Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 25 Сәуір 2024

Көш бастаған Қабдеш Жұмаділов

Қабдеш Жұмаділов
Фото: из открытых источников

Аралап көрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар. Бақыт пен сордың арасын, Бөледі қызыл сызықтар. (Қабдеш Жұмаділов)

Желгенде екпіннен жел ессе, аяңы Қазыбектің сөзіндей. Құлағы қамыстай, ерні талыстай. Екі көзі ботаның көзіндей, шекесінің арасы қарыстай. Қабағы бүркіттің қабағындай, шықшыты бураның сағағындай. Белдешесі қанатты, жаясы жалпақ алапты. Бір көргенде үш көрерлік, осындай сұлу жарақты. Артынан ұлы көшті ертіп, көзінен жас, қаламынан қан тамған қанатты қаламгер, азулы ақын, дана, дара һәм дарабоз – Қабдеш Жұмаділов, мың тоғыз жүз отыз алтыншы жылдың, жиырма төртінші Сәуірінде дүние есігін ашты. Кіндігінен қан тамған жері – Қытайдағы Шыңжан ауданы. Осы өңірде жазушы алғашқы қадамын басып, тұңғыш хат танып, көшпенділер мәдениетімен бірге қайнасып, білім төңірегін қаузап, ер жетті.

Қ.Жұмаділов өз еңбектерін екі санатта қарастырған. Алғашқысы азаматтық, кейінгісі шығармашылық. Азаматтық еңбегінің шыңы – мың тоғыз жүз алпыс екінші жылы, оныншы Сәуірден, бірінші Мамыр арасына созылған, Қытайдан, КСРО-ға бағытталған ұлы көш тізгінін өз қолына алу. Бұл көш барысында екі жүз мыңға жуық қандас қазақтар шекара асып, атамекенге оралды. Көштің қамын тереңінен тарқатып айтпақ үшін, Қ.Жұмаділовтың оқу күніне қайту керек.

Мектепті кілең беске тәмәмдаған Қабдеш, Қытай басқармасының шетелге оқуға жіберетін жобасымен жіктелген елу оқушының қатарына кіріп, ҚазМУ-дің (Қазақ Мемлекеттік Университеті. Бүгін ҚазҰУ) филология факультетіне оқуға түседі. Күндердің бір күнінде, студент Қабдешті Мұхтар Әуезов оқуынан бөліп, алып кетеді. Ол екеуі бір сағат бойы Қытайдағы қазақтардың қамы, қал-ахуалы туралы сұхбат құрады. Солайша қазақтың көренкті болған жазушы М.Әуезов, қазақ көрнекті болашақ жазушысы Қ.Жұмаділовпен танысып, қанатының астына алады.

Екінші курстың соңғы шебінде Қабдеш Жұмаділовке Қытайдан «қайт» деген хат келді. Ол мекенде болып жатқан қуғын-сүргіннен хабардар Қабдеш: «Мені арашалап, Қазақстанда алып қалар» деген ниетпен Мұхтар Әуезовке жолығады. Мұқаға Қытайдағы барша мән-жайды айтып, өзінің аман қалуы екіталай екендігі туралы шер тарқатты. Дегенмен екі елдің арасындағы іске араласа алмайтын Мұқа қауқарсыз болып, Қабекені тек қанатты сөзі мен даналығын айтып демей алды.

Қабдеш Жұмаділов оқуын тоқтатып, қайтты... Күткеніндей, Қытайға келген бойда оны қудалап бастайды. Қабекенің көрмегені қалмаған еді. Арқасына арқан байлап, көне шахтаның түбіне түсіріп терлетті. Айлап шомылуға рұқсат бермеді. Ал денелеріне су тиген күні, жұққан кір лай болып ағылатын еді. Темір тордың артына да қамалды. Ақырында өз ауылына жер аудартты. Алайда ауыл күйі қым-қуыт. Кезінде тоқшылықта шалқыған ауылды бүгін аштық жайлады. Адамадар ауыруға шалдығып шет-шетінен қырылып жатты. Оның үстіне Мұхтар Әуезовтың фәниден, бақиға аттанғаны туралы қаралы хабар тым кеш келіп, Қабдеш Жұмаділовтың өзегін өртей түсті. Сонда мық шегедей мығым Қабдеш, Қытайдағы қазақтарды өзінің тарихи отанына қайту туралы Кремльге хат жазуды ұйғарып, жүздеген адамдардың қолын қойып, Хрушев пен Врошиловқа тынбай жіберіп отырды. Ақыры Қабекенің үміті ақталып, Кремльден «хаттарыңды алдық» деген қуанышты хабар жетіп, көш қамдана бастады. Қазақ пен Қабдешке Құдай жақтасса керек-тін, көктем ерте шығып, Сәуірдің басында жер құрғап, жиырма күннің ішінде екі жүз мың қазақ еліне оралды. Бұл еңбегі туралы Қабдеш Жұмаділов: «Уақытым жетіп, ақтық демім шығар кезде де осы азаматтық еңбегімді еске алып, мақтанарым анық» дейді.

Алайда Қ.Жұмаділов елге оралғанымен сынақтар тоқтай қойған жоқ. Ересек ер болған Қабеке, шекара асқанда екі романының материалын арқалап келді. Кейінірек оларды жетілдіріп, басып шығарды. Екі кітапқа аты енген адам «Жазушылар одағының мүшесі» бола алады. Бірақ Қ.Жұмаділовты олар қабылдаған жоқ. Тек үшінші кітабы жарық көрген кезде ғана мүше атанды. Бұдан бөлек Қабекенің оқуы тоқтап, ол оны тек үшінші курстан бастағандықтан өзінен төрт-бес жасқа кіші балалармен оқыды. Олар Қабдешке жоғарыдан қарап, мұртын көкке балап жүретін еді. Алыстан асу асып, өз қазағыма оралдым деген Қ.Жұмаділов үшін бұндай қарым-қатынаспен қақтығысу қиынның-қины болғаны анық. Дегенмен болмысы бекзат тұлғаның сағы сынбай, бұл сынақтан да абыроймен өте білді.

Тарам қиындықтан өткен Қ.Жұмаділовтің өмірінің келесі кезеңі, келесі еңбегі – шығармашылық жолы бастау алды. Жазушы, ақын және баспагер-редактор оннан астам роман, бір өлеңдер жинағын және ондаған әңгіме-повестер жазды. Солардың арасындағы ең танымал әм көрнектілері: «Соңғы көш», «Академиктің көз жасы», «Дарабоз» секілді тарихи романдар. «Соңғы көш» романы жоғарыда айтылған көш туралы болса, «Академиктің көз жасы» романы Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың қиын-қыстау кезеңі мен оның отбасының қалай қуғын-сүргінге ұшырап, репресияға түсіп, атылғаны туралы оқырманға баяндайтын хикая. Бұл оқиғаны автор әсерлі етіп бейнелеп, ұлы академиктің көзінен моншақтап тамған жасты, оқырманның көзіне де үйіреді. Ал «Дарабоз» романы болса Қабанбай батыр тұлғасын ашады. Сондай-ақ Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығын суреттейді. Қ.Жұмаділов бұл романды өз атынан емес, Қабанбай батыр уысынан бейнелеп, оқиға ға ерекше көркем әсер берген. Бұл дегеніміз Қ.Жұмаділов қарапайым жазушы емес, қазақтың мұңына мұңдасып, шаттығына қуана білген тарих жазушысы. Ол – Ілияс Есенберлиннен кейін тарихи романдарды жазу үлгісін қалдырған жан.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», Қабдеш Жұмаділов текті жерден шыққан жан. Оның бабасы Смайл – елді егіншілікке бастаған адам. Күдері би бабасы мешіт салып, елдің басын сәждеге жыққан. Әкесі Жұмаділ мектеп салып, елді білімге жетелеген жан. Ал Қабдеш екі жүз мың қазақты елімен қауыштырып, қалған қазаққа, замандастары мен ұрпағына тарихын танытқан тау тұлға.

Нығмет ТӘЛІМХАН

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ, Журналистика

факультетінің 2 курс

студенті

Жетекші:

Назкен Жансерікқызы