Көршіге қараған күн
Трансшекаралық өзендер
Жер шарының 70 пайызын су алып жатыр. Бірақ адамзаттың 70 пайызы тамшыдан таршылық көруде. Ғалымдар 2025 жылға қарай әлем халқының 80 пайызы таза судан тарығатынын айтып жүр. Оны өзені көп, суы мол Орталық Азия елдерінің өзі сезінуде. Су тіршілік көзі дейміз, бірақ тіршілігімізге қауіп төнгелі қашан? Бұл қатерге ұрынғанымызға жарты ғасырдан асып барады.
Қазақстанда 85 022 өзен бар екен, оның 84 694-і шағын, 305-і орташа, 23-і ірі өзендер. Ал осының көбі және ең үлкендері сыртқы өзендер. Яғни трансшекаралық өзендер. Жеріміз кең деп мақтанғанымыз бос әңгіме, судың көзі, ұлы өзендердің басы көрші елдерде жатыр. Мысалы, Іле мен Ертіс Қытайдан, Сырдария Өзбекстаннан, Талас пен Шу Қырғызстаннан құйылады. Ал Еділ, Жайықтың басы Ресейде жатыр. Тұщы су қоры жағынан көрші мемлекеттерге тәуелдіміз. Тәуелді дегеннен гөрі, кіріптармыз деген дұрыс шығар.
Эколог мамандардың айтуынша, ХХІ ғасырда алтын – ақша болудан, мұнай – байлық болудан қалатын көрінеді, байлық қара суға айналады дейді. Оны қазірдің өзінде көріп, сезініп отырмыз. Әңгіме трансшекаралық өзендер, Қазақстандағы су ресурстары хақында. Әсілі, көшпенді ата-бабаларымыз ұлы өзендердің басын, өзен-көлдердің бойын мекен еткен. Бірақ соңғы ғасырлардағы тарихи жағдайлар мен географиялық бөліністер үлкен өзендердің басын алып қойды. Ертіс пен Іленің басы қазір Қытайға қарайды. Сыр мен Еділ, Жайықтың басында да бұрын қазақтар болған, қазір өзбек пен орыс отыр.
Трансшекаралық өзендер мәселесі бүгін ғана айтылып, қозғалып отырған жоқ. Мына бір қызық деректі қараңыздар! Осыдан 550 жыл бұрын Сырдария, Әмудария, Тигр мен Эфрат сияқты төрт өзенге қатысты су заңы болған екен. Бес жарым ғасыр бұрын! Гидротехник Нариман Қыпшақбаевтан сұхбат алғанбыз. Тарихи құжатты шаң басқан архивтерден осы Қыпшақбаев тауыпты. 550 жыл бұрынғы құжатта көрші мемлекеттер ортақ өзен-суларын қалай пайдаланамыз, қандай тәртібі болуы керек, қалай үнемдейміз, көршілермен қалай бөлісеміз деген сауалдар қамтылған. Мәселен, ортақ өзенді пайдалануда көрші елдер бір-біріне кесірін тигізбеу, қанша көлемде су беріп тұру керек деген келісімдер 200 баптан тұратын құжатта толық қамтылған көрінеді.
Қазір ХХІ ғасыр. Халықаралық заңдар күшіне енген. Бірақ трансшекаралық өзендер мәселесі толық шешімін таппай отыр. Неге? Осы сұрақты біз экс-экология министрі Нариман Қыпшақбаевқа қойдық. Ол: «Біздің мамандар біліксіз. Трансшекаралық өзендер келісімі деген әңгіме көрші үйден бір шелек су сұрау емес. Бұған ең алдымен білім керек. Көршілермен сөйлескенде, өзенде қанша су бар, оның қанша текше метрі Қазақстанға ағып келу керек деген әңгімені батыл, әрі көлденең қоя алуың керек. Содан кейін, мықты дипломатия қажет. Су сұрау – қарыз сұрау емес. Ортақ байлық – бұл. Соны қытайларға, өзбек пен қырғызға, орысқа сөзге келмей, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жеткізудің өзі өнер» дейді.
Қыпшақбаевтың айтуынша, трансшекаралық өзендер келісімінде қытайлармен сөйлесу жеңілдеу көрінеді. Олар заңды сыйлайды, экологияның табиғи жаратылысын бұзуға қарсы. Оған қарағанда Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз бауырларымыз «судың басы бізде» деп кеудесін керетін көрінеді. Олар өзеннің ортақ екенін түсінгілері келмейді дейді. «Судың басында отыру – өзенге өзім ғана қожамын деген ұғымды білдірмейді» дейді қарт гидролог. Қырғыздардың «өзім білемі» онсыз да көрші елдермен қақтығысқа ұласып отыр. Айырқалпақты ағайын «Біз ешкіммен келіспей-ақ, Қамбар ата ГЭС-ін саламыз» деді, тіпті жұмысты бастап кетті. Бұл түптің түбінде Қырғызстан мен Өзбекстан ортасына сызат, Тәжікстан мен Қазақстан арасына көлеңке түсіруі мүмкін. Кеңес одағы кезінде Қазақстан қыс айларында Қырғызстанға көмір беріп тұратын, ал көршілеріміз жазда бізге су береді. Сол дәстүр жоғалды. Көмірге өзіміздің қолымыз жетпей қалды, жатжұрттан келген келімсектер көмірдің күлін шығарды. Қырғыздар қазір жазда суды тосып алады, қыста ағытып жібереді. Соның салдарынан жазда егініміз күйіп, қыста топан судың астында қалып жатқан жоқпыз ба? Бұл мысал өзбектерге де қатысты. Сардоба трагедиясы тікелей алашапанды ағайынның қара суды қорығанынан туған қасірет. Су келісімінің орындалмай отырған нақты мысалдары осылар...
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық.
Ер Махамбет те өзен жағалап, өзегін жалғаған жұрттың тіршілігі су мен жерге байланғанын өлеңмен өріп, сол үшін өмірбойы егеулі найза алып, еңку-еңку жер шалып өтті. Өзенсіз өмір болған емес, әсіресе көшпенді қазақтар үшін тіршілік көзі – қашан да өзен.
Орталық Азия елдері бір қарағанда бейбіт, тыныш, тату-тәтті көрінгенімен, көрші империялар жел беріп, қопаңдатып отыратынын жоққа шығармаймыз. Оның үстіне, геосаясаттанушылардың айтуынша, ХХІ ғасырдың қақтығысы жер үшін немесе мұнай, алтын үшін емес, су үшін таластан тууы мүмкін екен. Ондай жағдайда айналамызда анталап отырған алпауыттардың аузына түсіп кетуіміз әбден мүмкін. Гидрологтардың айтуынша, трансшекаралық өзендер келісімі құжаттағыдай орындалмаса, яғни берілетін су көлемі толық берілмесе, Балқаш көлінің үштен бірі ғана қалады. Ал Орал өзені суалып, Жайық тартылып қалса, Каспий қаталап Арал тағдырын қайталамасына кім кепіл?
1960-70 жылдары жүргізілген зерттеулерден қазірге дейін су қоры 100 мың текше шақырымға дейін сарқылған. Мұның басты себебі көрші елдерден ағып келетін су қорының азаюынан. Әсіресе Қытай Ертіс пен Іленің басын бірнеше жерден буып, Батыс Шыңжаңда туризммен бірге егін шаруашылығын дамытуда. Есесіне, бұл біздің елдегі су қорларын азайтып отыр. Нариман Қыпшақбаев: «Қытаймен ортақ үлкенді-кішілі 24 өзен бар. Әр өзен бойынша келісімдер әртүрлі. Бірақ қытайлар екі ел арасында жасалған келісімдерді орындамайды. Сылтау көп. Өзбекстан да солай. Сырдариядан 16 млрд текше метр су Қазақстанның үлесі болу керек еді. Бірақ ондай су жоқ қазір. Қырғыз Таластың қақ жартысын, Шудың 40 пайызын беріп отыруы керек. Орындамайды олар да. Іле мен Ертіс бойынша қайтадан жаңа келісімдер жасалуда», – дейді.
Қыпшақбаевтың айтуынша, трансшекаралық өзендерден бөлек, Қазақстандағы жер асты суларының проблемасы да шаштан қалың. «Жер асты суы деген су болмайды. Жаратылыс заңы бойынша жер асты суы, жер үсті суы деп бөлінбейді. Екеуі бір өзен: тамыры, тарауы бір арнада. Ертеректе Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Құлжа жолының астынан ұңғыма қазып, жер асты суын тартқызған болатын. Жарты жыл өтпей Есік пен Талғар өзендері тартыла бастады. Қысқасы, сәтсіз жоба болды. Сондықтан ауыл шаруашылық жерлерін жер асты суымен суару керек деген шала-шарпы идеяны ұмыту керек» деп түсіндірді.
Ал ауыл шаруашылық мамандары жер асты суының көмегімен тамшылатып суару арқылы мол өнім алуға болады дегенді үнемі алға тартады, бірақ мұның зияны алған пайдасынан бірнеше есе артық, экологияға да ауыр апат әкеледі екен. Оның үстіне, Қазақстанда суармалы жердің үлесі мол. Тәуелсіздіктің басында елімізде 2 млн 200 мың гектар суармалы жер болған. Қазір 600 мың гектар жер пайдаланылмай бос жатыр. Өйткені су тапшы. Алматы облысында – 600 мың, Түркістан облысында – 400 мың, Қызылордада мен Жамбыл облыстарының әрқайсысында – 250 мың гектардан суармалы жер бар. Мұның бәрін әлдебіреулер айтып жүргендей жер асты суымен суару экологияға да, экономикаға да салмақ. Жер астындағы су қорымыз 12-14 млрд текше метр ғана.
Бұл арада өзен мен үлкен каналдар туралы да айтылуы керек. Бірақ еліміздегі су арналарының 80 пайызы тозған, 18 мың шақырым канал жөндеуді қажет етеді. Сырдың тең жартысы табанына сіңіп кетеді. Оны үкімет басшысы да айтып жүр. Қазақстандағы су тапшылығын шешудің бір жолы Сібір өзендерін Қазақстанға бұру туралы бастама сонау Кеңес одағы кезінде көтерілген болатын. Бұл туралы экс-министрден де сұрадық. Бірақ Қыпшақбаев мұны да сәтсіз жобаға теңеді. «Сібір өзендерін Қазақстанға бұру туралы идея піспеген, шикі жоспар. Өйткені Ресейдің келісіп отырғаны Оба өзені емес, олар өз майымызға өзімізді қуырғалы отыр, яғни Мәскеу бізге Ертісті бұрмақшы. Ертіс Қытайдан бастау алып, Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Обаға құяды. Ертістің бір жылдық қоры 33 млрд текше метр. Мәскеу соның 20 млрдын бермекші. Онсыз да біз Ертістен өз үлесімізді алып отырмыз ғой. Бұл – бір. Екінші шикілігі – Сібір каналы Сырдария мен Шардара су қоймасына жеткізгенше 1 текше метр судың құны 5 доллардан айналады екен. Біз мыңдаған шақырымнан су әкелсек, өзбектер Сырдариядан үлесімізді азайтып тастайды. Біз қазір Сырдан 16 млрд текше метр алып отырмыз. Сібірден су тартсақ, Шардараға құйылатын 12 млрд текше метрден, «Достық» каналындағы 1,3 млрд текше метрден, Шыршық өзеніндегі судан қағылып қаламыз. Біз ешқашан Сырдариядан айырылмауымыз керек. Бұл Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық ұстанымы болуға тиіс. Үшіншіден, біздің Сібір суларын бұру туралы жоспарымыздың бір қанаты – Арқа өңірін мол сумен қамтамасыз ету. Бірақ Ертістің артық суы 3-4 млрд текше метр ғана, онымен Арқаны жарылқай алмаймыз. Ертісті бері бұрсақ, Қытай да қырсығып қалады» деп, Сібір суын бұру жобасының кемшіліктерін тізіп берді.
Мұндай шикі жоба Қытайда да болған. Қытайдың ішкі өлкелері суға бай, солтүстік жағы шөлді, тақыр келеді. Қытайдың су ресурстар министрлігі алдағы 50-60 жылда оңтүстіктен теріскейге су арнасын тарту үшін қазынадан 77 млрд доллар бөлмекші болып жұмыс бастады, осыдан он жыл бұрын алғашқы 10 млрд долларын бөлді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Әрине, бұл Қытайдағы су тапшылығынан туған қадам екені анық. Бірақ Қытай өзендері ішкі өзен саналады, біз Сібірден тартпақпыз. Сібір суларын бұру идеясында орысқа бір, Қытайға екі жалтақтап отыруымыз әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Қытай Ертістен су алуды қарқынды жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, дәл осы қарқынмен жұмыс жасалса, 2050 жылға қарай Қара Ертіс тартылып, Зайсан, Бұқтырма көлдері Аралдың кебін киюі мүмкін. Сондықтан кеш болмай тұрғанда трансшекаралық өзендер келісімін тастай бекітіп, таразыға салып тартып, өз үлесімізді мөрлеп алуымыз керек!