Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:42, 05 Тамыз 2025

Көші-қон қиындықтары

Көші-қон
Фото: ашық дереккөз

Елімізде 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.

 Жауапты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазір онда көзделген шаралардың 83 пайызы орындалған. Нәтижесінде екі жыл ішіндегі көші-қон сальдосы – плюс 26,4 мың адамды құрады. Әрине, әлі атқарылатын шаруа көп, процесті барынша жетілдіру қажеттілігі де бар. Ол туралы шілденің аяғында өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Министрдің сөзінше, соңғы жылдары ішкі еңбек ұтқырлығы жағынан белсенділік өскен. Ерікті қоныс аудару аясында 2022 жылдан бері жұмыс күші басым аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге 28 мыңға жуық адам қоныстандырылыпты. Тұтастай алғанда, қоныс аударатын өңірлердегі теріс көші-қон сальдосының деңгейін 4 есеге, яғни 2019 жылғы 53 мың адамнан 2024 жылы 13 мың адамға дейін төмендеді.

«Қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қабылданған шаралар олардың солтүстік өңірлерден кету деңгейін нөлге дейін төмендетуге ықпал етті. Көші-қон процестерінде қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, көршілес елдердегі тұрақсыздықпен, солтүстік және батыс аймақтардағы трансшекаралық көші-қон қысымымен және Қазақстанды транзиттік аймақ ретінде пайдаланумен байланысты, халықтың солтүстік және шығыс өңірлерінен тұрақты кетуімен, урбанизациядан және мегаполистердің шамадан тыс қоныстануынан туындаған аймақтық демографиялық диспропорциялардың тереңдеуінен, технологиялық, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әлсіз интеграциясымен, мигранттар үшін цифрлық экожүйелердің жеткіліксіз дамуымен және көші-қон ағындарын болжау үшін Big Data мен жасанды интеллекттің пайдаланылмауымен байланысты қиыншылықтар бар.

2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының қазіргі тұжырымдамасы мен цифрлық инфрақұрылым элементтерінің болуына қарамастан, ұлттық деңгейде демографиялық болжау мен көші-қонды басқару тәсілдерін бір уақытта біріктіретін стратегиялық құжат жоқ.

Қазіргі жағдай бақылау деңгейі мен сапасын арттыруды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және толыққанды мониторингті қайта конфигурациялауды талап етеді. Осыған байланысты еңбек министрлігі Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон және демографиялық саясатын дамыту жөніндегі жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуге кірісті», – деді ведомство басшысы.

Осы мәселелерді шешу үшін бірнеше жол қарастырылып жатыр. Мысалы, еңбек көші-қонының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу, білікті кадрларға баса назар аудара отырып, еңбек мигранттарын іріктеудің, тіркеудің және біріктірудің электрондық тетіктерін енгізу, заңсыз жұмыспен қамтуға, көлеңкелі экономикаға және жалған келісімшарттарға бақылауды күшейту сынды шаралар қабылданбақ. Шетелдік жұмысшылардың еңбек жағдайларын қадағалау және құқықтарын қорғау, тапшылығы бар салаларға квоталарды қайта қарау, ұйымдастырылған көші-қон арналарын кеңейту жағы да назарда. Бұл туралы министрлік:

«Стратегиялық бағыттардың бірі – ішкі көші-қонды ынталандыру. Ішкі жұмыс күшінің ұтқырлығын іске асыруды кешенді тәсіл арқылы қайта қарау ұсынылады. Бірінші инфрақұрылым – кейін қоныс аудару, жұмыспен қамту жүйесі арқылы жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандырудың жаңа шараларын әзірлеу, көрсетілетін бейімдеу және интеграциялау қызметтерінің деңгейін одан әрі арттыру және жетілдіру, бұл мәселеге үкіметтік емес ұйымдарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі», – дейді.

Ал этникалық репатриация институтын дамыту контекстінде қандастардың мәртебесіне, тіркеуге және қолдауға, оның ішінде «Қандас» цифрлық платформасы арқылы қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарау жағына мән берілмек. Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандырудың өңірлік бағдарламалары олардың өзгешеліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып әзірленетін болады. Келген этникалық қазақтарды тек демографиялық тапшылығы бар аймақтарға бөлу жоспарлануда. Тағы кері байланыс тетіктерін пайдалана отырып, бейімдеу шараларын одан әрі жетілдіру және интеграцияның табыстылығын бақылау қарастырылған. Шетелдік мекемелер мен «Отандастар» қорының, сондай-ақ түрлі диаспоралардың көмегімен Migration.enbek.kz көші-қон платформасы аясында шетелде тұратын қазақтардың тізілімі әзірленіп, енгізіледі.

Көші-қонды цифрлық басқарудың интеллектуалды экожүйесін құру қажеттілігі де атап өтілді. Яғни көші-қон және демографиялық процестердің цифрлық бақылауын, ашықтығын және болжамдылығын қамтамасыз ету әлі де маңызды. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін ұлттық бірыңғай платформа енгізіледі. Ал көші-қон және демографиялық саясатты сапалы жүзеге асыру, тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін еңбек министрлігі жанынан мамандандырылған даму орталығын құру ұсынылып отыр.

Тұжырымдама аясында демографиялық тұрақтылықты арттыру үшін отбасыларды және балалардың тууын қолдауға бағытталған отбасы саясатын дамыту, ұзақ өмір сүруді қолдау шараларын қайта қарау және егде жастағы адамдарды әлеуметтік-экономикалық өмірге интеграциялау көзделіп отыр. Оған қоса, білім көші-қонын арттыру мақсатында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан студенттердің мүмкіндіктерін теңестіру мәселесі де қаралуда.

Балауса ДІЛДӘБЕК

Тегтер: