Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:53, 05 Мамыр 2021

Коронавирус және саясат

None
None

Пәкістан билігі діни, территориялық араздыққа байланысты құдайы көршісі Үндістанның коронавирусқа қарсы вакцинасын алмай, Қытайдыкін салдырған екен.

Енді ел президенті мен премьер-министрінің коронавирус жұқтырғаны мәлім болып отыр. Ресейдің «Спутник V» вакцинасын салдырған Аргентина президентінің де коронавирус жұқтырғаны жария болды. Ыңғайсыз жағдайда қалған ол: «Ресей вакцинасы коронавирустың жеңіл өтуіне көмектесті», – депті. Бұл вирус алып Американың президентін де (Трамп), қара көктің тұқымы Англияның әйел патшасын да, Испан корольдығының ханзадасын да, Құдай сүйіп жаратқан араб шейхтарын да, «территориямызды шегендеп берген» елбасымызды да айналып өтпеді. Көріп отырғанымыздай, тәж тәріздес тажал саясаткерлердің көңіліне, адамдардың салауатына (бай, кедей), саяси мәртебесіне (шенеуніксің бе, бұқарасың ба), діни ұстанымына (мұсылмансың ба, християнсың ба), мемлекеттердің саяси құрылымына (демократиялық, диктатуралық) қарамайды. Бірақ бұл коронавирус саясаттан тыс өмір сүріп жатыр деген сөз емес.

 Әйгілі саяси шолушы Серж Шмеманн «Вируспен күресте демократиядан диктатура тиімді ме?!» деген мақаласында диктатор басшылардың коронавирустың алдын алуды сылтауратып, өздерінің билігін қалай бекемдегенін, ашық ақпаратқа, баспасөзге қалай құрық салғанын дәлел фактімен сөз етеді. Демократиялық деген Израильдың өзінде премер-министр Нетаньяху карантинді алға тартып, соттардың қызметін шектеп, өзіне қарсы қозғалған жемқорлық ісін кейінге шегерген.

Коронавирустың алдын алу шараларының демократиялық, диктатуралық сипат алғаны былай тұрсын, вирусқа қарсы емдік шараның,  вакцинаның саяси бәсекеге айналғанына да куә болдық. Ресейдің сынақтың үшінші сатысынан өтпей жатып өз вакцинасын жаһанға бірінші болып жарнамалағаны белгілі. Коронавирустың әлемнің саяси, экономикалық құрылымына, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына, билік пен халықтың байланысына әсері орасан болды.

Ол жабық режимді мемлекеттер мен ашық елдердің қоғамдық, саяси алаңындағы қызу пікір тартысынан анық көрінді. Қытай сыртқы істер министрі Қытайдың коронавирусты өнімді тежеуін «Ши төрағаның дана басшылығының арқасы» деп сипаттаса, ел ішінде билік әрекетін қатаң сынағандар да болды. «Ашынған халық қорқынышты ұмытты» деп мақала жазған Қытайдың ең беделді оқу орнының профессоры жұмыстан қуылса, «Әбүйірі ашылса да, патша болуды армандайтын міскін» деген жазбасы үшін Қытайдың екінші басшысының досы он сегіз жылдық мерзім арқалады. АҚШ-тың коронавирустан көп шығындалуы Трамптың президент сайлауында жеңілуіне әкеп соқты. Байден оның вируспен күресте дәрменсіздік танытқанын бетіне басумен болды. Коронавирустың өзіміздің де денсаулық жүйеміздің әлеуетін, цифрланған түрімізді, қайғыда да қарпып қалуды ойлайтын жемқорлық індінімізді әшкерелеп бергенін білеміз.

Қорыта айтқанда, ең қорқыныштысы – коронавирустың саясилануы әлемді жайлаған індеттің келу қайнарын нақтылауға, соған сай ем-шарасын табуға, мамыражай өмірге қайта оралуға мүмкіндік бермей тұр.

Тегтер: