Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 31 Наурыз 2022

«Көсемдердің» тас мүсіндерінен арылатын болдық

None
None

Сақтардың астанасы Шірік-Рабат, 24 тайпа оғыз мекендеген Жанкенттің бүгінгі орны Қазалы ауданы.

Сасқанға пана, қашқанға – қорған, асқанға – тосқан болған жер. Қасиеті мен кепиетін айтпағанда, бергісі – қазақ, арғысы – түркінің тарихындағы орны орасан. Жанқожа мен Ақтан батырдың кіндік қаны тамған мекен.

Тарих бедерінде «Асандар көтерілісі» аталып кеткен 1930 жылғы шаруалар қозғалысы, большевиктер көсемі Лениннің салқын, сасық саясатына қарсылық болғанын көзқарақты, ата-баба дәстүрінен жерінбеген арда ұлдары жақсы біледі. Соны ескеріп, Қазалы ауданының орталық көшесінің бойына сол боздақтардың құрметіне салтанатты ескерткіш, Әлсейіт көпірінің жиегіне үлкен ескерткіш-белгі орнатты. Ауыл азаматтарының Кеңес үкіметінің жүргізген саясатына қарсы оққа ұшқан ерлерге арнап ескерткіш қойғаны қуанарлық жайт.

Бірақ бүгінгі Қазалыда осы арда ұлдарды атып, айдауға жіберген қандықол «көсемдердің» бюстері демалыс саябағында қақшиып әлі тұр. «Тарихыңды білмей – болашағыңды болжай алмайсың» деген, өткен ғасырда партияның ықпалымен «Күн көсем жасасын!» деп, сол кезеңдегі саясатпен орнатқан ескерткіштер Ғани Мұратбаев мұражайының ауласында қаз-қатар тізіліп тұр. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асса да жергілікті билік ескерткіштерді не үшін сақтап келе жатқанын ұқпайтындай көрінді.

 «Біз кешегі қандыбалақ келмеске кеткен Кеңес үкіметі тұсында 70 жылдай бодандықтың қамытын киіп, ғұмыр кештік. Ал өзіміздің сонау бағзы замандардан бергі тарихымыз мыңжылдықтардан асады. Сөйте тұра, Қазалы қаласының қақ төрінде тұрған пролетариат көсемдерінің ескеркіші кімге керек? Неге бюстер сүрілмейді?», – деп ашынады қоғам белсендісі Есет Табынбаев.

Тарихынан ажырамаған азат буын кешегі Кеңес үкіметінің қазақ халқына салған ылаңды, 1921-22 жылғы қолдан жасалынған ашаршылықты, 1931-32 жылғы геноцидті, Әлихан мен Ахметтей 25 мыңға жуық арыстарымыздың басын жұтқан 1937-38 жылғы репрессияны ұмытқан жоқ! Киіз туырлықты Алаш баласына деген қастандық, өшпенділік, түп-тұқиянына дейін құртудың басында Ленин, Сталин секілді қызыл империяның басшылары тұрғаны, солардың пәрменімен саналы, жүйелі түрде қолға алынғанын ешкім жоққа шығармайды. Жалпы, мұндай қазақ халқын жер бетінен жойып жіберу саясаты екі мыңжылдық тарихымызда болған емес.

«Қазақ халқын геноцидке ұшыратқандардың сұлбасы біз туған қасиетті топырақта қаздиып тұруының себебі неде?» деген сұрақтар барша қазалылықтардың көкейінен кетпейді.

«Кеңес үкіметі ешқашан қазақтың көсегесін көгерткен емес. Оның тарих бедерінде де қанға бөктіргені туралы дерек пен дәйектен артық ештеңе жоқ. Сондықтан біздің аруақ қонып, нар шөккен киелі топырақта қанішер қоғамның билікке қарақшылық жолмен келген жендеттерінің бюстерінің тұруына саналы түрде қарсымын!»,  – дейді Есет Табынбаев.

Аталмыш мәселеге Қазалы қаласының әкімшілігі музей жанында орналасқан Кеңес үкіметі кезеңіндегі есепке алынбаған ескерткіштерге орай мәлімдеме берді. Онда «2017 жылдың 2 наурызы күні қала ардагерлері және жергілікті қоғамдастықпен жиналыс өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басқосуда ардагерлердің көпшілік дауысымен ескерткіштерді алып тастауға қарсылық білдіруіне байланысты осы уақытқа дейін оларды алу мүмкін болмады. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша жергілікті қоғамдастық жиынымен қайта жиналыс өткізіліп, талқылаудан өтті. Алдағы уақытта ескерткіштер Ғани Мұратбаев музейінің жанынан алынып тасталады», – деп жауап берді.

Осылайша, соншама жыл мұрты шағылмай тұрған тас мүсіндер қазалылықтардың талабы арқасында киелі топырақтан алыстатылатын болды.

Тегтер: