтқан «роман» да Абайға жат болған. Себебі «Алыстап кетті-ау құрғырлар» демекші, қайғысыз, ойсыз күндер жылма-жыл шегіне берді. Үш жылғы поэзиясы (1884–1886 жж.) куә, мыңмен жалғыз алысты. Шыны, рухани тұрғыдан қартайды: қажыды, торықты. Жеке басының емес, қалың елі, қазағының қамын ойлады. Өйткені гений болды!

Сонымен, қорыта келгенде, тексерілген үш туынды («Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Көзімнің қарасы») бір цикл, себебі автобиографиялық сыр ортақ. Яғни оларға қос ғашығы – Тоғжан мен Әйгерімге деген сезімі себепкер екендігі анықталып отыр.

Асан Омаров

абайтанушы

Тегтер: