«Коррупцияның атасынан» ақыл сұрадық
Медиамагнат Арманжан Байтасов сұхбат алу үшін Қазақстанның бұрынғы көлік және коммуникациялар министрі Серік Бүркітбаевты тауып алыпты.
Бұл Бүркітбаев деген кім десек, ол Қазақстандағы қазіргі аса дамыған жемқорлық схемаларының тұсауын кескендердің бірі еді.
– Бүркітбаев басын сұққан әрбір «тірліктен» үлкен ақша жасап, ақыр аяғы «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келетін «талантты» шенеунік еді баяғыда. Бір жылдары Қазақстан үшін қыруар ақшаға ұшуға жарамайтын «Эйрбас» ұшақтарын сатып алып, ол ұшақтар, сосын, амалсыз «списать етілген». Бірақ кейін жемқорлыққа қатысты тағы бір ұсақ тірліктерімен ұсталып қалып, 2009 жылы алты жылға сотталған. Соттың өзі сол кезде жабық жағдайда өткен-ді. Онда да ебін тауып, түрмеден мерзімінен бұрын шығып алғаны бар. Жә, оны қойшы, өткенді қаузай бермейік. Сол Бүркітбаевтың кешегі берген сұхбатында оның «жасыл» энергетика туралы пікірі мені таңғалдырды. Инженер-физик мамандығы бойынша Мәскеу инженерлік-физикалық институтын бітірген Серігіміз «күн энергетикасы ең лас энергия» деп соғып отыр. Оның айтуынша, күн батареясының пайдалы әсер коэффициенті қабылдап алатын күн энергиясының 20 пайызына дейін көтерілді. Қалған 80 пайызы жылуға кетеді. Күн панелі өндіретін әрбір киловаттан 10 киловатт жылу шығып, ол атмосфераға тарап, атмосфераны жылытып жатыр-мыс. «Күн панелі жердің атмосферасын қыздырып жатыр» дейді, қысқасы. Бұл енді фантастика емей, немене? Бұл кісі Мәскеу инженерлік-физикалық институтын қалай бітірген және Қазақстан үкіметінде жауапты лауазымдарды қалай атқарып келгеніне таңым бар, – дейді журналист Ибраш Нүсіпбаев.