Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 20 Наурыз 2025

Көрініп тұрған нәрсені жасырып-жабудың қажеті жоқ

Амангелді Құрмет
Фото: ашық дереккөз

Менің білуімше, біріншіден, бұл біздің дрон емес. Екіншіден, дрондар құлаған аймақта біздің әскери алаңымыз да жоқ.

 Сондықтан күмән бірден Шығыс Еуропада болып жатқан соғысқа түседі. Кешегі дрондардың фото-бейнесіне қарасақ, «Герань» деген жазуды көресіз. Бұл әйгілі Иранның «Шахед 136» дроны. Оны Ресей «Герань» деген атаумен шығарып жатыр. Сондықтан бірінші кезекте бұл аппаратты Ресейдікі деп санаймын. Екіншіден, дрондардың құлай беруінен бірнеше жағдай қалыптасып жатыр. Әрине, сәл «хайп» жасайтын болсақ арандату деп те бағалауға болады. Бірақ мен мұны техникалық қате деп бағалаймын. Қазір соғысқа байланысты әртүрлі әскери полигондарда заманауи электронды құралдар сынақтан өтіп жатқан болуы мүмкін. Соның ішінде Ресей полигондары да бар. Себебі Украинаның радио электрондық күрес тұрғысынан жетістігі жақсы. Олардың әртүрлі аймақтарға шабуыл жасап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан есі дұрыс қолбасшы оған қарсы жаттығу өткізеді. Осындай жаттығулар кезінде бағытынан жаңылған дрондар жерімізге түсті деп айта аламын. Өйткені екеуі де адам аз, қиыр жерге құлады. Ал классикалық деңгейдегі соғыстағы екі елдің бірі арандататын болса, мұндай дрондарды белгілі бір нысанаға бағыттар еді. Жаңа айтып өткенімдей, бұл дрондар жаттығу кезінде бақылаудан шығып кеткен аппараттар. Иә, мұндай техника бақылаудан шыға берсе оның да қаупі бар. Сондықтан біздің билік алдағы уақытта көрші елден «мыналарыңыз ұят болды» дегендей талап қоятын шығар деген ойдамын.

Алдағы уақытта дипломатиялық каналдар арқылы тиісті нота жіберіп, бірлескен тергеу жұмыстарын талап еткен дұрыс. Бұл оқиғалардың бәрі төтенше жағдай. Сондықтан осындай ТЖ кезінде бірлескен тергеу жүргізу биліктің халық алдындағы есебі үшін маңызды. Екіншіден, мұндай оқиғаның қоғамға қатер төндіретін астары бар. Жұрт ішінде «паника» болуы мүмкін. Сондықтан билік талап етіп, сұрап, табанды әрекетке көшкені дұрыс. Бас жарылып, көз шықпаса да, жай ғана талап етуге тиіс. Егер тиісті органдар ондай талап қойып, мәселенің мәні анықталған болса, онда дер кезінде халықты құлағдар ету керек. Ал тиісті ақпаратпен қамтамасыз етпей жатқаны ақпараттық саясаттың қатесі шығар. Екі ел соғысып жатқанда, оның бірі туралы хабар айтса, екіншісі идеологиялық мақсатына пайдаланып кетеді деп ойлап жатқан болуы да мүмкін. Сондықтан Ресей тарапы да осындай мәнде өтініш айтқан болуы мүмкін. Бірақ ел арасында «паника» болмағаны жөн. Сондықтан құлаған дронның кімдікі екені, қай компания жасайтынын көп адам біледі. Алдыңғы дронды француздың компаниясы жасаған деген сияқты ақпарат таратты. Бірақ француздардың ондай дрон жасамағанын бәрі біледі. Керісінше, ол ресейлік дронға ұқсайды.

Бұл жерде ақпараттық саясаттың дұрыс болғаны не үшін маңызды? Қазақта «өтірікшінің шын сөзі зая» деген сөзі бар. Сондықтан көзге көрініп тұрған нәрсені жасырып-жаппай, барды бар деп айтқан жөн. Мұндай оқиғалардың алдын алып, ескертпесең, ертең тағы бір қаңғыған дрон адам шығынына алып келуі мүмкін. Ал конституцияда адам мемлекеттің ең үлкен қазынасы деп көрсетілген. Сол себепті билік ашық болғаны дұрыс. Ашық болмай, ақпарат жабық болған сайын ертең елге қызмет ететін адам да таппайсыз, билігіңізге сенетін адам да қалмайды. Егер мемлекеттің қазынасы адам дейтін болсақ, билік адаммен санасуы керек. Сондықтан ақпаратты күлбілтелеп, бұлғақтатудың қажеті жоқ.

Жалпы, біздің жерімізге Ресей тарапынан құлап жатқан зымыран, басқа да техникаларға байланысты үн қататын шенеунік жоқ. Баяғыда жерімізге зымыран құлағанда да оны геологиялық, яғни ауа райын зерттейтін зымыран деп қоя салды. Сол кезде де мен оның «Искандер» екенін жаздым. Жарайды баяғы зымырандардың геологиялық зымыран екеніне сене салайық. Алайда бүгінгі екі дронға қатысты біздің жақтың үндемей қойғаны күйдіреді.

Амангелді Құрмет, әскери сарапшы